Саяси жаңғырудан экономикалық өрлеуге
Саяси жаңғырудан экономикалық өрлеуге

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының атауы­нан-ақ оған арқау болған асыл құндылықтарды аңғаруға бо­лады. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстан халқына Жол­дауына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген әдемі атау беріліпті. Ал­ды­мен, Қазақстан көш­бас­шысы ел Конституция­сы­ның 59-шы бабына сәйкес, VII ша­қырылымдағы Парла­мент­тің үшінші сессиясын өзі ашып берді. Ал Президенттің Жол­дауы елді елең еткізген жаңа­лықтарға толы болды.

Бес бағыт – бес тұғыр

Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. Бұл ретте еліміздегі саяси жаң­ғырулар енді экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс.
– Біз «Азамат – бизнес – мем­лекет» қатынасын түбегейлі өз­гер­теміз. Мемлекет бәріне бірдей мүм­кіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қолдау көрсетеміз. Мүм­кіндігі шектеулі жандарға көмек­тесеміз. Мемлекет халықты нарық тұ­рақсыздығының ықпалынан ба­рын­ша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент Жаңа Қазақстанда қолға алынатын тың рефор­ма­лар­дың нақты бағдарларына тоқталды. Жаңа Қазақстанның басты 5 бағ­дары: жаңа эконо­ми­калық саясат, экономиканың нақты секторын дамыту, ел болаша­ғына арналған стратегиялық инвестиция, мемле­кеттік басқару ісін қайта жаңғырту, сондай-ақ заң мен тәртіп. Бұл бес бағытты Жаңа Қазақстанның бес тұғыры, бес ұстыны деп санауға болады. Бірінші бағдар аясында Қа­зақстанда «жаңа экономикалық саясат» жүзеге асырылады. Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары: біріншіден, жеке кәсіпкерлік бастамаларды ын­таландыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуы­нан бас тарту. Екіншіден, бәсеке­лестікті дамыту, бәріне бірдей мүм­кіндік беру. Үшіншіден, ұлттық табысты әділ бөлу. Оның аясында қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан мәселеге қатысты Президент өзі­нің кесімді сөзін айтты: салық ре­фор­масы аясында «сән-салтанат­қа са­лық» салуды енгізген жөн. Мұ­ның орта тапқа қатысы жоқ, бұл са­­лық тек аса қымбат жылжымай­тын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Мысалы, Credit Suisse зерттеу институты сарапшыларының мә­ліметінше, бұған дейін 162 ең бай адам Қазақстанның бүкіл байлы­ғының 55 пайызына иелік етіп кел­­ген. Соның ішінде 5 адамның дәу­леті 2-3 млрд долларды, 45 адам­дыкі – 80-800 млн долларды, 112 адамда 50-80 млн долларды құрады. Мұнан бөлек 5 838 адам­ның 1 миллионнан 50 млн долларға дейін, 42 301 адамның 100 мыңнан 1 млн долларға дейін активі бар. Яғни, «сән-салтанатқа салық» үшін қажетті база қомақты. Мемлекет басшысы темір тұл­пар иелерін қатты қуантқан жаңа­лығын жария етті: шетелден көлік айдап әкелгендерге рақымшылық жасалады.
– Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясы­нан тыс қалған мұндай көлік­тер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қа­жет. Ал биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қа­тыс­ты ахуалды реттеу керек. Олар­ды заңдастыру мақсатында утили­зация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бір­дей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда Президент жер мә­селелеріне баса мән берді. Өйткені өнім өндіру үшін ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Ол Үкіметке кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тә­сіл­дерін айқындауды тапсырды: оны жыл соңына дейін әзірлеу ке­рек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғы анық­­­талады. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуі керек. Бұл шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түседі.

