Биыл Конституция күнін үлкен өзгерістермен қарсы алып отырмыз. Бетбұрыстардың басты бағдары – адам құқықтары мен бостандықтары. Осы ретте, Омбудсмен институтына артылып отырған сенім жоғары. Атаулы күнде ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовамен осы өзгерістер туралы әңгімелескен едік.– Эльвира Әбілқасымқызы, Конституцияға енгізілетін жаңа түзетулер Омбудсменге қаншалықты үлкен өкілеттік беріп отыр және бұл азаматтарға не береді?
– Егер Конституцияға енгізілген таяудағы түзетулер туралы айтатын болсақ, олар тек Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (Омбудсмен) мәртебесіне ғана қатысты емес екенін айтқым келеді. Шын мәнінде, Омбудсменге ешқандай да үлкен өкілеттіктер беріліп отырған жоқ. Өйткені, оның мәртебесіне, мақсат-міндеттеріне, қызметінің кепілдігіне және құқық қорғау органдары тарапынан қысым жасауды болдырмауға қатысты нормалар ҚР «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» арнайы Заңына енгізілген. Ол заң 2021 жылдың 29 желтоқсанында күшіне енді. Бұл жерде мәселе мемлекеттік органдарға бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге ықпал ету туралы болып отырғандықтан, Омбудсменнің нақты тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы Заңдағы нормаларды Конституция деңгейінде бекіту туралы шешім қабылданды. Өйткені, біз мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар арасында адам құқықтары мен оларды қорғау – мемлекеттік саясаттың барлық деңгейіндегі басым бағыты екені туралы қатаң түсінік қалыптастыруымыз керек.
Егер атқарушы мемлекеттік органдар өз міндеттерін дұрыс атқара алмаса Омбудсмен адам құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге ықпал ете отырып, оларды құрметтеу туралы ұғымды да насихаттау қажет. Ол мұны қалай және кіммен бірлесе отырып жасайды, осы тұрғыда мемлекеттік органдардың міндеттері қандай деген мәселелердің барлығы конституциялық заңда егжей-тегжейлі жазылуы керек. Себебі, оның осыған дейін қабылданған арнайы Заңға қарағанда заңдық күші жоғары және оның орнын алмастыра алады.
– Қалай ойлайсыз, Қазақстанда адам құқығы қаншалықты қорғалған? Болмаса ол үшін не істеу керек?
– Кез келген адам өмірінде бірде-бір рет болсын өзінің құқы немесе заңды мүддесі бұзылған жағдайға тап болған жоқпын деп айта алмайды. Тек ол құқық бұзушылықтың дәрежесі мен салдары әртүрлі болуы мүмкін. Ал егер мұндай бұзушылық билік өкілі тарапынан болып жатса, Заңда оларға қатысты қатаң жазалау шаралары қарастырылған. Енді, құқық қорғау қызметіне келсек, бұл – тұрақты процесс және оған адвокаттар, прокуратура, сот, қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, заң кеңесшілері мен медиаторлар және басқалар сынды әртүрлі тараптар қатысады. Сондықтан қарапайым адамға кейде осындай субъектілердің көптігінен уақытында көмектесе алатын адамды немес ұйымды таңдау қиынға соғады.
Екінші жағынан, адамның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру процесі айтарлықтай күрделі процесс және бұл мақсатқа әрдайым 100 пайыз қол жеткізу мүмкін емес. Бірақ мемлекеттік органдар тарапынан уақытында елеусіз қалған, сол сияқты қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар үшін өз құқықтарын қорғаудың қосымша құралдары болуы тиіс.
БҰҰ мемлекеттерге стандартты классикалық үлгідегі сот, прокуратура және адвокатура сынды түрлерінен бөлек адам құқықтарын қорғау институттарының кең спектрін құруды ұсынады. Осындай институттардың бірі – Омбудсмен. Бұл институт алғаш рет 1890 жылы Швейцарияда пайда болған және бүгінде ол 140-тан астам елде әртүрлі нысанда жұмыс істейді. Шын мәнінде, бұл – адам құқықтарының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын тәуелсіз лауазымды тұлға. Заң бұзушылықтардың алдын ала отырып, азаматтарға жүйелі түрде көмек көрсетуі үшін Омбудсмен нақты істер бойынша Парламентке, Үкіметке, мемлекеттік органдарға және басқа да ұйымдарға жүйелі түрде қорғау жөнінде ұсыныстар енгізе алатын мүмкіндікпен қамтылуы тиіс. Ол мұндай ұсыныстарды өз қызметі аясында әзірлейді. Алайда бұл институттың прокуратура мен сотты немесе басқа да мемлекеттік органдарды алмастыра алмайтынын дұрыс түсіну керек. Әркім өз жұмысын кәсіби түрде орындауы тиіс. Ал Омбудсмен заң бұзушылықтар туралы хабарлауға, егер ол мемлекеттік орган мен өзге де ұйымдардың қызметінің салдарынан болған болса, оларды жою туралы қолдаухат жазуға құқылы.
– Әділдік іздегендердің өзге инстанциялардан үмітін үзсе де Сізге қатты сенім артып тұратыны рас. Бұл ретте Сіздің араласуыңызбен шешілген жағдайлар қазіргі таңда аз емес болар. Олар қандай жағдайлар? Соларды мысалға келтіре аласыз ба?
