Кім адаспай жүр?

Кім адаспай жүр?

Әр адамда танкімен айдап, бульдозермен сүйресең де басқысы, барғысы келмейтін бір «қанды жер» бола ма деп ойлаймын. Айталық, менің тұла бойымды тітіркендіретін сондай ортаның бірі – құдалық. Осы «құдалық» деген әу баста «шыдалық» дегеннен шықты дейді білетіндер. Кім айтса да мен осы сөзге тақ тұрамын. Көкемнің көктегірі қарап жүрмей келіншек әкелді де жеңешем мені желкелеп жүріп құдалық тізіміне енгізді. «Үлкен үйдің баласы. Жолы үлкен. Өзі дүрдей жердің білдей қызметкері. Осы құдалыққа қайным бармағанда кім барады?» депті көкеме өзі кесіп-пішіп. Балағыңнан бала саулағыр ақ көңіл жеңешем менің құдалық десе қояншығым ұстап қалатынын қайдан білсін?! Хош, құдалықта отырмыз. Еркектігі енді есіне түскен есер інім қала маңынан қыз таппағандай түкпірдегі бір ауылдан келін әкелгенін көрмеймісіз? Ауылдың мықыр шалы да, тықыр шалы да, бүкірейген кемпірі де, «мынау қайдан келді?» дегендей тікірейген кемпірі де түгі қалмай жиналыпты. Түнеукүні бізге құдалыққа өңшең едіреңдеген еркектер мен кердең­деген келіншектер келіп еді, бұл жолы көз тиеді деді ме екен, дастархан басынан ешқайсысын көре алмай отырмын. Тегі, бұлар бізден емтихан алу үшін жинал­ғандай, еріндерін жымқырып, әлдене сұрауға сақадай-сай дайын тұр. Бірінші сыныптың сарыауыз балапандарындай үстел басында қолымызды айқастырып қойып, тырп етпей отырмыз. Шай келді. Бата жасалды. Таныстыру басталды. – Мынау менің інім – Қитық. Қалалық әкімдікте білдей басшы! Түфу деген түкірігі жерге түспей тұрған еркек!-деп көксоққан көкем маған келгенде бөсіңкіреп кетті. Қалалық әкімдікте шіренген бір шенеуніктің шырылдауық шопыры екенім рас енді. Еркек екеніме де күмән жоқ. Бірақ көкемнің «білдей басшы» дегені басымды жарып тастағаннан артық жаза болды. Не дейін, сойған түлкідей ырсиып, шабатын түйедей тырсиып тұрмын. Құдалар қозғалақтап қалды. Маған «шабуыл» басталатынын сол заматта-ақ ішім сезді. – Иә, құрметті құдалар! Сіздер болса да қаладан келдіңіздер. Боса-болмаса да өркениет те, мәдениет те, ақпарат та шаһарда. Біз мына түкпірдегі ауылда түтін аңдып жүрген тентіреуік шалдармыз. Бізге жаңалық кеш жетеді. Ол құрғырың бізге жеткенше сағымдай құбылып, сабындай бұзылып кетеді. Свежий жаңалық болса, айта отырыңыздар. Мына Титық деген ініңіз жаңалықтың бел ортасында жүр ғой. Көңілі ояу, көзі ашық азамат. Бірер сауал қойсам ба деп едім, – деп тері сіңіп тебенгідей болып қалған қара тақиясын шекесіне таман итеріп қойды. Бір сұмдықтың басталғанын сезіп отырмын. – Ал, Қисеке, айтыңызшы, еліміздің жер көлемі әлемдегі басқа мемлекеттермен салыстырғанда тоғызыншы орын алады. Осы кең-байтақ жерге онсыз да аз қазақ неге сыйыспайды?