Қазақстан спорттық атудан әлем кубогін қабылдайды. Мұндай деңгейдегі жарыс елімізде алғаш рет өтпекші.
Байрақты бәсеке алдағы жылы мамыр не маусым айында Алматыда болады. Бұл жөнінде Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов мәлімдеді. Айтуынша, бұл жергілікті спортшылар үшін және жалпы елдегі стенд ату бағытын дамыту үшін керемет мүмкіндік. Өйткені оған әлемнің ең үздік сұрмергендері жиналады. Мыңнан аса спортшы Париж Олимпиадасының жолдамасын сарапқа салады. Қазақстандық қатысушылар солармен бірге сынға түсіп, шеберліктерін шыңдай алады. Бұған қоса, жарыс трансляциясы тікелей эфирде төрткүл дүниеге таралады.
Айта кетейік, жуырда ғана Алматыда стенд атудан Азия чемпионаты және рейтингтік гран-при ұйымдастырылды. Бұл сында Қазақстанның әйелдер құрамасы жалпы есепте 1-орын, ал ерлер құрамасы 3-орын алды.
– Алматыдағы жарыс өте жоғары деңгейді өтті. Соның нәтижесінде халықаралық федерация мен азия конфедерациясы лицензиялық бәсекені де Қазақстанда өткізу жөнінде шешім қабылдады. Ресми рұқсат берілді. Айтулы дода отандық спортты дамытуға да, елдің иммиджін арттыруға да керемет серпін әкелеріне сенімдімін. Өйткені Олимпиаданың іріктеу сынын кез келген ел қабылдай бермейді, – деді Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов.