«Кадрлық резерв» кімдерді іріктейді?
«Кадрлық резерв» кімдерді іріктейді?
338
оқылды

Жақсы қызметті кім жек көрсін. Екінің бірі демесек те, әрбір үшінші адам ыңғайы келсе тәуір жұмысқа барғанды теріс көрмейді. Тіпті сондай орынға ілдебайлап жетіп алып, мемлекеттің қазынасын шашып-төгіп, өз мақсатына бұра тартуға біржола кіріскендер де баршылық. Соның бәрі қызметтің қадірін білмегеннен, биік креслоға өз білім-дәргейімен жетпеген соң сияқты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өзі бас болып қолға алып, алдағы бір-екі ай шеңберінде жүзеге асқалы жатқан «Президенттік кадрлық резерв» жобасы мемлекеттік қызмет дейтін аса абыройлы һәм жауапты жұмыстың әділдігін қамтамасыз етуі тиіс. Сынақтан өтіп, шыңдалған, жас болса да тіршілік пен қызметтің ащысы мен тұщысын татқан азамат­тардың билікке келуі қалай болғанда да жағымды үрдіс. Дәл осы бастаманы Президент өзінің сайлауалды «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты бағдарламасында жұрт­шылыққа жария етіп, құлақтан­дырған болатын. Яғни, халыққа қызмет етуден үмітті жастар инновациялық технологиялар, инженерия, кәсіпкерлік қызмет, медицина, экономика, мәдениет және басқа да көптеген салалар бойынша іріктеліп, кадрлық резерв құрамына енгізіледі. Одан кейін олар мемлекеттік жоғары басқару лауазымдарына таға­йын­далады. Ашық және жария түрде өткізілетін іріктеуге жасы 35-тен аспаған, кемінде бесжыл­дық жұмыс өтілі бар жас азамат­тар қатыса алады. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет департаментіне хабарласып, жобаға қатысты көкейдегі сауалдарды жолдаған едік.

– Президентіміз айтқандай, «Жастар – алдағы реформалар­дың негізгі қозғаушы күші». Құрылып жатқан резерв жастар үшін әлеуметтік лифт ретінде жаңа деңгейдегі сапалы жұмысты ұйымдастыра отырып, мемл­е­кет­тің алдына қойған міндеттерді шешу үшін олардың әлеуетін қолдануға мүмкіндік береді. Президенттік кадр резервінің арқасында ең үздік жастар таңдалып, мемлекеттің жоғары басқарушы лауазымындарына үміткер ретінде қарастырылады. Ал резервтегі адамдарды лауа­зымға тағайындаудан бұрын оларды Мемлекеттік басқару академиясында және Назарбаев университетінде даярлау көздел­ген, тиісті бағдарламалар қазіргі уақытта пысықталып жатыр, – деді департамент директоры Жарқын Тлеукенов.

Оның айтуынша, даярлау барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану жоспарланған. Ал про­цеске тиісті саладағы мамандар тартылатын болады. «Оқу шең­берінде резервтегі адамдар ха­лықпен жұмыс істеуге, халықтың алдында сөйлеуге, белгісіздік жағдайда жұмыс істеуге қажетті құзыреттерді ұлғайту мақсатында мемлекеттік органдарда және ұйымдарда тағылымдамадан өтеді» дейді ол.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің хабарлауынша, ре­зервке қосылуға үмітті азамат­тарды бірнеше кезең күтіп тұр. Олар алдымен теориялық білім­дерін дәлелдеуі тиіс. Яғни, түрлі тапсырмалар – эссе жазу, жоба­ларды таныстыру, арнайы сұх­баттан өту арқылы олардың көшбасшылық қасиеттері, сыни ойлау деңгейі, стратегиялық көзқарасы бағаланады. Бұдан соң үміткерлер Президент Әкім­шілігінің Сарапшылық ко­мис­сиясында әңгімелесуден өтіп, ізінше оның кандидатурасы Пре­зидент жанындағы Кадр ­сая­саты жөніндегі ұлттық ко­мис­сияның отырысында қа­ра­лады. Кандидат ретінде таңдал­ған азаматтар резервке 3 жылдық мерзімге қабылданады екен. Осы уақыт ішінде тиісті мем­ле­кеттік лауазым босаған жағдайда резервтегі азаматтардың кан­дидатуралары қарастырылады. Ал кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек деген талап тек мемлекеттік қызметке қатысты емес. Бұл шарт – адамның кез келген еңбек өтілін қамтиды. Кез келген сала мен мекемедегі немесе жеке сектордағы 5 жыл­дық еңбегі оның үміткер ретінде қабылдануына мүмкіндік бермек.

