Әнші, актриса Айгүл Иманбаева қыздардың өміріне қатысты пікірін айтты, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол қоғамда қыздарды ерте тұрмысқа беруге қатысты түсінік қалыптасқанына наразылық білдіріп, сынға алды. Актрисаның айтуынша, қыз бала қашан тұрмысқа шығатынын және ана атанатынын қоғам емес, өзі шешуі керек. Сонымен қатар қазір қыздардың білімді болуы маңызды.
«Қыздың қашан тұрмысқа шығатынын, қашан ана атанатынын қоғам емес, қыздың өзі шешеді. Себебі біздің қоғамда бір қалыптасқан стереотип бар. Қыз он сегізге келсе “Неге бұл күйеуге тимейді?” дейді. Жиырма беске келсе “Ойбай, мына қызым қартайды, қашан теңін табады?” деп жатады. “Кәрісің” деген де бір стереотип бар. Ата-ана болсын, қоғамның пікірі болсын, менің жеке көзқарасым бойынша, бұл дұрыс емес. Жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Осындай уақытта да тек байға шығып, балалы болуды көздейтін үрдіс бар. Қазір технология, білім, ғылым дамыған заман. Неге ғылымда жаңалық ашып, қазақ елін танытпасқа? Жақсы орта таңдап берсеңіз, қыз міндетті түрде асықпай таңдауын жасайды, қай салада болсын, еңбек етіп, өзінің үлесін қосады», – дейді Айгүл Иманбаева.
Актрисаның бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының басым бөлігі қазір қыздардың алдымен білім алып, өзін жан-жақты дамытуы маңызды екенін айтқан.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
