Базар өртке оранды
Базар өртке оранды
303
оқылды
Түркістан облысының Жеті­сай қаласы – орталықтан ең шалғай орналасқан аудандар­дың бірі. 170 мыңға жуық халқы бар үлкен ауданның тұрғындары негізінен мақта шаруа­шылығы­мен айналысса, тағы біраз бөлі­гі қала орталығындағы үлкен базардан нәпақасын табады. Аудан орталықтан шалғай жатқандықтан халқы негізінен өз өңірінің сауда орнынан базар­лайды. Жаңа оқу жылына қарсы саудасы қызып, қайнап жатқан Жетісайдағы осынау аумағы екі жарым гектарды алып жатқан орталық «Күлпар­шын ана» базары демалыс күні түгелдей өртке оранды. Түнгі сағат 3-те басталған өрт таңғы 05:20-да ауыздықталып, 07-35-те сөндірілген. Бұл туралы Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. ТЖД баспасөз қызметі желдің салдарынан өртті сөндіру қиын болғанын, жалынды ауыздықтауға 47 өрт сөндіруші мен 16 техника жұмылдырылғанын айтты. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр, нақты неден болғаны әлі белгісіз. Бұл жағдай аудан халқы үшін үлкен трагедияға айналды. Таңды жағымсыз жаңалықпен атырған саудагерлер миллиондаған теңге тұратын тауарының орнын сипап қалды. Олардың басым бөлігі несие алып, қолындағы бар дүниесін сатып, тауар алғанын айтады. Себебі дәл қазір жаңа оқу жылының қарсаңы. Сауданың қызатын жылдың екі маусымының бірі еді. Саудагерлер жаңа жыл және жаңа оқу жылының қарсаңында бір жырғап қалатыны белгілі. Енді міне, бар қаржысын құйғандар сан соғып отыр. Ашуға булыққан саудагерлер қайта-қайта наразылыққа шығып, жолды жауып, өртенген заттарына өтемақы талап етіп жүр. Біреулері «несиемізді қалай өтейміз» деп шырылдаса, енді бірі әлі балаларына киім алып үлгермегенін, бар ақшаға тауар алып қойғанын айтып жанайқайын жеткізуде. Саудагерлер «шығынымызды өтеуді құжат жүзінде ресімдесін» деген де талап қойып жатыр. Ал кейбіреулер базардан тектен-текке өрт шықпағанын айтып жүр. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бұрыннан бар. Бүгінде ел ішінде гу-гу әңгіме. Әңгіменің ауаны базар басшылары арасында болған даудан кейін орын алған дегенге саяды. Қалай болғанда да қарапайым халық зардап шегіп отырған осынау өрттің салдары құзырлы органдар тарапынан зерттеліп жатыр. Ендігі қараша жұрттың үміті құзырлы органдарда. Одан бөлек, өрт болған күні іле-шала облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен оқиға себептерін анықтау және өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі комиссия құрылған. Оған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жетекшілік етеді. Комиссия бірінші кезекте зардап шеккендердің санын есептеп, материалдық залал шығындарын бағалауға кірісті. Базардың басшылығы, құрылтайшылары мен аудан билігі сатушылармен кездесіп, мәселені бақылауға алды. Комиссия жетекшісі өрттен жапа шеккен кәсіпкерлермен кездесті, өртенген базар аумағын аралады. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев және мәслихат депутаттарымен бірге базар иесімен сөйлесіп, апаттан зардап шеккен халыққа берілетін көмекті атап өтті. «Базар иелерімен келіскендей, өртенген базар 20 күнде қалпына келтіріледі. Жөндеуден өткен соң кәсіпкерлер базарда 1 жыл тегін отырады. Сондай-ақ салық органдарымен бірлесіп салық төлеу мәселесі де қарастырылады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келтірілген шығындарды өтеу үшін қор құрылады. Комиссия төрағасы ретінде базардағы кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қорға түскен қаражаттан шығындарды өтейміз», – деді облыс әкімінің орынбасары. Сондай-ақ төтенше жағдай салдарын жою комиссиясының бастамасымен банктер және кредиттік ұйымдармен кәсіпкерлердің несиесін төлеуде кем дегенде бір жылға үзіліс алуға келіссөз жүргізіліп жатыр. Жеңілдетілген несие беру бойынша да жұмыстар қолға алынбақ. Комиссия жағдайды саралап, шығындарын есептеу үшін 15-20 күн уақыт қажеттігін айтты. Орталық көшені жауып, мәселені тездетіп шешуді талап еткен ашулы жұрттың алдына шыққан Сәкен Қалқаманов пен аудан әкімі Мұрат Қадырбек базардағы жөндеу жұмыстары 1-2 күн сараптама жұмыстары біткен соң басталатынын түсіндірді. Комиссия құрылыс және тауарлық сараптама жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Билік өкілдері базар 15-20 күнде қайта қалпына келеді деп уәде берді. Ал кәсіпкерлер мен саудагерлерге қолдау көрсету үшін Түркістан облыстық мәслихаты үндеу жариялады. Онда барша бизнес өкілдері мен өңір тұрғындарын қиындыққа тап болған жандарға қолдау көрсетуге шақырған. Жетісайдағы өртенген базар кәсіпкерлеріне шығындарын өтеу мақсатында қор ашылғанын, «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы тілсіз жаудан жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуге болатыны айтыл­ған. Бүгінде Жетісайдағы «Күлпаршын» базарын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Өрт қалдықтарын тазалау жұмыстарына Жетісай ауданының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне қарасты «Жетісай қызмет» кәсіпорнының қызметкерлері мен жалдамалы жұмысшылар, ерікті азаматтардан 100-ге жуық адам, 10 шақты техника жұмылдырылған. Жалын шарпыған 900 шаршы метр аумақты реттеуге бригадалар 6 секторға бөлінген. Әр секторда Жетісайға жақын орналасқан 6 ауданнан, яғни Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Қазығұрт аудандарынан келетін құрылысшылар жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, базарда сауда жасаушы кәсіпкерлер де асарға көмекке келуде. Ал өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы өртенген базардың кәсіпкерлері көмексіз қалмайтынын айтып, оларды сабырға шақырды. Облыс басшысы өртке оранған «Күлпаршын» базарына келіп, жағдаймен танысты. Базар иесімен кездесіп, әкімдік тарапынан қолдау болатынын айтты. «Ешкім көмексіз қалмайды. Базар басшылығы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, өртенген тауар шығынын заң аясында өтеу керек. Бірінші мәселе, базарды қалпына келтіріп, тездетіп іске қосу қажет. Ол үшін жақын маңдағы аудандардан бригадалар алдырамыз. Әр секторға жөнделетін базар қатары бекітіледі. Павильондарды 6-7 топқа бөліп, кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешуді қадағалаймыз», – деді өңір басшысы. Одан соң өрт салдарын жою бойынша штаб отырысын өткізді. Отырыста аудан әкімі болжамды есеп бойынша 613 азамат, 1 119 сауда нүктесі өрттен жапа шеккенін айтты. Ал облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Н.Жалғасов аталған жайтқа байланысты шұғыл тергеу тобы құрылып, тергеу басталғанын, сот құрылыс сараптамасы жүргізілгенін жеткізді. Бүгінде жергілікті билік тарапынан зардап шеккен кәсіпкерлерді басқа сауда орындарына уақытша орналастыру бойынша «Қарақай» сауда базарына және «Күлпаршын» базарының өрт шалмаған орындарына жайғастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысы