Талапты жастың жігерін жаныған жоба

Талапты жастың жігерін жаныған жоба

Еліміздің ертеңгі әлеуеті жастар­дың еншісінде. Осы орайда Мемле­кет басшысының бастамасымен Президенттік жастар кадрлық ре­зерві жасақталған болатын. Бүгінде резервте 350 жас бар. 2019 жылы мемлекеттік қызмет пен квази­мемлекеттік секторға – 300 адам, былтыр 50 резервші іріктелді. Мемлекет басшысы кадрлық резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Іріктеуге түрлі сала өкілдері мен кәсіп иелері қатыса алады. Олар міндетті түр­де мемлекеттік қызметкер болуы шарт емес, квазимемлекеттік сектор, жекеменшік сектор, азаматтық қоғам өкілдері резервке өте алады. Резерв жедел шешім қабылдауға қабілетті, құбылмалы жұмыс жағдайына жылдам икемделетін, жаңа формация басшылары бола алатын мемлекеттің жоғары басқару қызметіне әлеуетті үміткерлерді біріктіреді. Ал іріктеудің барлық сатысынан өтіп, тізімге енгендер тағайындалуы мүмкін лауазымдар спектрі ауқымды.

«Елімізде жоғары білікті және білім­ді жастардың саны артып келеді. Олардың көпшілігі уақыт өте келе еліміздің жаңа озық көшбасшыларының қатарын толықтырады. Менің бас­та­мам бойынша құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам сұранысына бағытталған басшыларды іріктеуге ерекше мән береміз. Билікте отырған әрбір адам ең алдымен ұлттық мүддені басшылыққа алуы керек», – деп атап өткен болатын Президент.
2021 жылы Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Пре­зиденттік резервке 50 кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданды. Резервшілердің 62 пайызының шетелдік білімі бар, 39 адам магистр дәрежесіне ие. Басым бөлігінде экономиканың түрлі секторындағы жетекші шетелдік және қазақстандық компанияларда жұмыс істеу тәжірибесі болды. 13 адам квазимемлекеттік сектор, 18 адам жеке сектор өкілі, ал 19-ы – мемлекеттік қыз­метші. 24 адамның басшылық лауазымда жұмыс тәжірибесі болды. Өңірлік бөліністе резервшілердің басым бө­лігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Павлодар облысынан ұсынылды. Тіпті, резервке алынған тұлғалар арасында Бель­гияда тұратын қазақстандық бол­ған. Ол елшінің хатшысы болып жұмыс істейді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, бүгінде осы 350 резервшінің 219-ы жұмысқа орналасқан. Орталық мемлекеттік органдарға – 103, жергілікті атқарушы органдарға – 39, ұлттық компанияларға – 41, жеке ұйымдарға 36 жас тағайындалыпты. 19 резервші – саяси қызметте және сегізі «А» корпусының лауазымын атқарып жүр. Сондай-ақ Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихатта екі депутат, бірінші басшылардың штаттан тыс кеңесшілері болып жүрген 3 резервші бар. Атап айтсақ, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне және «AMANAT» партиясында резервшілер осындай қызмет атқарып жүр. Бұдан өзге, мемлекеттік органдардың жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына 36 резервші енгізілген: Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде – 1, Оқу-ағарту министрлігінің директорлар кеңесінде – 18, АҚДМ жұмыс топтарында – 4, Қоғамдық кеңесте (МҚІА, ҰЭМ, ҚМ, ЭМ, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстарының әкімдіктері) – 11, Қазақстан халқы Ассамблеясында (Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі) – 1, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесте – 1, «AMANAT» партиясының Саяси кеңесінің құрамында – 4. Агенттік өкілдерінің айтуынша, ұсынылған жұмыстан бас тартқан жастар да бар. Бүгінге дейін Президенттік жастар кадрлық резервіне алынғандардың 63 пайызы жұмыспен қамтыл­ған. Іріктелген жастар бес жыл резервте болады. Жыл басында Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің отырысында Президенттік жастар кадр резерві жобасының жалғасатынын айтты. Жасы 35-тен аспаған, білімі жоғары, еңбек өтілі 5 жылдан кем емес кез келген ҚР азаматы бұл тізімге үміткер бола алады. Қатысушының кандидатурасын ұсын­ған хат болуы маңызды. Мұндай ұсынымхатты қатысушы жұмыс істеген ұйым­ның басшысынан, ұлттық компания немесе ұлттық холдинг басшылы­ғынан, мемлекеттік саяси қызметшіден, Мәжіліс немесе Сенат депутатынан, жергілікті мәслихат хатшысынан беруі керек. Былтыр Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге бірқатар өзгеріс енді. Соңғы іріктеуде рекрутинг процесі канди­даттардың ішкі уәжі мен құндылық бағдарын бағалауға бағытталды. Сондай-ақ іріктеу кезеңдеріне эссе жазу мен жобаны таныстырудың орнына ситуациялық есептерді шешу және құзыреттілікті бағалауға арналған мінездемелік сұхбат сияқты жаңа құралдар енгізілді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік резервшілердің одан әрі мансаптық ілгерілеуіне мониторинг жасайды. Резервшілермен өзара іс-қимылды күшейту мақсатында өзекті мәселелерді алдын ала жинай отырып, олармен кемінде 2 айда бір рет кездесулер ұйымдастырады. Бұл кездесулерде жұмысқа орналастыру, одан әрі дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобалар үшін әлеуетті пайдалану мәселелері талқыланады. Аталған жұмыс орталықта ғана емес, өңірлік деңгейде агенттіктің аумақтық департаменттерін тарта отырып жүргізіледі.

Асыл ТҰМАР