-деп тікірейе қарағанда көзі өңмеңімнен өтіп кете жаздады. Басшы болмасақ та, қосшы атымыз бар, күнде қасымда отырып алып пәлсапа соғатын дөкейімнен естігендерімді айтып міңгірледім. Бірақ, құда бұл жауабыма қанағаттанбады. Айтпақшы, ұмытып барады екем,бұл сауал бергіштің аты-Ауғанбай екен-ау. Әке-шешесі әлдеқайдан ауып келгенде туған ба, кім білсін, сұрақтары сойқан. -Жарайды, сыйыса алмай жүргеніміз рушылдықтан дейік. Ал, еліміздің Тұңғыш Президентінің қызметін қамтамасыз етуге қазынадан 5,1 миллиард теңге бөлініпті дейді. Бұл көкем кешегі «Қаңтар қасіретінен» соң бой көрсетіп, «мен енді зейнеткермін» деп момақансып отыр еді. Олай болса, зейнеттегі адамға осынша қаржы бөліп не керек? -деп Ауғанбай маған бажырая қарады. Мұртынан күліп, мықтымсынып тұрғанына қарағанда «ә бәлем, қатырдым ба?» деп ұпай жинап тұр. – Бір де ноль! Ал, екінші сұрақ. Отыз жыл бойы 14 облыста қаншама зауыт, кәсіпорын ашылды. Жаңа жыл қарсаңында теледидар алдында тұрып Тұңғышымыз сол зауыттардың тұсауын кеспеуші ме еді? Сіз өмір сүріп жатқан қалада да сол зауыттың бірнешеуі ашылды. Айтыңызшы, соның қаншауы жұмыс істеп тұр? – Қаламызды қара түтін басып қалғанына қарағанда сол зауыттардың барлығы жұмыс істеп тұр,-деп мен төбеден жай түсірдім. – Қаланы ғана емес, сенің санаңды да ыс басып қалған екен,-деп Ауғанбай ырық-ырық етіп көзінен жас аққанша күлді. – Тұңғыштың тентектері қолдарынан келгендіктен қоныштарынан басады екен деп есітіп жатырмыз. Осы Тұңғыштың белгілі інісінің баласы үш адамды өлтірді деген күдікке ілініп жатыр екен. Тағы бір інісі мен келіні былыққа белшеден батқан дей ме? Тұңғыштың кәсіпкер інісі де күмәнді істерге қол сұғыпты. Сол әйелалғыш інісіне ақша жымқыру бабымен іс қозғап, ең бастысы «Қаңтар оқиғасын» ұйымдастыруға қатысы бар-жоғын анықтау үшін ізіне түскен көрінеді. Оның рейдерліктен айналысқанын ел айтып жүр. «КТК» телеарнасының бүкіл акциясын «Тұңғыш президент қоры» сатып алған деседі. Бұдан хабарыңыз бар ма? Япырау, мынау тақымдап қояр емес қой. Мұның барлығы мен жауап беретін сұрақтар емес. Дегенмен, Ауғанбай арындап алған. Әзірге тізгін тартар түрі байқалмайды. Ауылдағылар оның мысынан қорқады ма, әлде өздеріне де осы әңгіме жағып барады ма, тырс етіп сөзін бөлер біреу табылсашы. – Тұңғыш Құдайыңдай сенген Кәрім Мәсімов «Билікті басып алу», «Мемлекетке опасыздық жасау» баптары бойынша күдікке ілігіп, қамауға алынды. Мұндайда қазақ: «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?» дейді. Сенген серкесі неге опасыздық жасаған? – Беріктас деген ауылда Есбол Жапбасовтың жүйрігі бәйгенің алды болып келіп, екі көлік ұтып алады. Оның «Самал» деген жүйрігіне Тұңғыштың інісінің көзі түседі. «Болашақта қиындыққа тап болмау үшін бәйге атыңды інісіне бергенін дұрыс» дейді Талғар ауданының бұрыңғы әкімі. Есбол бұл ұсыныстан бас тартады. Сол үшін оған «контрабандамен айналысқан» деп жала жауып, 14 жылға соттайды. Тағы бір кәсіпкердің табысынан 15 жылдың ішінде 60 миллион тартып алып, айына 200-300 мың доллар пайда көріп отырыпты дейді тағы бір ақпарат. Ол күйеу баласы екеуі жасырын майнинг фирмаларын ашыпты. Байлыққа құныққан қайынаға мен күйеу бала кейбір елді мекендердің жарығын сөндіріп тастап, электр қуатын өз фирмаларының жұмысына жұмсапты. Бұдан білеріңіз бар ма? – Тағы бір бауыры «сақалдылар», «шолақ балақ­тылар» атанған уахаббистік ағыммен байланысқан деседі. Шетелдерде, оффшорлық аймақтарда ашылған бағыт-бағдары күмәнді компанияларды басқарыпты. Тағы бір дерек бойынша, Тұңғыштың бауырлары, қыздары ұшаққа, пойызға сатылған билеттерден де үлес алып отырған. Бұл қалай? – Кең байтақ даламыз бар. Жыл сайын пәленбай тонна бидай аламыз. Нан неге қымбат? Мыңғырған малы бар қазақтың етке неге қолы жетпейді? Алтынның үстінде отырған елміз. Ел неге кедей? Бүтін бір ел бір отбасын асырау үшін ғана отырмыз ба? Бұл сұрақтар алып деген пілдің өзін де сеспей сұлатар еді. Білгішсініп жауап берсем, кім білсін, «үш әріптің» қырағы қырғилары алдарына салып айдап кетсе, құдалар алдында қарабет болып қалмаймын ба? Осыны ойлап, өн бойымды қара тер жуып кетті. Япырай, бүгінде тойға барғаннан тозаққа барған артық екен-ау! Қара терге белшемнен батып, тұңшығуға айналғанда бір бүйірден қиқу салып сары тісті, биқасап шапанының омырауы ашылған, боран алып кетердей құлақшынын баса киген біреу қосылды. Сақалына қарағанда бұл да Ауғанбайдың бел құрдасы. – Шырағым, біздің Конституция көктемнің құбылмалы күніңдей мың құбылып тұратынын білесің. Бірақ бұл жолғысына ішіміз жылып отыр. Тұңғыш туралы жекеменшік Заң күшін жояды дей ме, оны енді сол кісінің музейіне ғана қояды дей ме, әлденені шала-пұла естідік. Ендігі Ата Заңда Тұңғышымыздың Тәуелсіздікке қосқан үлесі ғана жазылады деседі. Меніңше, сол заңға ақыры кісі аты кіреді екен, бағзы замандардағы бабаларды неге қоспаймыз? Қазақтың басын қоса алмай кеттім деп аһ ұрған Абылай ханымыз, бүкіл қазақтың басын қосып, ата жауларын күйрете жеңуге бастамашы болған үш биіміз кімнен кем? «Жеті Жарғыны» өмірге әкелген Әз Тәуке қайда қалады? Құлақшындының сұрағы қырық атанға жүк боларлық зілбатпан. Бұдан қалай құтыламын? Шай шіркінді ішсең, көңілін жай ғой. Сынып бара жатқан басың со замат басылады, шөлің қанады. Осы шайдың тағы бір пайдасы бар екен. Шайды шамадан тыс көбірек ішіп қойғанымды сылтау етіп, сытылып сыртқа шықтым. Көлігімді жөндеп жүргізе алмай жүріп саясат менің немді алған? Бұл өзі саясат деген барып тұрған машақат екен-ау! Қой, жауап беріп жауапты болғанша, жауап бермей сауатсыз-ақ болайын! Оқшау тұрған көлігімді зыр еткізіп оталдырдым да тартып кеттім. Бағытым белгісіз. Сірә, адастым-ау деймін. Бірақ, мына заманда кімдер адаспай жүр?..

Сабырбек ОЛЖАБАЙ