Кандидат ретінде таңдал­ған азаматтар резервке 3 жылдық мерзімге қабылданады екен. Осы уақыт ішінде тиісті мем­ле­кеттік лауазым босаған жағдайда резервтегі азаматтардың кан­дидатуралары қарастырылады. Ал кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек деген талап тек мемлекеттік қызметке қатысты емес. 

Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы, белсенді жас Мәди Ахметов те «кадрлық резерв» жүйесінің қалыптасуын қолдайды. Өзі де үміткер ретінде өтініш тапсырып көруге қарсы емес.

– Әр адамның жеке өтініш беріп қатыса алуы, іріктеудің ашық өткізілуі – өте ұтымды тәсіл. Сонымен қатар тек мемле­кеттік қызметке ғана емес, ұлт­тық компаниялардың басшылық қызметтеріне де шақыру мүмкін­дігі қуантып отыр. Себебі, ондай халықаралық деңгейдегі лауа­зымдарға да біздің жастардың баруы – ел мүддесі үшін тиімді әрі жастардың да деңгейін, тәжі­рибесін арттыра түседі. Бұл жоба таныс-тамыр арқылы көтеріл­гендердің емес, өз күшімен пі­сіп-жетілген жастардың ірік­теліп шығуына себепкер болады. Сонымен қатар өзімнің азамат­тық пікірім – барлық іріктелген 300 адам қазақ тілін жетік мең­геруі керек. Бұл кандидаттарға қойылатын талаптардың ішінде міндетті түрде болуы тиіс. Өзім де осы бастамаға қатысып, бақ сынап көргім келеді. 2013 жыл­дан бері жұмысқа араласыппын. Яғни, еңбек өтілім 5 жылға толады. Бұл іріктеу – тек каби­нетте отырып ойлайтын емес, халықпен етене араласатын, креативке бай, қолынан іс келе­тін білікті жастардың жолын ашса деген ойым бар, – дейді Мәди Ахметов.

Бұған дейін Мемлекет бас­шысы жастар кадр саясатының 300 адаммен шектеліп қалмай­тынын айтқан еді.

– Біз мемлекеттік қыз­меттің маңызды орындарына білікті кадрларды іздеп, барлық өңірде таңдау, іріктеу жұмыс­тарын жүргіземіз. Елімізде жас­тардың өз әлеуетін іске асыруға барлық мүмкіндігі бар. Соның ішінде министрліктер мен әкім­діктер, басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлері кадр құрамының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Ел ертеңі жастар екенін ұмытпай, эстафетаны қабылдап алатын лайықты буын тәрбие­леуіміз керек. Бұл – өмір заңды­лығы. Тұтастай алғанда, біз та­лант­ты жастардың экономикада, ғылымда, өнерде, спорт пен мә­дениет саласында өздерін та­ныта алуы үшін барлық жағдай жасаймыз. Жастардың бизнес бастамаларына жол ашатын «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлейтін боламыз. Жастардың болашағы бар стартаптарына жүйелі қолдау көрсетіледі. Жұ­мыс тәжірибесі жоқ жас маман­дарды қызметке алған жұмыс бе­рушілерді ынталандыру тетік­тері жасалады. Осылайша, жұ­мыс жасамайтын немесе оқы­майтын жастардың мәселесі шешіледі, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, бізде проблемалар бар. Өте түйткілді түйіндер де көп. Оның түйінін тарқату билікке оңайға түспейді. Жігер, білім, білік, тәуекел, ұмтылыс керек-ақ. Әрине, мұның бәрі – тәр­биелі, тәлімді жастардың бо­йынан табылатын қасиеттер. Президент те осыны меңзеп отыр. Жастардан құралған кадр­лық резервті даярлау өз уақы­тында қолға алынған, нәтижелі, жемісті шара болуы тиіс. Сонда ғана Президент пен халық өздері діттеген мақсатқа жақындай түседі.