Ұлт ұстазы, ғалым, тіл ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлға, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл – 150 жыл. Қайраткердің бұл жолғы мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде, одан бөлек, елімізде де кең ауқымда тойланбақ. Тойдың алды басталып та кетті. Жер-жерде ғылыми конференциялар, кездесулер өтіп жатыр. Мұның бәрі Алаш ардақтысына көрсетіліп жатқан зор құрметтің белгісі. Әрине, Ахмет жылы бір жылдың аясында шектеліп қалмайды. Ұлт ұстазы туралы айтылар дүние өте көп. Бүкіл мұрасын зерттеп-зерделеп біттік деуге негіз жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы дегенде, көп айтыла бермейтін тақырыптың бірі – оның композиторлық қыры. Ағартушы, саясаткер, ғалым, ақын және жазушы. Осыншама өнерді меңгере білген адамның музыкадан хабары болмауы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Ұлт ұстазының домбыра, скрипка және фортепиано аспаптарында еркін ойнай білгені туралы бұған дейін де талай жазылды. Домбыраны ертеректе ауылдастарынан үйренгені туралы ғалымдардың жазбасында бар. Ал скрипка мен фортепианоны оқуда жүрген жылдары меңгерген болуы бек мүмкін. «Аққұм», «Қарагөз», «Қарғаш»... Кейбір деректерге сүйенсек, Ахаңның бірнеше әні және бір күйі бар. «Аққұм», «Шилі өзен», «Екі жирен», «Қарғаш», «Қараторғай», «Қарагөз» әндерін жиі айтады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» кітабын парақтап көрдік. Гүлнәр апай Алаш ардақтасын «атекем» деп құрмет тұтқан. «Шындық шырағы» кітабында Міржақыптың туған ағасы Асқар Дулатовтың қызы Ботаның да естеліктері беріледі. Онда: «Ағай демалғанда Ғайнижамал жеңешем балаларына тыйым салып, шулатпайтын. Бұл кісінің жұмысына кедергі келтірмеу үшін жора-жолдастары үйіне орынсыз бара бермейтін. Ахаң жұмыстан шаршаған уақытта бөлмесінде әрлі-берлі жүретін. Онысы сықырлаған еденнің дыбысынан, салған әнінен білінетін. Қолына домбырасын алып, қоңыр дауысымен жайлап қана салатын әндері «Елім-ай», «Екі жирен», «Қарагөз» болатын. Қазіргі «Қыз Жібек» операсында айтылып жүрген «Қарагөз» ариясы – Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы. Қарагөз Ахаңның сүйіктісі болған. Сол ғашығына сөзін өзі жазып, музыкасын өзі шығарған Ахаңның әні мынау: – Құдайдың құдіретіне таңғаламын, Жолында бір ғашықтың зарланамын. Ішімді ғашық оты жандырады, Сыртыма шығаруға арланамын. Қайырмасы: Ей-ей, сүмбіл шаш! Беу-у, жұбайым, Болды-ау уайым, Жан сәулем, айта беріп Не қылайын...»... деп жазады.
Гүлнәр апай да өз естеліктерінде «Қарагөзді» әкесінің жиі тыңдайтынын жазады. «Сабырға ән салдыратын, барлығының сүйіп тыңдайтыны – Ахмет Байтұрсынов атекемнің «Қарагөзі». Оған мамам да қосылып айтатын». Ахаңның ән салғанын, ән жазғанын Гүлнәр апай өз құлағымен естіп, көрген адам. Демек, Алаш ардақтысының музыкалық өнері болмаған деп айтуға негіз жоқ секілді. Гүлнәр Дулатованың сөзіне қазақ музыкасын зерттеген, ұлт мұрасын түгелдеп, «Қазақтың 1000 әнін» жазып қалдырған Затаевичтің де пікірі үндеседі. Зерттеуші: «Байтұрсынұлы өз арасында аса жоғары беделге ие, домбыра тартуды жақсы меңгерген, халық әндері жайында көп мағлұмат берген адам. Өз басым оған дән ризамын. Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей, Семей губернияларындағы әндерді маған айтып берді, дәптеріме жазып алдым. Жалпы, қазақ тарихы мен этнографиясы жайында білімі мен үшін көп көмек болды» деп жазады.Ұлт ұстазының музыкалық өнері туралы ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы» атты жинағынан да кездестіруге болады.