– Иә, ондай жағдайлар өте көп екені рас. Осы ретте оларға біздің командамыздың көмегі тиіп жатса, қатты қуанамыз. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Айталық, таяуда мектепке дейінгі жастағы бірнеше баланың туу туралы куәліктерін алуға жәрдемдестік. Ата-аналары Қазақстанға 10 жыл бұрын көшіп келсе де, тұрмыстық жағдайлары қиын болғандықтан, уақытында құжат алуға өтінім тапсыра алмаған. Ал біздің заң балалардың құжат алу құқына кепілдік береді.
Келесі бір оқиға 4 жылдан астам уақытқа созылған қылмыстық тергеумен байланысты. Біз хабарласқан соң Бас прокуратура бұл дерекке тексеру жүргізді де, оның нәтижесінде әлгі азаматқа тағылған айыптар нақтыланған жоқ, сол себепті іс аяқталды.
Тағы бір жағдайда, біздің араласуымыздан кейін аумақтық еңбекпен қамту органы бірнеше жылдан бері үй-күйсіз далада күн көріп жүрген өзі мүгедек бір азаматтың құжаттарын қалпына келтіріп, мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын қайтадан төлей бастады. Ол жеке жағдайларына байланысты біздің азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттердің назарынан ұзақ уақыт «тыс қалып» қойған екен.
COVID-19 жағдайындағы қатаң локдаун кезінде онсыз да режимдік нысан болып табылатын түзеу мекемелері карантинге мүлдем жабылып қалып, ағайын-тумалар кездесе алмай қалған болатын. Біз Ішкі істер министрлігімен және Бас прокуратурамен сотталған азаматтардың жақындарымен ең болмағанда онлайн кездесуіне рұқсат беру туралы келісімге келе алдық. Бұл посткеңестік кеңістіктегі теңдесі жоқ шешім болды. Тіпті, БҰҰ сарапшыларының өзі мұны жазасын өтеушілердің жақындарымен әлеуметтік байланысын сақтап қалуда тиімді шара болғандығын атап өтті.
Біздің назар аударып, ден қойғанымыздың арқасында Қазақстан азаматшасын өзге елде өлтіріп кеткені туралы қылмыстық тергеу жұмыстары қайта жанданып, біздің құқық қорғау органдары бірлескен тергеу әрекеттерін жүргізуге мүмкіндік алды.
Тағы бір мысал, ұзақ уақыттан бері өзіне келтірілген шығынды өндіріп ала алмай жүрген бір кәсіпкердің шағымы негізінде біздің араласуымыздан кейін ғана сот орындаушылары да сот шешімін тиісінше жүзеге асырды.
Келтіре берсе, мұндай мысалдар жетерлік. Бірақ, өкінішке қарай, біздің мемлекеттік органдармен келіссөздеріміз тым созылып кететін немесе жасалған заң бұзушылықтың қарау мерзімі өтіп кеткендіктен нәтижесіз қалған істер де жоқ емес. Солардың ішінде ең қиыны – азаматтардың сот шешіміне келіспеушілік білдірген кезі немесе құқық қорғау органдары тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілгені. Заң бойынша Уәкілдің сот шешімі күшіне енген кезде немесе қылмыстық тергеу жүріп жатқан кезде араласуға құқы жоқ. Әйтсе де, мәселе адам құқының өрескел бұзылуы туралы болатын болса, біз қол қусырып отыра алмаймыз.
– Соңғы сұрақ, Сіз осы өзгерістерден соң өз қызметіңізді қалай елестетесіз?
– Референдумда республика халқының 77 пайыздан астамы конституциялық өзгерістерге дауыс берді. Бұл ел Президентіне және мемлекеттік билікке деген көрсетілген сенім. Қыркүйек айының басында Парламент қабылданған конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру үшін Үкіметтің әзірлеген заң жобаларының пакетін қарауға кіріседі. Біз бұл заңдарды, әсіресе «Конституциялық сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» заңдарды талқылауға белсенді қатысуымыз керек. Оларды қабылдау таяу уақытқа жоспарланған.
Қазіргі таңда біз өзіміздің өңірлік өкілдіктерімізді ашу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға өзінің құқын қорғау үшін Уәкілге хабарласуды оңайлату. Олар жыл соңына дейін іске қосылады.
Уәкіл институтының және оның аппаратының иығында мемлекеттік билік пен халық арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету жөнінде үлкен жауапкершілік жатыр. Бұл істе біздің сенімді серіктеріміз белсенді және айналасына бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіби заң консультанттары, медиаторлар, адвокаттар, үкіметтік емес ұйымдар болмақ. Олардың қатарында мемлекеттік органдар да бар. Өйткені, олар заң бұзушылықтарға алып келген өздерінің шешімдерін жоюы немесе құзіреті аясында жедел шаралар қабылдауы тиіс.
Омбудсменнің конституциялық мәртебесі Қазақстан Конституциясында бірінші рет бекітіліп отыр. Сондықтан да біз таяу уақытта азаматтардың өз құқықтарын қорғау туралы жүгінулеріне нәтижелі ден қоя алатын тиімді институт құрып үлгеруге тиіспіз. Біз тек қана азаматтардың шағымдарымен ғана жұмыс істеп қоймауымыз керек. Біз заңдарды, мемлекеттік органдардың жұмыс практикасын өзгерту жолымен адам құқықтарын қорғаудың жүйелі шаралары бойынша ұсыныстар беру жүйесін қалыптастыруға тиіспіз. Бұған формализм мен бей-жайлықты ысырып тастап, біріге күш салғанда ғана қол жеткізуге болады. Біздің жұмысымыз ел Конституциясының 1 бабында белгіленгендей, Қазақстанның ең жоғарғы құндылығы – адам өмірі, құқы және бостандықтары деген мақсатқа сәйкес болуы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!