Кәсіпкерлер көп жылдар бойы кірмежолдарға вагон жіберу тарифінің тым жоғары екенін айтып, талай рет арызданған. Бірақ құзырлы органдардың, монополист мекемелердің артында тұрған «кесек тұлғаларға» құзыреті жүрмеді ме әлде басқадай себебі болды ма, әйтеуір жүк жөнелтушілердің сынынан ешқандай нәтиже шыға қоймаған. Үкімет бұл мәселені шешуге тек Қаңтар оқиғасынан кейін ғана шындап кірісе бастады.Үкіметтің пәрмені күштіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен кездесуінде нарықтық экономиканың базалық принциптеріне қайшы келетін жасанды монополияны қатты сынаған. Сонда корпоративтік жемқорлық пен жосықсыз бәсекелестіктің кәсіпкерлер иығына батпандай салмақ түсіретінін және ел ішінде бағаның өсуі мен инфляцияның артуына әсер ететінін айтқан еді.
«Теміржол желісінде соңғы шақырымдар деп аталатын кірме жолдардың мәселесі жеке талқылауды талап етеді. Біз бұл жағдайды талай рет шешпек болғанбыз, бірақ әркез әлдекімдердің жеке мүддесі үстем болып шығады. Үкімет пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл мәселені түбегейлі шешуі тиіс» деген еді Президент.
Осыған орай, Қ.Тоқаев жауапты органдарға экономиканы монополиясыздандыру туралы тапсырмасы берді. Оның ішінде теміржол нысандары мен ұйымдарының жекешелендірілуіне, жеке операторлардың құрылуына қатысты тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, бірқатар коммуникациялық, инфрақұрылымдық және өндірістік компаниялар мемлекеттің қарамағына көшті.
«Мемлекет меншігіне қайтарылатын компаниялар теміржол инфрақұрылымының ішіне делдалдардың кіріп кетуіне жол бермейді және бизнестің аталған қызметке төлейтін ақысын азайтады», – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысында.
Тексеріс нәтижесі бойынша, 120 субъектінің, оның ішінде еліміздегі ең ірі кірмежол тармақтарының иесі «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның тарифтері төмендетілді. Бұдан кейін Үкімет іле-шала бұл саланы толықтай монополиясыздандыру туралы шешім шығарды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов осы іс-шаралардың арқасында мемлекетке жалпы құны 57 млрд теңге болатын 600-ден астам кірмежолдар қайтарылғанын жеткізді.
Соңғы шақырымдарды мемлекет меншігіне қайтарудың шығынды өтеп алуға қатысты тікелей пайдасынан басқа әлеуметтік-экономикалық әсері де зор. Мәселен, теміржол тасымалдаушылардың тарифі 2200 теңгеден 147 теңгеге дейін 14 есе кемітілді. Қылмыстық схемалардың артында тұрған ықпалды адамдар тарифті әлденеше есе көтеру арқылы заңсыз тапқан табыстарын шетел асыратын болған», – деді Олжас Бектенов.
Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік, «соңғы шақырым» деп жекелеген кәсіпорындарға, ұйымдарға, мекемелерге қызмет көрсетуге арналған кірмежолдарды айтады. Ол жалпы теміржол желісіне жанама тармақтар арқылы жалғанады.
О.Бектеновтың айтуынша, жеке тұлғалардың қолына көп мөлшерде экономикалық ресурстардың шоғырлануы және оларды мемлекет меншігіне қайтару мәселесі Президенттің бақылауына ерекше алынған. Соның арқасында жекенің еншісіне заңсыз тиген 430 млрд теңгенің активі мемлекетке қайтарылған.
Соңғы шақырымдардың тарифі кейде жүкті басқа өңірлерден жеткізу шығынынан әлденеше есе асып кеткен. Тіпті, кейбір компаниялар кірмежолдарды ұстап отырған монополистерге жылына 100 млн теңгеге дейін ақы төлеуге мәжбүр болған. Егер әр кірмежолдың үстінде бірнеше кәсіпорын орналасқанын ескерсек, монополист мекеме әр кірмежолдан жылына әлденеше миллиардтаған ақша «сауып» тұрған. Мәселен, Алматыдағы «Өндірістік» учаскесінде мыңдаған вагондарды жөнелтіп-қабылдап отырған 38 зауыт бар. Монополист осы учаскеден бір жылда 3 млрд теңге жинайды. Ал бүкіл республика бойынша есептесек, өндірісшілердің олигархтарға жыл сайын төлейтін ақысы жүздеген миллиардтан асып кететіні сөзсіз. Монополистердің асқақтап кеткені соншалық, тіпті кей жағдайда кірмежолға вагон беру құны жүкті мың шақырымнан алып келген бағадан да асып кетеді. Бұл енді көпқабатты үйде пәтеріңнің алдынан шлагбауым қойып, одан әрі-бері өткендерден ақша талап еткенмен бірдей. Біздегі бизнестің жағдайы осы.