«Шындығында, «халық әні» деп айтылып келген «Аққұм», «Қарғаш», «Қаракөз», «Екі жирен» әндері Ахаңның аяулы есімі ортамызға 1988 жылдан оралғаннан бері, бірде «Ахметтікі», бірде «халық әні» деп алма-кезек аталып жүр. Бұл ғалым туындыларына қиянат жасағандық болады. Жалпы, «халықтікі!» деп танылып, халық әні қазынасының қоржынына түсетін ән-жырлар, күй-толғаулардың өзіндік қағидалары мен түрлі себептері бар. Мұның ара-жігін өнертанушы мамандар ажыратып, сараптаулары мен тұжырымдарын келтірер. Дегенмен қазақ ұғымында қалыптасқан пайымдау бойынша «шығарушысы анық туынды сол шығарушысының атымен айтылуы шарт». Авторы анық туындыны «халықтыкі» деп айтуға негіз жоқ» деп келтіреді.«Арман» күйі сақталған
Ахаңның әндері туралы Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаевтан да сұраған едік. Оның айтуынша, өзінің аса дарынды музыкалық қабілетімен де ерекшеленген Ахмет А.Затаевичке «Есенжол жыршының әні», «Шырқау», «Дауыс», «Ай-хай», «Ғазиза», «Қаракөз», «Кәмшат бөрік» әндерімен бірге Торғай өңіріне де ертеден тартылып келе жатқан «Айда былпым», «Тепеңкөк» күйлерін жазғызған. «Ахметтің өзі шығарған «Екі жирен», «Қарғаш» атты әндері де бар. Сонымен қатар «Арман» атты күйі сақталған. Ахаңның бұл күйін халық ақыны Нұрхан Ахметбеков сақтап, жеткізіп 1960 жылы белгілі домбырашы Жалмышев Сағынға үйреткен» деп айтады. Ол туралы Сағын Жалмышевтің «Қайта оралған күй» естелігі бар. Онда: «Әнге маужыраған ақын бір кезде басын көтеріп, «Күміс көмей әншілер мен бал бармақты күйшілер ғой осындай ғажайып әндер мен күйлерді шығарған, солардан қалған мұраны есте сақтап, халық арасына таратып, кейінгі ұрпаққа үйрету – бұл баға жетпес еңбек болар еді, – дей келіп: – айтпақшы, еске түсіп кетті, менде жасырып жатқан, жарыққа шығаруға қорқып жүрген, аты мен затын айтуға болмайтын бір тамаша күй бар. Ол түбінде сендерге керек болар, соны үйретейін, – деді...– Бұл күй, – деп бастады Нұрекең сөзін, – бұрмалаушылықтың шырмауында кеткен Ахмет Байтұрсыновтың «Арман» атты күйі. Ол кісі ғұлама ғалым, аудармашы, ағартушы, қоғам қайраткері болған, халқының болашағы үшін көп жұмыс істеген, халқы үшін талай жақсы істің басын бастағанымен, сол кездегі саясат, тар заман Ахаңды еркіне жібермей, қолын байлаған. Ойындағысы жүзеге аспаған соң «Арман» деп күй шығарған. Бұл күйді мен жас кезімде Ахметтің туып-өскен жерінде тұратын Әлімбет руынан шыққан Ғаббас деген ақсақалдан үйрендім. Ғаббас деген ақсақал «Арман» күйін Ахаңның өз орындауында естіген...» деп жазады. Батырлан Сағынтаев «Арман» күйін тыңдаған адам запыранды замандағы кіреуке тартып, кірбің шалған көңілдің өкінішін, ойындағысына қолы жетпеген жанның шер-наласын ұғынғандай болады. Бұл төкпе күй қалыбында шығарылғанымен, болмыс-бітімі адамның жан дүниесіне шым-шымдап тарап, тамыр жаятын терең сезімге құрылған, өзінің нәзік әуезділігімен ерекшеленетін, лирикалық сарыны бар күй екенін айтады.
«Нұрханнан үйренген күйді Сағын отыз жылдан артық сақтап келіп, 1991 жылы өткен Ахаң мен Жақаңа арналған үлкен тойда жарыққа шығарған. Кейін Тұрар Әліпбаев нотаға түсіріп, қазір облыс, республика көлеміндегі домбырашылар сирек те болса сахнаға алып шығып жүр. Бұдан басқа Ахаңның «Әдебиет танытқыш», «23 жоқтау» еңбектерінде шығармалары енген Қарпық ақынның Ерғали атты ұлы Ахмет Байтұрсынұлы бас-аяғы 12 күй шығарған деп айтқан естеліктері де бар», – дейді мұражай қызметкері.«Ахаң ән шығарған жоқ» дейтін пікірлер де кездесіп қалады. Олар ұлт ұстазын халық әндерін жеткізуші деп санайды. Ал ахметтанушылар бұл пікірмен келіспейді. Оның дәлелі Гүлнәр Дулатованың кітабында да айтылған. Жазушы Қоғабай Сәрсекеев «Ұлттың ар-ожданы» атты кітабында да Байтұрсынұлының әндері болған деген деректі келтіреді. Оның көбі ұмытылған. Зорлық-зомбылық жылдары «Халық жауының» әндерін айтуға қорқып, «халық әні» деп, халыққа теліп жіберуі де мүмкін. Сол себепті де Ахмет Байтұрсынұлының әндерін есте сақтау ешкімнің ойына келмеген сияқты. Бір жағынан есімін атай алмады, екінші жағынан, ұлт ұстазын дәріптеуге болмайтын кезең еді. Алаш тақырыбын жиі зерттеп жүрген ғалым, профессор Айгүл Ісмақова да Ахаңның хаттары табылса, оның музыкалық қырын анықтауға негіз болар еді деген ойды айтады. Ол хаттардың көбі ҰҚК-нің архивінде болуы мүмкін. Егер ол құнды деректер табылып, зерттеліп жатса, мұндай пікірталастар да туындамас еді. Сондықтан өнер зерттеушілері де, ғалымдар да мойын бұратын тақырыптың бірі – осы.