Әділетті қоғам орнатудың алғышарты жасалды
Әділетті қоғам орнатудың алғышарты жасалды
1 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауын жасады. Жолдауда Қазақстан халқының алдағы даму стратегиясы мен әл-ауқатын арттырудың негізгі басымдықтарын айқындап берді. Ректор Дархан Біләлов бастаған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы, проректорлар мен институт директорлары, сала басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен магистранттар Президенттің Қазақстан халқына жасаған Жолдауын бір кісідей жиналып, тыңдады.    width= Мемлекет басшысының елді одан әрі дамытуға бағытталған ең маңызды және нақты тапсырмалары, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар  бұған ықпал ететін салаларға, атап айтқанда  денсаулық жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, еңбек нарығында тиімді жүйе құруға тоқтала келіп, саяси тұрғыдан жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға арналды. Құжатта Президент білім сапасының жақсаруы мен мұғалімдерді қолдауға тағы да ерекше назар аударды. «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі. Алдымен мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керек. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Сонымен бірге педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданып, ұстаздардың құзірет аясы айқындалды» деген Мемлекет басшысы педагогикалық қызметкерлерді ғана емес, студенттерді де жігерлендіретін бірқатар нақты шараны атап өтті. Сонымен қатар Президент Балалар жылы  аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаның жүзеге асыру аса маңызды басымдыққа ие екенін, бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін бірқатар шара  қабылдау қажет екенін жариялай келіп, «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады», –деді. Яғни, бұл жерде арнайы есепшотқа түскен қаражат шетелдік валютада сақталып, инфляциядан қорғалатын болады. Басқаша айтсақ, барлығымызға ортақ Ұлттық қор капиталы халық мүддесі үшін, жас ұрпақты қаржылай қолдау үшін жұмсалады деген сөз. Оны шешу үшін тікелей Үкімет қарауына тапсыратынын да айта кетті.    width= Жолдаудың жариялануымен ел дамуының шешуші кезеңіне қадам басқан, тәуелсіз еліміздің тұрақты дамитын ел экономикасын құрудағы, денсаулық, білім, ғылым саласындағы негізгі қажетті бастамаларын жүзеге асыру үшін ұзақмерзімді мақсаттар мен басымдылыққа жету бойынша жасампаз процесс басталды деуге толық негіз бар. Осылайша, Қазақстанда әділетті қоғам орнату үшін алғышарттар жасалып, негіз қаланып жатыр. Бүгінгі Жолдау – соның нақты бір дәлелі.

Болат ШАРАХЫМБАЙ