Бес жоба іске қосылады
Бес жоба іске қосылады
Қызылорда облысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іргелі жобалар жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде индустрия­ландырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қарқын алған. Жалпы, индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығында облыста құны 654 млрд теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асырылуда екен. Соның негізінде 7,4 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Қызылорда облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде өңірде құны 47,1 млрд теңгенің 9 жобасы іске қосылды. Нәтижесінде, жоспарланған 691 жұмыс орнының 364-і ашылыпты. Негізінен, өңірде ашылған 9 жобаның қатарында балық өңдеу, түйіршіктелген аммоний сульфаты, тротуар және бордюр, күріш ақтау, ас тұзы өндірістері тұрақты өнім шығарып тұр. Ал кварц құмын байыту комбинаты мен керамзит блоктар өндірістері тамыз айынан бастап алғашқы сынама өнімдерін шығаруда. Жалпы, республикалық деңгейдегі об­лыс­тың ірі өндіріс орнының бірі – шыны зауыты. Бұл өндіріс орнының келешегіне өңір жұртшылығы зор үмітпен қарайды. Басқарманың мәліметіне сәйкес, алғашқы өні­мі қазан айында шығарылады. Негізінен, биылғы маусым айынан бастап Қызылорда қаласында бетон зауыты іске қосылып, алғашқы өнімі нарыққа жөнелтілді. Бүгінде зауытта 10 адам жұмыспен қамтылған. Биыл Сыр өңірінде құны 10,4 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу жос­пар­ланыпты. Аймақтың экономикалық дамуына оң серпін беретін бұл жобалардың әрбірі үлкен маңызға ие. Атап айтқанда, Қармақшы ауданында «Қармақшы құс» ЖШС жылына 1 500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысын қолға алған. Нақты уақытта құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қыркүйек айының соңына дейін қондырғыларды жеткізіп, орнату жоспарланған. Міндетті жұмыстар межелі уақытында аяқталса, жобаны қараша айында іске қосуға ниетті. Сонымен қатар Жаңақорған ауданында «Абдулла» шаруа қожалығы бройлерлер өсіру және тауық етін қайта өңдеу бойынша құс фермасын іске қосу жұмыстарын жүргізуде. Ферма жұмысын желтоқсан айында бастайды. Сондай-ақ Қармақшы ауданындағы «Тұрған-тамы» шаруа қожалығында балық өңдеу цехын салу жобасын қолға алса, Қызылорда қаласындағы «АдалКазСтрой» ЖШС ішкі және сыртқы есіктер өндірісін іске қоспақ. Негізінен, индустрияландыру картасынан тыс жүргізіліп жатқан бұл жоба 2 желіден тұрады. Оның ішінде темірден сыртқы және ішкі есіктер өндіреді. Оған қажетті қондырғылар Қытайдан жеткізіліп, монтаждау жұмыстары басталған. Сол сияқты «Нұрлытау» ЖШС үй құрылысы комбинаты жобасын іске қосуды көздеп отыр. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Бүгінде индустрияландыру картасынан тыс жүзеге асырылып, бұл жобаның әкімшілік ғимараты аяқталып, қойманың құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жобаны толықтай желтоқсан айында іске қосу жоспарланған. Жалпы, Сыр өңірінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында ілкімді істер қолға алынып жатқаны көз қуантады. Бұл өз кезегінде ел экономикасының қарқынды дамуына өзгеше серпін бермек.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы