Хош бол!

Хош бол!

Су жүрекпін. Менде жүрек жоқ, әшейін жарты кило ет. Купеде отырмын, Шымкентімнен Астанаға қарай бара жатырмын, шалбарымның қалтасында екі жүз мың теңге бар. Екі жүз миллиард теңгем бардай, сырты­нан сипалап қоямын. Әйелім айтқан: «Пойызда ыш­пана­лар көп, қолыңды шалбарыңның қалтасынан шығар­май жүр!» – деген. Содан, қолымды шалбарым­ның қалтасына салып, қышыған санымды қалтамның ішінен қаси қойып, тамбурға шықтым. Пойыз жүйіткіп келеді, жазық далаға, қараңғы түнекке көз лақтырып тұрғанмын, біреу иығымнан ұстады. «Бітті! Хош бол, қатын! Қазір ақшамды алып, тамбурдың есігінен далаға лақтырып жібереді!» – деп ойладым ішімнен. Бұрылып қарап едім, бір денелі жігіт: – Кешіріңіз, сіз Александр Сергеевич емессіз бе? – деп сұрады. – Ол кім? Министр ме? – дедім мен. – А.С.Пушкин емессіз бе? – Жоқ, А.Б.Шыңғырғанұлымын! – Орыс ақыны, марқұм Пушкиннен аумайды екенсіз. Шашыңыз бұйра-бұйра. Айтпақшы, өзіміздің бұрынғы мәдениет министрін білесіз ғой? –дегені сол, арғы вагоннан еңгезердей, қара плащ киген, қара күнқағар таққан екі жігіт келе жатты. «Бітті! Хош бол, қатын! Мыналар мені тонап, өлтіре салады! Пойызда небір оқиғалар болып тұрады!» –деп ойлап, шалт бұрылдым да, екі қолымды қалтаммнан шығармастан, қаша жөнелдім! Қолымды қалтамнан шығарсам, ақшамды тартып алатындай, безіп келемін, аналар да қуа жөнелгенін сезіп келемін. Бір әйел еңкейіп туфлиін сүртіп жатыр екен, оның үстінен аттай қашып, жол серік келіншекті еріксіз құшақтай, бетінен шөп еткізе сүйіп, (ренжімесін дегенім ғой.) келесі вагонға өттім. Қара плащтылардан бұрын жаңағы Пушкинді сұраған жігіт қуып жетті. – Сіз атақты әнші Айқайбек Шыңғырғанұлы емессіз бе? – деп сұрады жағаласып келе жатып. – Жоқ, ол А. Н. Шыңғырғанұлы, мен А.Б. Шыңғыр­ғанұлы­мын! – дедім мен келесі вагонның есігін ашып жатып. – Білесіз ғой, бұрынғы мәдениет министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы тергеліп жатыр. Өнер қайрат­керлері, атақты әртістер, ақындар бас прокуратураға, жоғарғы сотқа хат жолдап, тергеуге наразылық танытып, қол қойып жатыр. – Оның маған қандай қатысы бар? Кетіңізші, ары! – Маған тапсырма беріп еді, мына қағазға қол қоя салыңызшы? Тоқтай қалып, бетіне бедірейіп қарап тұр едім, жаңағы екі жігіт ентелеп келеді екен. Қолдарында бір-бірден тапанша! Бітті! Хош бол қатын! Ах, жалған дүние! Вагоннан –вагонға қашып келемін. Қолдарым шалбарымның қалтасында! Екі жүз мыңды томпиып кетпесінші деп екі бөліп салған едім. Қаздаңдап, ыңғай­сыз қашып келемін! «Бұл қай вагон?» – деп сұрадым бір әйелден. «Менің вагоным». «Қырсық қатын, полиция қай вагонда?». «Мен қатын емеспін, қырық бестегі қызбын!» – деген оның да бетінен бір сүйіп алып, ары қаштым. Келесі вагонда, жаңағы жігіт қуып жетті. – Кешіріңіз, қол қоясыз ба? Атыңыз бар адамсыз! –деді ол жағаласып келе жатып. Екеуміз дәретхана тұсында кептеліп қалып, бір кісіні қыштап кетсе керек, бұтымның арасынан өтіп кетті. – Қол қоймаймын! Мен атақты әнші емеспін! – Жоқ, алдап келесіз, сіз А.Б. Шыңғырғанұлысыз! Министрге жаныңыз ашысын, оның министр кезінде туыстарын беделді мекемелер бастығы етіп қойғаны болмаса, жақсы кісі, сәл-пәл қырнап жесе жеген шығар, қол қойыңызшы? – Сот болмай жатып, наразылық ұйымдастыруға қандай құқыларыңыз бар? – дедім мен. – Мұхамедиұлы үнемі тауға шығып, бұлақтар көрсе, көзін ашатын, жастарға «ой, айналайын!»–деп, қамқорлық танытатын... – деді ол. Бір қарасам... Мәссаған! Келесі вокзалға жақындап, пойыз жүрісі баяулағанда, соңғы вагонның соңғы есігін ашып жіберіп, рельстің ортасымен зымырап келеді екенмін! Анау қол бұлғап қояды. Бір кезде, оның артынан жеткен екі бандит те секіріп түсті. Бітті! Хош бол, қатын! Сөйтсеем, құдайым-ау, «Кредиттен қашқан қазақ» атты кино түсіріп жүргендер болып шықты! Менің түрім эпизодқа түсуге лайықты екен! Қорыққанымның арты қуаныш болды! Кенеттен түскен керемет рөлім үшін 500 мың теңге берді ғой! Шалбарымның артқы қалталарына салып қойып, екі қолымды жамбас қалталарыма тығып жіберіп, әндетіп келемін. Ал, атақты адам болғанымда ғой, мәдениет министрі Мұхамедиұлын жақтап, өліп кетсем де, қол қоймас едім!

Жатыпатар ЖАНЫС