Экономика өссе, өркендейді

Екінші бағдар – нақты секторды дамыту. Мұндағы негізгі шаралар мынадай: біріншіден, мемлекет экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді. Екіншіден, көші-қон мәселесінің қарқыны артуына байланысты мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексі қабылданады. Әрбір қаланың жер телімдері мен коммуналдық желілердің схемасы көрсетілген функционалды интерактивті карта жасалады. Үшіншіден, жер және су ресурстарын сақтау – ұлттық қауіпсіздіктің басты міндетіне айналады. Төртіншіден, су – еліміздің тұрақты дамуындағы басты стратегиялық ресурс ретінде айқындалды. Су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде жоба жасау маңызды. Осы бағыт аясында мемлекет біртіндеп, экономикадан кетеді, оны бизнеске қалдырып, олардың дамуына мол өріс ашады. Қ.Тоқаевтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады. «Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды. Парламент Келесі мәселе – еліміздің транзиттік қуатын арттыру. Соңғы жағдайларға байланысты Ресейге Батыс теңдессіз санкциялар енгізді, РФ аумағы арқылы жүк тасымалы тұсалды. Бірақ бұған Қазақстан тосылмауы қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отырғанын нықтады. Мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз қажет. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады. Бұлардың бәрі әлемнен оқшауланған Ресейді айналып өтетін баламалы жолдар.
– «Қазақстан темір жолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады. Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппады. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Осы орайда, Смайылов Үкіметінің «ұятты істері» бетіне басылды. Егер министрлер ұялмай, кемшін тұстарын түзеуге ден қоймаса, Үкімет отставкаға кетуі мүмкін.
– Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін тіпті ұят! Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуі тиіс. Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе қант жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол ауыл шаруашылығын дамытуды «негізгі проблеманың бірі» деп атап, оған жеке көңіл бөле кетті. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып малданатын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Президенттің пайымдауынша, бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек. Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашты. Үкімет тиісті пилоттық жобаны жүзеге асырды. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні 2 есе артық өнім беріпті. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Сол себепті Қ.Тоқаев әр өңірдің ерекшелігін ескеріп, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп таратуды жүктеді. Бұл салада озық технологиялар тапшы. Тұтастай алғанда, агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуге көшетін болады.

Жаңа Қазақстанның басты құндылығы – адам

Үшінші бағдар – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция деген атау алды. Оның аясында, біріншіден, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Өйткені ел Президенті мемлекет кепілдік берген (ТМККК) және сақтандыру пакеті (медсақтандыру) деп екіге бөлінген қолданыстағы медкөмекке тиімділігі төмен жүйе деп нашар баға берді. Тіпті жаңа деген сақтандыру моделінің тұрақсыз әрі жүйесіз дамып жатқанына назар аудартты және оны – үлкен олқылық деп атады. Жаңа жүйе ескісінің кемшін тұстарынан арылғаны маңызды. Екіншіден, 2023 жылдан ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жоба жүзеге асады. Емдеу мекемесі жоқ 650 ауыл мен кентте 2 жылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылады. Сөйтіп, мемлекет бір миллионнан астам адамның медициналық-санитарлық алғашқы көмек алуына мүмкіндік жасайды. Үшіншіден, медициналық ЖОО-лар жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Төртіншіден, балаларды балабақшамен қамту мәселесі түпкілікті шешілуі шарт. Әйтпесе бүгінде 2-6 жастағы балалардың тек жартысынан астамы балабақшаға барады. Тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесі артып, жалақысы көбейеді. Қ.Тоқаев балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялауды ұсынды. Бесіншіден, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Нәтижесінде, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесі толық шешіледі. Алтыншыдан, жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы тиіс. Жетіншіден, жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланбақ. Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Сегізіншіден, жастардың білім алуына 2-3 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Тоғызыншыдан, мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді: ЕТЖ деңгейі қазіргі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл 1,8 миллион азаматтың табысын арттырады. Оныншыдан, 2023 жылғы 1 қаңтардан бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби 1,5 жасқа толғанға дейін ұзартылады. Билік қазақ балаларын мектепті аттай сала, орысша тіл сындыруға міндеттеп келді. Ата-аналар қазақ балаларын орысша үйренуге бірінші сыныптан мәжбүрлемеуді сұраған. Халық талабына құлақ асқан Оқу-ағарту министрлігі қазақ мектептері үшін орыс тілін тек екінші сыныптан енгізуді ұсынып отыр. Бұл бастама қоғамда қызу қолдау тапты.
– Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауы тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады, – деді Қ.Тоқаев.
Әйелдер зейнеткерлік жасты төмендетуді сұрап жүр. Президент ол тілекті қанағаттандырды.
– Зейнетақы жүйесін қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күн­көріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұған дейін оны 2027 жылға қарай біртіндеп 63 жасқа жеткізу заңмен бекітілген.
Тағы бір тың бастама жарияланды:
– Ата Зңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Әрбір отбасы ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылады, оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толған соң олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады, – деген Қ.Тоқаев жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан іске қосуды тапсырды.
Мұның сыртында «Самұрық-Қазына» қорының таза пайдасының кемінде 7 пайызы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылады.

