Конституциялық референдум: көп игіліктің басы
Конституциялық референдум: көп игіліктің басы
338
оқылды
Бүгінде Жаңа Қазақстанды негіздеуге қатысты ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Және бұл іске елдегі барлық мемлекеттік және қоғамдық институт белсенді қа­тысуда. Мұндағы негізгі мақсат – заң үстемдігін орната отырып, әр қазақстандықтың тұрмыс жағдайын түзеу. Қазір ғылыми қауымдастық, қо­ғамдық, саяси ұйымдар мемле­кетте жүргізілетін реформалардың бағыттарын азаматтарға насихат­таумен, түсіндірумен айналысып жүр. Өйткені жекелеген құқықтық мәселелерге қатысты кәсіби қа­уымдастық, ғалымдар, тәжірибелі мамандар арасында түсініспеушілік туындап жатады. Біз тарихи уақыттың өте қар­қынды өтетін дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Оған әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы, экономикалық сын-қатерлер өзінше әсер етіп отыр. Дәл қазір көптеген мемлекет үшін дербестігі мен біртұтастығын сақтап қалу мәселесі өзекті. Жа­һандық даму толқынында қазақ елі де осынау мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Әлгінде айтылған сын-қатер­лерге төтеп беру үшін елімізде 2022 жылдың 5 маусымында Консти­ту­цияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық рефе­рендум өткізілді. Конституция мемлекеттің Не­гізгі Заңы мәртебесіне ие болған­дықтан, оған енгізілетін өзгерістер қоғам өмірінің барлық саласын қамтыды. Әрі оған енгізілген өзге­рістерді олардың нормалары мен оның шеңберіндегі бағыт қана деп түсінбеу керек. Бұл Ата Заңдағы толықтырулар елдің саяси, эко­номикалық, әлеуметтік жаңғы­руында айрықша мәнге ие. Конституцияның негізгі заң ретінде ережелері тікелей күші болғанымен, ол мемлекеттік құ­ры­лымның, оның негізгі идеялары мен қағидаттарының іргетасы ре­тінде құқықтық негізін анықтайды. Конституциялық ережелер содан кейін конституциялық және басқа заңдарда, заңға тәуелді актілерде, мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, азаматтар мен ұйымдар­дың қызметінде жүзеге асырылады. Сондықтан да Конституцияға өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы заң болашақта болатын саяси өзгерістерге жол ашты. Бұл өзгерістер ел дамуындағы реформа­ларды жүзеге асырудың алғашқы кезеңінің негізін орнықтырды. Сол арқылы дамудың келесі сатысына алғашқы қадамдар жасалады. Саяси жаңғырудың жалпы бағытына сәйкес алғашқы кезеңнің өзіндік мақсаты мен міндеттері болады. Біріншіден, тиімді демо­кратияландыру қоғамның белсен­ділігін арттырып, әр азамат мем­лекеттік мәселелерді шешуге тар­тылады. Азаматтарды әртүрлі ны­сандағы партия, үкіметтік емес ұйымдардың, жергілікті және ор­талық органдар сайлауына, қа­былданатын мемлекеттік шешім­дерді талқылауға қатысады. Екіншіден, мемлекеттік аппа­ратты реформалау жүзеге асыры­лып, оның қызметіндегі бюро­кра­тиядан арылуға жол ашылады. Бұл мемлекеттік органдардың атаулары мен міндетін ғана емес, әр орган­ның, әр лауазымды тұлғаның өзі­нің қызметіне жаңа тәсілдерін өзгерту қажет. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Екінші Республика ұғы­мы – әр жеке азаматтың және көпұлтты Қазақстан халқының жал­пы іске, Жаңа Қазақстанды құруға атсалысуын айғақтайды. Демек, елдегі реформаның түпкі мә­ні халықтың мүдделерін қо­р­ғауға бағытталуы қажет. Мәселен, 5 маусымдағы рефе­рендумға дейін кейбір сарапшылар Конституциялық Кеңестің тек қана атауы өзгереді деген пікір айтты. Осыған дейін Қазақстан­ның құқықтық жүйесінде 27 жыл қыз­мет еткен Конституциялық Кеңес еліміздің конституциялық құқығы актілерінің негізін қалаған, Ата Заңның кейбір нормаларын тү­сіндіру бойынша көптеген қау­лы әзірлеп, өзінің тарихи міндетін орындады. Енді Конституциялық Сотқа азаматтардың тікелей өтініш беруі арқылы конституциялық құқығын сақтап, қорғайтын кезі келді. Бұл құқықтық инстанция азаматтардың мәселелерін қол­даныстағы нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға, конс­титуциялық құқықтар мен бостан­дықтарға сай шешеді. Үшіншіден, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толық­тырулар заңдық күші бар нор­мативтік-құқықтық актілерді қа­былдауда атқарушы билікке қо­сымша құзыреттер берді. Бұл мә­се­лені конституциялық реформа шеңберінде, мемлекеттік билік жү­йесінің үйлесімділігі ауқымында қарастыруымыз қажет.
Мемлекет басшысы 2022 жылы 16 наурызда Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет тұрақты­лығының саяси формуласының негізін былай атап өтті: «Алды­мызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дама­сын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жа­ңа Қазақстанды азаматтық қо­ғамы қалыптасқан тиімді мемле­кетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Пар­ламент – есеп беретін Үкі­мет» қағидатын басшылыққа аламыз», – деді Президент.
Ата Заңға енгізілген өзгерістер топтамасы осы аталған мақсатты жүзеге асыруды көздейді. Яғни, Президентінің құзыреті азайып, шексіз президенттік үлгіден пре­зиденттік-парламенттік респуб­ликаға ойысу, биліктің жаңа үлгісін негіздеуге жол ашылды. Өз кезегін­де тепе-теңдік тежемелік жүйесін пайдалану, биліктің тармақтарға бөлінуінің конституциялық прин­ципін жүзеге асырады. Президенттік билік халықтың өкілдігін нақты жүзеге асыратын, ықпалды, тиімді қызмет атқара­тын Парламентсіз мықты және бедел­ді бола алмайды. Ал Үкіметтің есеп беруі оның заң шығаруға қатысты ерекше құзыретінің ке­ңеюін шектейді. Конституцияға енгізілген өзге­рістер Парламенттің барлық мін­детіне, оның палаталарына, әр депутатына қатысты болды. Ең алдымен депутаттық кор­пустың өкілдік міндеттері күшейді. Депутаттардың заңнамалық, заң шығару қызметі қоғамның талап­тары негізінде құрылуы тиіс. Олар Үкімет ұсынған заң жобаларын са­раптау және техникалық түзету­мен айналыспай, қоғам талабының не­гізінде қабылдауға қажетті заң­на­малық актілерді әзірлеуге ден қой­ғаны абзал. Мәселен, соңғы кез­де Парламент 32 үкіметтік заң жоба­сына 307-ге жуық түзету енгізген. Сонымен қатар заң шығару қыз­метінің сапасына, оны кәсі­би­лендіру арқылы, заңнаманың тиім­ділігін талдау жұмысын кү­шейту, жаңа қабылданған заңдар­дың сал­дарларын болжауға баса назар ау­даруы қажет. Ең негізгі басымдық заңнаманың тиімділігін арттыруға, заңдардың сапасына берілуі тиіс. Үкімет мүшелерінің заңдарды орындауына байланысты парла­менттік бақылаудың рөлін белсенді түрде жүргізуді одан әрі жетілдіру керек. Мұндай тетікті ендіру 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформа кезінде қолға алынды. Бірақ бұл жұмысты жетілдіріп, оны жүзеге асыру тетігін айқындап жә­не парламенттік бақылау туралы нор­ма тәжірибе жүзінде нақты іске асуы керек. Бірақ парламенттік ба­қылау атқарушы биліктің қо­сымша құ­зыретін теңдестіріп, оны есеп бе­руші Үкіметке айналдыр­ғаны жөн. Заңдардың нақты мақсаты, ай­қындамалары, көрсеткіштері бо­лып, олардың нәтижелері атқа­ру­шы биліктің міндетіне айналуы тиіс. Сонда ғана атқарушы биліктен заңдарды орындау туралы сұрап, Үкімет мүшелерінің жеке жауап­кершілігі талап етіледі. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген өз­герістер енгізілген Конституцияға сай Үкіметке төтенше жағдайда заңды күші бар уақытша норма­тивтік-құқықтық актілер қабыл­дауға рұқсат беріледі. Мұндай заң жобаларын Парламентке ұсын­ғанда, Үкіметтің уақытша және шұ­ғыл актілерін қабылдағанда заң­намада халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құ­­рылысқа, қоғамдық тәртіпті қор­ғауға, елдің экономикалық қауіп­сіздігіне қатер төндіретін жағдай­лар нақты көрсетілуі міндетті. Өйткені заң шығару тек ең жоғарғы өкілді орган Парламенттің құзы­ретінде екенін ескеруіміз қажет. Осы өзгерістің барлығының қабылдану тетігі бұл реформа­лар­дың демократияға бағытталғанын көрсетті. Сондықтан ол да Мем­лекет басшысының ұсынысымен республикалық референдумда қа­былданып, халықта мемлекеттің болашақ дамуына пікірін білдіріп, дауыс берді. Академик Салық Зимановтың әкімшілік-саяси режимнен зият­керлік-саяси даму кезеңіне көшу туралы пікірі дәл қазіргі рефор­ма­лардың түпкі мақсатын айқын­дайды. Бұл ұстанымдардың мәні алдағы уақытта еліміздегі стра­тегиялық және нақты бағдар­ла­ма­ларды дайындауда зиялы қауым­ның рөлі мен ықпалын күшейтуді көздейді. Демек, Жаңа Қазақ­стан­ды құру қадамдарын жетілдіруге барлығымыз белсенді түрде атса­лысуымыз қажет.

Жамаладен ИБРАГИМОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы