Құдалыққа қор болды…
Құдалыққа қор болды…
528
оқылды
Қазекем құдалығын өткізбесе, екі көзі төрт болады, іші әлем-жәлем, өрт болады. Бір күні Самал Беркінбаева күйеуі Жандос Беркінбаевтың алқымынан алды. – Еркек емессің! – деді ол күйіп кетіп. – Ойбай? – Сол, еркек емессің! – Еркек қандай болады? Үш бұрышты ма? Әйелі құйып отырған шайын төгіп ала жаздады. Негізі, бірдеңе айта алмай отыр. Айтайын десе, күйеуінің де ашуы айғырдай, кісінеп шыға келеді. Айтпаса ма екен? Айтпай–ақ қоя салады ма? Осы ойлар миын ашытып жіберсе керек, бір кезде әйелі: – Баламыз үйленді, енді құдалығын қашан өткіземіз? – деп салды. – Ее, «еркек емессің!» деп нені меңзеп отырғаныңды түсіндім. Негізі, менде керемет идея бар. – Ол қандай идея, ирелеңдеп жатқан? –деп әйелі елең ете түсті. Жаңағы сұрланған жүзі жылып сала берді, ашуы аспанға бу болып ұшып кеткендей ме? Шынында, жұрттан ұят болды, бір жылдан асып барады, келіні ұл босанып, немерелі болды, ал, құдаларға үй көрсетіп, қазақтың жоралғысын жасайтын кез келді ғой! – Білегімді неге сипалап отырсың? – деп сұрады күйеуі. – Керемет идеясын айтар ма деп... – Сипалама, идеяма көз тиіп, кері кетіп қалады. – Ойбай, ал, сипаламаймын! Айтшы, енді? – деп қиылды әйелі. – Айтсам, таң қаласың. Құшақтап, бас саласың! – Салмақты болып отырамын. – Ия, келіннен ұят болады, ары отыршы, жабыса бермей. – Айтсаңшы енді? – Айтсам былай, «кәсіпкерлікті дамытамыз» деп мемлекеттен грантпен ақша аламыз. Араға түсетін танысым да бар. Ақшаны аламыз да, әрі құдалық өткіземіз, әрі азын-аулақ несиемізді жабамыз! –Басыңнан айналдым, басыңнан, басыңдағы үш-төрт тал шашыңнан айналдым! – деген әйелі күйеуінің басын қос қолымен ұстай алып, маңдайынан шөп-шөп сүйді. Қарадай қысылған күйеуі оның кеудесінен итеріп жатты. – Қой деймін, келін тілін шығарып, мазақтап тұр! Енесі есін жиып, келініне: – «Концерт аяқталды, бар, палау пісіре бер!» – деп жұмсап жіберді. Сөйтіп, екеуі «кәсіпкерлікті дамыта» салғысы келіп, мемлекеттен 1 миллион 225 мың теңгені алып тынды. Ерлі-зайыптылар кәсіпкерлікті дамытуға құлықтары болмай, құдаларын шақырды. Кафеде кең дастархан жайылып, парыздарынан, несие деген қарыздарынан құтылғандарына мәз болды. Бірақ, судың да сұрауы , құлағынан бұрауы, шым–шытырық шылауы бар емес пе? Күндердің күнінде шымкенттік кәсіпкердің алаяқтық әрекеті еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау басқармасының бас мамандары құлағына жетіп, Самал мен Жандостың жегендері желім, ішкендері быламық болды. – Енді қайттік? – деді әйелі. – Сен ғой, қоштай кеткен! «Болмайды, масқара боламыз!» десең қайтеді? «Ойбай, басың керемет істейді!» – деп сүйе бергенше, тоқтау салмадың ба? – Үйбааай, өзің емес пе, идеям ирелеңдеп жатыр деген! – Сол ирелеңдеген идея жыландай ысыл­дап, өзімізді шағайын деп жатыр! – Масқара болдық! – Басың бас емес, әшейін шаш! Әйелдің шашы да, ақылы да қысқа! Олар қаншама ұрысқанымен, болар іс болды. Еңіреп отырып, жұмсаған қаржыны мемлекетке қайтарды. Айып пұлы тағы бар... Мұндай қулыққа, пысықайлыққа жалғыз Жандос қана барды деп ойласаңыз, шұңқырға түсіп кетесіз. Шымкенттегі 23 кәсіпкер «кә­сіп­керлікке жұмсаймын!» – деп алдап, мемле­кет қаржатын басқа мақсаттарға жұмсап жіберген ғой. Осындайда: «Не шықса да, Шым­кенттен шығады!» – деген сиықсыз сөз еске түсе кетеді де...

Марал ЛАРА