Адасып қалған баланы тербете көтеріп тұрған арнайы жасақ жауынгері желідегі жұртты сүйсіндірді

Адасып қалған баланы тербете көтеріп тұрған арнайы жасақ жауынгері желідегі жұртты сүйсіндірді

Жезқазғанда арнайы жасақ жауынгері адасып қалған баланы тербете көтеріп тұрған қысқа бейнероликтен кейін жергілікті «жұлдызға» айналды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Видео концерт кезінде түсірілген. Онда полиция қызметкерлері халық көп жиналған мерекелік іс-шарада тәртіпті қамтамасыз ету бойынша кезекшілік атқарған. Концертке келушілердің бірі арнайы жасақтың жауынгері ата-анасынан адасып кеткен кішкентай баланы қолында ұстап тұрған сәтті телефонға түсіріп алып, видео әлеуметтік желіде тарап кеткен. Бейнероликтің басты кейіпкері – арнайы жасақ жауынгері Дәулет Қасымбеков екені анықталды.

«Сол күні біз кеншілердің құрметіне ұйымдастырылған концертте кезекшілікте болдық. Алдыңғы шепте тұрдық. Әлденені қолдарымен көрсетіп тұрған бір топ баланы байқадым. Жақындап қарасам, олар жалғыз өзі жыларман болып тұрған кішкентай баланы көрсетіп тұр екен. Олардан баланың анасы қайда деп сұрағанымда, адасып қалғанын жеткізді. Баланың жоғалып кеткенін жариялау үшін микрофон іздеп көріп едім, таппадым. Ұйымдастырушыларға хабарладым, алайда олар жауап бермеді. Содан кейін ата-анасы оны іздейді деп үміттеніп, көзге көрінетін жерге тұрып, оны сәл уатуға тырыстым. Тыныштандыру үшін қолыма көтеріп алдым. Ол кезде концерт аяқталайын деп жатқан еді. Осы сәтте бізді видеоға түсіріп алыпты. Мен оны тіпті байқамадым», – дейді Дәулет Қасымбеков.

Белгілі болғандай, бала концертте үлкен әпкесі және әжесімен бірге болған. Дәулет баланы тауып алғаннан соң 20 минуттан кейін, бір қыз бала келіп, бұл оның інісі екенін, әжесі екеуі оны жоғалтып алғанын айтып, жетектеп алып кеткен. Келесі күні таңертең осы қысқа бейнежазбаның арқасында Дәулет жергілікті жұлдыз болып оянды.

Дәулет Қасымбеков ішкі істер органдарының қатарына 2019 жылы қосылған. Осы оқиғадан бір апта бұрын арнайы жасаққа ауысқан. Жасы 25-те, әзірге отбасын құрмаған.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.