Шарасыздық па, санасыздық па?
Шарасыздық па, санасыздық па?
© коллаж: Әсел Балтақызы
868
оқылды
Жуырда қоғам белсендісі Ақмарал Басирова Алма­тыдағы Сайран көліне балаларын батырып өлтірмек болған әйел туралы пост жазған болатын. Басированың айтуынша, әйел бұл әрекетке күйеуін жұмыстағы әріп­тестерінен қызған­ғандықтан барған. Сол себепті өшін балалардан алмақ бо­лыпты. Келіншектің жүкті екені анықталған, одан бөлек, үш баласы бар. Үлкендері үш және төрт жаста, кішісі бір жастан енді ғана асқан. Суға тұншығып жатқан балаларды сол маң­дағы құтқарушылар уақытылы байқап, құтқарып қалған. Осыған ұқсас оқиға былтыр да жұрттың жағасын ұстатқаны есі­мізде. Бірақ ол кезде балаларымен бірге көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен келіншекті ешкім құтқарып үлгермеген: әйел де, балапандар да бақилық болды. Ананың балаға деген махабба­ты – табиғаттан даритын, барлық тіршілік иесіне тән сөзсіз, шартсыз сезім деп саналатындықтан, сол инстинктіні терістейтін мұндай құбылыстар санамызға сыймай­тыны рас. Суицидолог-психолог Татьяна Браун мұндай әрекетке себеп болуы мүмкін бірнеше фак­торды тізіп берді.
– Ол себептердің қатарына ана мен бала арасындағы күйеудің/әкенің назары үшін күресті жат­қызуға болады. Я болмаса, ана рөліне дайын болмау да проблема туғызуы мүмкін. Мұндай жағдай көбіне жүктілік әйелдің қалауын­сыз аяқ астынан болғанда немесе бала күйеуді жанында ұстау құра­лы ретінде ғана керек болғанда кез­деседі. Ондай аналарға бала оның жоспарларына не дамуына кедергі келтіретіндей көрінеді де тұрады, сол себепті ашу-ызасы уақыт өткен сайын арта береді, – дейді маман.
Сондай-ақ оның пікірінше, босанғаннан кейінгі депрессияны да жоғарыдағыдай оқиғаларға соқтыратын фактор ретінде қарас­тыруға болады.
– Бір аналарда босанғаннан кейінгі күйзеліс екі аптаға, енді бірінде бір жылға созылады. Ста­тистика бойынша, тым ұзаққа жал­ғасатын депрессиямен босан­ған әйелдердің 15-20 пайызы ұшы­расады. Күйзелістің пайда болуына жүктілік кезіндегі стресс, ауыр өткен босану процесі, гормондық өзгерістер, генетикалық бейімдік не­месе жүйке жүйесінің ерекше­ліктері әсер етеді. Күйзелістегі әйел ананың негізгі функцияларын орындай алғанымен, балаға мейі­рім, жылу беруге қабілетсіз бола­ды, – дейді суицидолог-психолог.
Ал кейде баланың әкесіне деген жеккөрушілік сезім де ананың өз сәбиіне мейірімі оянбауына ықпал ететін көрінеді.
– Баланың мінезі, түр-келбеті әкесіне тартып тұрса, кейбір аналар отбасынан кетіп қалған немесе опасыздық жасаған күйеуіне деген бүкіл жеккөрушілік сезімін сәбиге бағыттайды, – дейді Татьяна Браун.
Әйелдердің шарасыз әрекет­терге баруының енді бір себебін еліміздегі отбасылық институттың дұрыс жұмыс істемей жатқанынан іздеуге болатын сияқты. 2014 жылы құрылып, бүгінде өңір-өңірлерде 13 мыңдай мүшесі бар «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нәзипа Шанайдың ойынша, бүгінгі қоғамда сыр бө­лісіп, сенім артар, арқа сүйер жа­қынның рөлі кім-кімге де жетіс­пей тұр.
– Қазір әйелдерде коммуни­кация аз. Біздің қазақта оны «аға­йынгершілік» деп атайды. Бұрын қалай еді – қайынсіңлі мен жеңге өзара сырлас болатын, қыз анасы­мен, әжесімен жақын болып, со­лардың ақылын, тәжірибесін тыңдап өсетін. Өкінішке қарай, бұл уақытта туыстар арасында ондай жылы қарым-қатынасты табу қиын­дау. Есесіне әйелдер психо­логқа барады, иә, бір тұрғыдан бұл да дұрыс шығар. Бірақ психология да дін сияқты, әр елдің дәстүріне, қоғамына икемделуі керек. Сырт­тан алынған психологиялық ілім тұрмыс салтымызға сай болма­ған­дықтан да жемісін бермей жата­ды, – дейді Нәзипа Шанай.
Қуантарлығы, соңғы жылдары елімізде әйелдердің дамуына мүмкіндік беретін, қиын жағдайға түскенде тегін көмек көрсететін ұйымдар көптеп ашылуда. Мы­салы, 2019 жылдан бері респуб­ликамыздың ірі қалаларында жұ­мыс істеп келе жатқан «Бақытты отбасы» ресурстық орталығы кез келген әйелдерге, балаларға, тіпті ер адамдарға да мамандық игеру, кәсіп ашу, грант алу сияқты игі­ліктерге қол жеткізуге көмектесуде. Биылдың өзінде оларға 13 073 адам жүгінген екен.
– Біз бастапқыда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетсек, қазір барлық са­наттағы аналар мен әкелерді қа­былдаймыз. Жұмыссыз жүрген әйел­дерді қазіргі нарықта сұра­нысқа ие кәсіп түрлеріне тегін оқы­тамыз. Олар сабақта кезде, тіпті керек болса, балаларын да қа­расып, көмектесеміз. Одан бө­лек, мемле­кеттен қайтарымсыз гранттар алу­дың жолын үйретіп, сол қаражатқа кәсіп бастауға жәр­демдесеміз. Аса қиын жағдайда тұрған әйелдер де бізге жүгінеді. Оларға жетпей тұрған керек-жа­рағын алып бере алатын демеуші іздейміз, дәрі-дәрмек қа­жет болса, дәріханаларға хат жаза­мыз. Қазір барлық-дерлік ірі ұйым­ның қайы­рымдылықпен айналы­сатын бө­лімдері бар, олардан қолдау алып, тұрмысы нашар отбасылар­дың қажетін түгендейміз. Зорлық-зом­былық көріп, тығырыққа ті­релген келіншектерді уақытша паналай­тын орталықтарға жібе­реміз. Қыс­қасы, бізге жүгінгендерді құр қол қайтарған кезіміз болған жоқ, – дейді «Бақытты отбасы» ресурстық орталығының жоба жетекшісі Әсем Байділданова.
Айтқымыз келгені – шарасыз ананың әрекетін қандай жағдайда да ақтау өте қиын. «Жұмыс тауып бермеген мемлекетті», «нанын жегізбеген дипломды», «қатыгез не опасыз күйеуді», «қол ұшын соз­баған туысты» өмір бойы кінәлай беруге болар. Бірақ әр адам «менің жауапкершілігім қандай?» деген сұраққа мықтап ойланатын болса, көп мәселенің түйіні шешілетін сияқты.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