Қарағандыда келісімшарт бойынша әскерде қызмет етіп жатқан сарбаз қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859 әскери бөлімінде болды. 24 жастағы әскери қызметші шеру кезінде ес-түзсіз құлап, кенеттен жүрегі ұстап қалған. Медицина қызметкерлері сол жерде шұғыл көмек көрсеткен. Жедел жәрдем шақырды. Бірақ сарбазды құтқара алмады. Мамандардың алдын ала топшылауы бойынша, панкреонекроз өлімге душар еткен болуы мүмкін дейді. Әскери бөлім командирі Жанат Омаровтың айтуынша, дәл сол күні әскери қызметкердің көңіл күйі жақсы болған.
«Әскери қызметшінің есімі – Елсұлтан. Ол ешқашан денсаулығына шағымданбады. Жыл сайын медициналық тексеру жүргізілді, бұл - міндетті рәсім. Биыл ол 30 тамыздан 1 қыркүйекке дейін медициналық тексеруден өтуі тиіс еді. Сол күні көңіл күйі жақсы болды. Қызметті күшейту күндерінің алдында практикалық сабақтарға қатысты. Ол кәсіби маман болатын, оны қызметте жоғарылатуды жоспарлап отырған едік», – деді подполковник Жанат Омаров.