– Осы зерттеу барысында мен бүгінде әлем маңызын мойындаған «икемді дағдылардың» («soft skills») адамға қаншалықты керек екеніне көз жеткіздім. Сіз білесіз бе, Сингапурда 18 бен 25 жас аралығындағы азаматтар мемлекет тарапынан дағдыларды жетілдіру бойынша көмек ала алады. Бұл бағдарламаның тиімділігі талай мәрте дәлелденген. Өкінішке қарай, біздің елде әзірге икемді дағдыларды үйрететін, жетілдіретін арнайы мекемелер – жоқтың қасы. Осыны ескере келе биыл Дағдыларды жетілдірудің қазақстандық институтын (Kazakhstan Institute of Skills Development) құрдық, – дейді Қ.Оңғарбаев.Дағдыларды екіге бөліп қарастыратын болсақ, оның бірі – орныққан дағдылар, яғни hard skills адамның белгілі бір кәсіби қызметке қатысты құзыреттіліктерін білдіреді. Оларды өлшеу анағұрлым оңай. Мысалы, бюджет пен смета құрастыру, математикалық формулаларды шешу, статистикалық деректерді жинау, биологиялық тәжірибелер жасау, кеме құрастыру дегендей. Ал soft skills, яғни икемді дағдыларды өлшеу қиындау. Мұндай дағдыларға адамға командада немесе қоршаған ортада дұрыс әлеуметтік қарым-қатынас құруға, өз бойындағы әлеуетті дұрыс жүзеге асыруға, тұлғааралық конфликтілерді шешуге көмектесетін машықтар жатады. Карнеги Мелон қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, ересек адамның кәсіби мансаптағы табыстылығы 85 пайыз жағдайда икемді дағдыларға тәуелді екен. Сондай-ақ LinkedIn компаниясы АҚШ-та жұмыс берушілердің 57 пайызы қызметкерді жұмысқа аларда оның кәсіби дағдыларынан гөрі, икемді дағдыларын көбірек бағалайтынын анықтаған. Олардың көбіне жұмысшының командада тиімді жұмыс істей алуы, шешім қабылдап, проблемаларды шеше алуы, ұйым ішінде және жұмыстан тыс уақытта адамдармен тіл табыса алуы, жоспарлау, ұйымдастыру және приоритеттерді қоя білу қабілеттерінің бар болуы, үнемі ізденісте болуы, жұмысқа қажетті ақпаратты тауып, өңдей алуы маңызды болған. Міне, осының бәрі – икемді дағдылар.
– Біз 10 жасар баладан бастап, ересектерге дейін оқытамыз. Неге 10 жас дегенге келсек. Ғылымда дәл осы жастан бастап адам белгілі бір дағдыны қабылдауға әзір болады деген түсінік бар. Біз мектептермен де, колледж-университеттермен де, сонымен қатар әртүрлі компаниялармен де жұмыс істейміз. Компаниялар бізді өздеріндегі қызметкерлердің икемді дағдыларын жетілдіруге, жаттықтыруға шақырады, – дейді кейіпкеріміз.Қанаттың командасы бүгінге дейін бірнеше отандық компанияның қызметкерлеріне дағдыларды жетілдіру бойынша курстар өткізіпті. Әдетте курс аяқталған соң үш айдан кейін компания басшылығы оларға хабарласып, ұйымдағы оң өзгерістерді айтып, алғысын жаудырып жатады екен.
– Енді бір ұйымдарға біз ұсыныс ретінде қызметкерді жұмысқа аларда шетелдік ірі компаниялардың тәжірибесіндей, soft skills-ті анықтайтын әртүрлі сұрақтар қойып, ситуациялар беру керектігін айтамыз. Мысалы, «Тартылыс заңын алты жасар балаға қалай түсіндірер едіңіз?», «Басшыңыздың пікірімен келіспесеңіз, мұны қалай жеткізесіз?», «Бірнеше дедлайн қатар келгенде, басымдықты қайсысына қояр едіңіз?» деген секілді сұрақтар қою арқылы болашақ қызметкердің біраз дағдыларынан хабардар болуға болады, – деген кеңес айтты сарапшы.Қанаттың сөзінше, балалардың конфликтілерді шеше білуі, шешім қабылдау сияқты дағдылары көбіне ата-аналарының тәжірибесіне қарай қалыптасады. Ал қарым-қатынас және креативтілік дағдыларын жетілдіру үшін үйірмелер мен лагерьдің пайдасы орасан. Сурет салу үйірмесіне барған бала бірден суретші болып кетпеуі мүмкін, бірақ ол үйірмеде мұғалімімен, өзге балалармен араласады, нашар сурет салса, келесіде соны дұрыстауға, яғни проблеманы шешуге үйренеді, елестетіп сурет салу арқылы креативтілігін дамытады. Сондай-ақ маман үстел ойындарының, әсіресе, «Монополияның» балалардың сыни ойлау қабілетін дамытуда пайдасы мол екенін айтады.
Азат ҚАЗАҚ