Жаза басқандарға кешірім

Жолдаудың төртінші бағдары – мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғыртуға бағытталған. Оның аясында біріншіден, жеке секторда еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар қоғамдық проблемаларды шешуге тартылады. Екіншіден, әкімшілік реформа аясында орталық мекемелерді оңтайландыру жоспарланып отыр. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға басымдық беріледі. Үшіншіден, нақты бір саладағы саясатқа «ұжымдық кабинет» емес, нақты бір министр жауап беруі тиіс.
– Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды, – деді Президент.
Жолдаудың келесі бір жаңалығы – Премьер-Министр Кеңсесі жойылады. Оның орнына мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшамды Үкімет аппараты құрылады. Бұл Үкімет ісін қайта форматтап, оның күш-жігерін салааралық мәселелерді шешуге шоғырландырудың алғашқы қадамы болады. Орталық мекемелерді оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі кеңейтіледі. Бұл тәсіл қордаланған мәселелерді өңірлерде, ел ішінде шешуге мүмкіндік береді. Жолдау Президент Үкіметке жаңа Әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырды. Бесінші бағдар – заң және тәртіп. Оның аясында біріншіден, апелляция институты реформаланады. Істер бірінші сатыдағы сотқа қайтарыла бермей, төменгі сотта соңғы шешімі шығарылуы керек. Екіншіден, Парламент ішіндегі бөлек секторда Жолдауды тыңдап отырған ақпарат құралдары өкілдерінің ду қол соғуына түрткі болған бастамасы жарияланды: ел басшылығы «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысушыларға бірреттік рақымшылық жариялауға шешім қабылдады. Рақым­шылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайды. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.
– Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттенеді. Мемлекет Қаңтар оқиғасына қатысқан, ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс. Адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз! – деді Қ.Тоқаев. Үшіншіден, соңғы кезде қоғамдық тәртіп мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Қ.Тоқаев аса ауыр қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды доғару керегін қадап айтты. Төртіншіден, отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза қатаңдатылады. Бесіншіден, синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс. Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспары әзірленеді. Президент синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіргенін ескертті. –Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге әкеп беретіндер бар, – деді Қ.Тоқаев. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі керек. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн.

Жариялы саясат дәстүрінің негізі қаланды

Жолдаудың қорытынды бөлімінде Қасым-Жомарт Кемелұлы батыл реформатор атағын ақтайтын, демократиялық жаңғыруларды жақтайтын, Жаңа Қазақстандағы саяси реформалардың үдемелі динамикасын сақтайтын бастамасын жариялады.
– Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды. Ол үшін алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет. Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуі тиіс еді. Жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет деп санаймын. Билік өз жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан мен алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді. Биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын! – деді Қ.Тоқаев.
Оның тұжырымдауынша, Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін оған халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Шынында, бұған дейінгі дәстүр бойынша кезектен тыс сайлау науқандарының уақыты құпия сақталып, ол туралы ақпарат жеті қат жердің астында жасырын ұсталатын еді. Ал Қ.Тоқаев Президент, Мәжіліс сайлауының уақытын алдын ала айтып, жаңа әрі жария саяси дәстүрдің негізін қалады. Бұған қоса, сайлау уақытын ашық айту арқылы ол биліктің өз күш, қуатына сенімін көрсетті. Жалпы алғанда, мұны билік пен қоғамның арасын жақындатуға бағытталған тың қадам деп қабылдауға болады. Осы арқылы өзара сенімді серіктестік қарым-қатынас қалыптасады. Сондай-ақ ол көп ойлана келе, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келіпті: Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Бір адамның ұзақ отырып, билікті монополияландыруы қаупін айтарлықтай азайтады. Осы идеяны Парламент құптаса, ол өмірге жолдама алса, «Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады». Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 2021 жылы сайланған Мәжілістің және барлық мәслихаттардың сайлауын келесі 2023 жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынды. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің даусын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін. Нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады.
Жолдаудағы бастамалар Қазақстанның болашағын айқындайды. Қазақстандықтар ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасайды. «Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз! Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ!» – деп түйді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.