Соңғы жылдары елімізде зейнет жасын төмендету мәселесі жиі қозғалып келеді. Әсіресе, әйелдердің зейнет жасы талқылауды қажет ететін өзекті күйде болатын. Ақыры осы жайт билік назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін өспейтінін мәлімдеді.Түйіні тарқаған түйткіл
Былтырдан бері ел аумағында әйелдердің зейнет жасын төмендетуді талап еткендер көбейді. Таяуда мәселе тағы күн тәртібіне шыққанын білеміз. Тамыздың соңында жүздеген әйел зейнет жасын төмендетуді талап етіп, митинг ұйымдастырды. Әйелдердің 63 жаста зейнетке шықпау керегін айтқан олар Президенттен көмек сұраған болатын. Көп ұзамай, өтініш ескерусіз қалмады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілетінін айтты. Сондай-ақ, Президент бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуді ұсынды.
– Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарысын 120 пайызға дейін дәйекті түрде жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Қ.Тоқаев.
Қазіргі уақытта мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 19 450 теңге, ал зейнетақының ең төменгі мөлшері – 46 302 теңге. Демек, алдағы кезеңде бұл көрсеткіш біршама өспек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде 2 млн 247 мың зейнеткер бар. Ал Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері – 109 156 теңге.
Енді аталған проблеманың түпкі мәніне бойлап көрейік. Рас, мәселе талай талқыға түсті. Биыл мамырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету бойынша өтініштің қаралып жатқанын, есеп жүргізіп, содан кейін ғана «тиімді нұсқа» ұсынатынын айтқан еді. Одан соң күні кеше Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған, сол кездегі вице-премьер Ералы Тоғжанов «Үкімет кей санаттағы азаматтардың зейнет жасын төмендету мәселесін талқылап көреді» деп айтты. Бірақ нақты шешімге негізделген жауап болмаған еді. Осыған дейін ел билігі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасын кезең-кезеңімен – жыл сайын алты айға ұзартып келді. 2022 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60,5 жылға жеткен. Осылайша, 2027 жылға қарай әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасы теңесіп, 63 жасқа жетуі көзделген. Алайда Президент пәрменімен әйелдердің зейнет жасы енді 2028 жылға дейін өспейтін болды.
Әуелден мәселені күрделендірген қаржы жағы екені айтпаса да белгілі. Мысалы, зейнет жасы жасарар болса, елде ертерек зейнеткер атанатындар көбейеді. Сәйкесінше, бұл мемлекет үшін қаржылық жағынан ауыр тиюі мүмкін. Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева бұл мәселеде мемлекеттің мүмкіндігі ескерілуі керек екенін айтады.
– Президенттің Жолдауда осы мәселе туралы айтқан ұстанымы өте орынды. 2028 жылға дейін 61-ден ары көтерілмейтіні зейнет жасына таяп жүрген талай әйелдің көңіліне қонды деп ойлаймын. Ел ішінде «Әйтеуір түсірген соң 58-ге дейін апару керек еді» деген пікірлер де айтылуы мүмкін. Бірақ біздің қалауымыздан бөлек мемлекеттің мүмкіндігі ескерілуі керек. Президент әйелдердің 61 жастан бастап зейнетке шығатынын және бұл меже 2028 жылға дейін өзгермейтінін айтар алдында тиісті есеп жүргізілгені анық. Экономистер, сарапшылар әйелдердің зейнет жасын қай межеде қойса, мемлекет мүмкіндігіне сыйымды екенін таразылады. Сондықтан бұл дұрыс қадам деп есептеймін», – деді Мәжіліс депутаты.
Мемлекет мүмкіндігі демекші, биыл алғашқы 7 айда қазақстандықтарға 1,7 триллион теңгеден аса сомаға зейнетақы төленіпті. Осыдан-ақ зейнетақы жайы ел экономикасы үшін қаншалық салмақ екенін аңғаруға болады.
Еңбек заңдылығы ескерілген жөн
Зейнетақы заңнамасында ерте зейнетке шығуға байланысты екі жеңілдік қаралған. Әуелі, егер 5 баланы дүниеге әкеліп, 8 жасқа дейін тәрбиелеген ана болса, 53 жасында зейнетке шыға алады. Екіншісі, Семей ядролық полигонына қатысты, яғни, өмірге қауіп төндіретін өңірлерде 1949 жылдан 1963 жылға дейін өмір сүрген ер адамдар 50 жасында, әйелдер 45 жасында зейнетке шыға алады деген норма бар. Бірақ ол аралықта қауіпті аймақта өмір сүргендер әлдеқашан 60 жастан асып кеткенін білеміз. Ал қалған адамдарда мұндай мүмкіндік жоқ. Одан бөлек, сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасасу арқылы ерлер – 55, әйелдер 52 жасында зейнетке шықса болады, бірақ ол үшін зейнетақы жинағында кемі ерлердің 10,8 миллион, әйелдердің 14,8 миллион теңгеден көп ақшасы болуы керек. Бірақ мүндай деңгейде ақша жинап үлгерген жандар аз. Мысалы, 2020 жылдың басындағы ақпарат бойынша ел ішінен 118 мың адам ғана осы межеге жеткен екен. Ал әлеуметтанушы Жанар Накипбаева кез келген мемлекеттегі зейнетке шығу жасы тікелей өмір сүру сапасына байланысты екенін айтады.
– Жалпы, дамыған елдердің көбінде зейнет жасы 60-тан жоғары болып келеді. Өмір сүру деңгейі жоғары елдер үшін зейнетақы жасының жоғары болуы маңызды мәселе емес. Яғни, өмір сүру сапасы жоғары болатын болса, әйелдердің 61 немесе 63 жаста зейнетке шығуы үлкен талқылау болмас еді. Себебі халықтың өмір сүру жасы ұзақ болады, олардың денсаулығы 60-тан асқанда да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өмір сүру деңгейі жоғары елде еңбек шарттары да оңай, халықтың жұмыстан басқа уақытта өз хоббиімен айналысуына, саяхаттануына мүмкіндігі болады. Басқаша айтқанда, халықта тапқан табысын тек бірінші реттік қажеттіліктеріне жұмсаудан бөлек,оны өзін дамытуына да жұмсауға мүмкіндігі болады. Осындай жағдайда халықтың да жұмыс жасауға құлшынысы оянады. Ал біздің жағдайымызда ауыр жұмыс істейтіндердің барын ескерген жөн. Сондай-ақ, қазақстандық қоғамда әйелдер тек жұмыс күші ғана емес екенін ұмытпау керек. Әйелдер отбасында да келін, жар, ана қызметтерін өздері атқарады. Олардың көбінде үй жұмысына және бала күтіміне көмекші алуына тапқан табыстары мүмкіндік бермейді. Сондықтан оларды түсінуге болады. Арасында көпбалалы аналар бар. Мәселен, еден жуушы болып жұмыс істейтін әйелдер жетерлік. 60 жасқа келгенде еден жуып жүру оңай емес. Яғни, бәрі өмір сүру сапасына байланысты. Ол жақсы болса, адамдардың өмір сүру жасы да ұзарады, еңбекке бейімділігі артады, – дейді маман.
Сарапшының пікірі шындыққа саяды. Дамыған елдерде зейнетке шығу жасы жоғары болса, дамушы елдерде бұл көрсеткіш төмендеу. Тарқатып айтайық, мысалы, көрші Ресейде ерлер – 60, әйелдер 55 жаста зейнетке шығады, орташа зейнетақы мөлшері 14 144 рубль (109 мың теңге шамасында). Ал Үндістанда ерлер мен әйелдердің зейнет жасы – 60. Бірақ аталған елде жағдай қиын, көбіне зейнетақы тағайындалмай да қалады. Дамыған Германияда ерлер мен әйелдердің зейнет жасы бірдей – 67 жас. Орташа зейнетақы 1 000 еуро (шамамен 467 мың теңге). Америкада ерлер – 67, әйелдер 65 жасқа жеткенде 1 657 доллар (775 мың теңгеден аса) зейнетақы алып отырады. Бір қызығы, АҚШ-та зейнет жасына жеткендердің 30 пайызы еңбек етіп, жұмыс істеуін жалғастыра береді екен. Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы да мәселенің тікелей экономикалық ахуалға тірелетінін баяндады.
– Ер мен әйелдің зейнет жасына келгенде әр ел өзінің экономикасына сәйкес шешім қабылдайды. Яғни, бәрі қаржыға тіреледі, ал қаржы экономикалық әл-ахуалға байланысты. Егер біз ерлерді 60 жастан, әйелдерді 55 жастан зейнетке шығарамыз десек, міндетті түрде өмір сүруіне қажет қаражат жиналды ма, соны ескеру қажет. Ал елге жағам деп зейнет жасын «осынша жастан асырмаймын» деп шара қолдансаңыз, бүгін болмаса ертең үлкен дүмпуге әкеледі. Өйткені ол шараның артында нақтылы қаражат жоқ. Кей елдерде тіптен зейнеткерлік жасы жоқ, жұмыс істесең істе, істемесең тағы өзің білесің. Бірақ оған экономиканың кемелденген жағдайы керек. Өйткені табыс болып, сол табысты қор қылып жинау керексің, не біреу сені асырау қажет. Әйелдердің зейнетке ертерек шыққанын өз басым қолдаймын. Тәлім-тәрбиеге қазір солар жауапты болып қалды, отбасының жанында болғаны жөн. Сондықтан олар экономиканың реалды секторынан алыс болса деп ойлаймын. Ерлерге келгенде, бірнеше нәрсені ескеру керек. Біріншіден, медицинаның жағдайы. Екіншіден, тұрмыс салты. Үшіншіден, еңбек жағдайы. Ерлердің көбі бұрынғыдай тас жарып, жер қазып жүрген жоқ. Сондықтан ерлердің зейнет жасын мүмкіндігінше созуға болатын шығар. Сайып келгенде, мәселенің түйіні экономикалық жағдайға байланысты. Саланы дұрыс басқарып, қаржыны игере алсақ, зейнет жасын төмендетіп немесе адамның өз еркіне қалдыруға болады, – дейді сарапшы.
ТҮЙІН: Әр адам қарттық дендей бастаған кезден тартқан бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Халқымыз «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп бекер тілемесе керек. Біздің шамалауымыз бойынша Қазақстандағы зейнет жасы өзге елдермен салыстырғанда орта деңгейде. Бұл жолы әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестірмей, өзгеріссіз қалдыру – мемлекет үшін ең ұтымды шешім болғаны анық.