Мәжіліс Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді. «Хабар 24» телеарнасының «Бетпе-бет» бағдарламасында Жолдаудың мән-маңызын түсіндірді. Бұл туралы Ерлан Қошанов Facebook парақшасында жазды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді.
Қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның келешекке кемел қадам басуын қамтамасыз ету үшін Президент батыл да маңызды бастамалар көтерді.
Жолдау еліміздің саяси өмірін жандандырып, экономикалық-әлеуметтік дамуына тың серпін беретін үлкен жаңалықтарға толы болды.
Ең бастысы, халықтың әлеуметтік жағдайы әрдайым мемлекеттің басты назарында қала бермек. Жолдауда айтылған жайттардың түпкі мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Саяси, экономикалық реформалардың, игі бастамалардың бәрі осыған бағытталған.
Президент Жолдауы Әділетті Қазақстан құру жолында жасалған тағы бір ірі қадам болды деп есептеймін.
Экономиканы дамыту, бизнеске тең жағдай жасау үшін ашықтық пен әділдік қажет. Президент осы бағытта біраз ұсыныстарын ортаға салып, жаңа заңдар әзірлеуді тапсырды. Бұл бағытта Мәжіліс белсене жұмыс атқаратын болады.
Елді елең еткізген жаңалықтардың бірі – алдағы саяси науқандар мен электоралдық кезеңдер кестесінің жариялануы, Мемлекет басшысының президенттік мандатты 7 жылдық 1 мерзімге қысқарту жөніндегі ұсынысы. Оны көпшілік қолдауда.
Жалпы, Жолдауда көрініс тапқан ауқымды реформаларды қалың жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдап жатқанын көріп отырмыз.
Кеше «Хабар 24» телеарнасының «Бетпе-бет» бағдарламасына қатысып, Жолдауда айтылған осы және өзге де мәселелер туралы өз ойларыммен бөлістім», – деді Ерлан Қошанов.
https://youtu.be/E_qExSDMQiI