Кәсіпкерлер кірмежолға кіріптар болған
Экономист Мақсат Сералы кірмежолдардың мемлекет меншігіне берілуін жақсылыққа балайды. Оның отандық бизнес үшін де, жалпы ел экономикасы үшін де жағымды жақтары көп екенін айтады.
«Тауардың өзіндік құнына әсер ететін бірнеше фактор бар, соның бірі – тасымал бағасы. Ал енді кірмежолдар жеке операторлардың қоластына болғандықтан тасымал тарифін қанша есе өсіріп қоямын десе де өздері біледі. Кәсіпкерлердің оған көнбеске шарасы жоқ, өйткені олар өнімін тасымалдау үшін кірмежол иелеріне тәуелді. Нәтижесінде, жүк тасымалдаушы жоғарғы тарифтің бір бөлігін тауар құнына қосады, сөйтіп бұл тауардың қымбаттауына соқтырады. Ал кірмежолдар мемлекет меншігіне берілген кезде орташаланған бірыңғай тариф бекітіледі және ол монополист белгілеген бағадан әлдеқайда төмен болады», – дейді экономист.
Мақсат Сералының пікірінше, бұл тасымалданатын жүктің есебін жүргізу үшін де қолайлы. Өйткені бізде ішкі-сыртқы тасымалға қатысты құзырлы органдар жүргізген есеп бір бөлек, бизнестің есебі бір бөлек, тәуелсіз сарапшылардың есебі бір бөлек. Бір сөзбен айтқанда, былық. Сондықтан кірмежолдардың мемлекет меншігіне өтуі арқылы есептілікті де бір жүйеге келтіру мүмкіндігі бар.
«Көліктік сервис орталығы» АҚ кірмежолдарды жекешелендіріп алғаннан кейін, отандық зауыттарға вагон беру тарифін орташа алғанда 4 есе өсірген, тіпті 118 есе қымбаттатқан кездері де болды. Кәсіпкерлер өз учаскелеріне төселген тармақтарды өздері-ақ сатып алар еді, бірақ оған мүмкіндік берілмеді. Сөйте тұра, көлденеңнен келген көк аттының зауыт-фабрикаларды айналып өтіп, кірмежолдарды өздері қалай жекешелендіріп алғандары түсініксіз. Ал осыдан кейін жүк жөнелтушілер көтеріңкі тарифпен келіспейтін болса, монополист теміржол тармағын жауып тастап, кәсіпорынның өнімін өткізуге, сырттан құрал-жабдықтар мен шикізат әкелуге тосқауыл қоя салады. Ол аз десеңіз, «Көліктік сервис орталығы» АҚ жол жабылған уақытты «табыстан қағылған кезең» ретінде бағалап, бірнеше зауытқа 80 млн теңгеден айыппұл да салған.
Міне, осындай кесапаттан арылу үшін Үкіметтің 20 сәуірдегі қаулысына сәйкес «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның 100 пайыз акциясы мемлекет меншігіне өтті. Бірақ дәл соның алдында ғана «Қазақстан темір жолы» Ұлттық Компаниясы» АҚ 6 жалғаушы теміржол тармағын «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ға беріп жіберген. Ал ол өз кезегінде тарифті көтеріп, оған жылжымалы құрамды жіберуді шектеген.
«Көліктік сервис орталығы» АҚ өзіне тиесілі тармақтарды пайдалануға тек санаулы операторларға ғана рұқсат еткен. Соның бірі – KazJolTrаns ЖШС. Монополист мекеме серіктестіктің мүддесі үшін осы кірмежолға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен Қостанай облысындағы басқа да 45 бизнес субъектісі вагондарының кіріп-шығуына тосқауыл қойған» делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Осыған байланысты монополияға қарсы орган KazJolTrаns ЖШС мен ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-на ескерту жасап, «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның жұмысына тексеру ұйымдастырған болатын. «Темір Триумф» ЖШС-на тиесілі соңғысының 100 пайыз акциясын мемлекет меншігіне беру мәселесі осыдан кейін біржола шешілген. Өйткені республикадағы ең ірі кірмежол иесінің соңғы шақырымдарды бауырына қалай басып қалғандығына күдік көп. Мәселен, «Көліктік сервис орталығы» АҚ құрылған 2015 жылы 318 кірмежолды бар болғаны 1,7 млрд теңге сатып алған. Ал одан беріде бүгінге дейін барлығы 705 тармақты өзіне қаратып үлгерген. Сарапшылардың айтуынша, олардың көпшілігі рейдерлік жолмен, әділетсіз сот шешімдерімен келген, кейде тіпті мүліктің заңды иесінің келісімінсіз өз атына жаздырып алған. Осыған қарағанда жекеменшікке заңсыз өтіп еткен әлі қаншама кірмежолды мемлекетке қайтару үшін талай-талай сот тартыстары болатыны сөзсіз.