Қарақат Әбден: Президенттің биылғы Жолдауы – қоғамның барлық сұранысын қамтыған, нағыз революциялық Жолдау
Қарақат Әбден: Президенттің биылғы Жолдауы – қоғамның барлық сұранысын қамтыған, нағыз революциялық Жолдау
Фото: facebook.com/abdenova.karakat/
557
оқылды
VI сайланған Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, елордалық қоғамдық кеңес мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Әбден Елбасының 1 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жария еткен Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді. Мәслихат депутаты Президенттің биылғы Жолдауына қоғамның барлық сұранысын қамтыған, нағыз революциялық Жолдау деген баға берді.
«Мойындау керек, кейінгі кезде елдегі әлеуметтік шиеленіс өте қатты сезіліп, күн сайын күшейіп келеді. Қоғамды балалар мәселесі, сапалы мектеп, балабақша, жоғары біліммен қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі балалардың проблемалары, балалардың денсаулығы және жалпы өскелең ұрпақтың болашағын қамтамасыз ету мәселелері ерекше толғандырады. Әрине, инфляцияның өсуі, геосаяси тұрақсыздық, ең қажетті тауарлар бағасының  өсімі де халықты алаңдатпай қоймайды. Ал Мемлекет басшысы өз Жолдауында осынау өзекті мәселелерді шешу жолдарын нық әрі батыл түрде жеткізді.  Ашық, анық, нақты», – деді Қарақат Әбден.
Сонымен қатар ол балаларға арналған Ұлттық қорға қатысты да өз ойын білдірді.
Ұлттық қор – балаларға! Ұлттық қордың қаражаты білім беру және тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл шара тікелей, бала туылған сәттен бастап, кәмелетке толғанға дейін мемлекет есебінен жүргізілмек. Мен БАӘ әлеуметтік бағдарламасына әрқашан қызғанышпен қарайтынмын. Онда елдің әрбір кішкентай азаматының жеке банктік шоты бар. Енді біздің балаларымыз да кепілдендірілген бастапқы капиталмен, яғни «ересектікке жолдамамен» қамтамасыз етілетін болады», –  деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, қоғам арасында қызу талқыланып, ерекше көзге түскен екінші мәселе –  әйелдердің зейнет жасын қысқарту.
«Бұл мәселенің өзектілігін зейнет жасын қысқарту туралы өтінішке қол қойған азаматтардың саны дәлелдейді. Енді әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітіледі! Менің ойымша, кешегі Жолдаудан кейін еліміздегі, әсіресе ауылдардағы миллиондаған әйел бір жеңілдеп қалды. Тағы бір тамаша бастама – ең төменгі жалақыны 60-тан 70 мың теңгеге дейін көтеру. Бір жағынан мемлекеттік бюджет үшін қиын шешім сияқты. Өйткені бұл барлық әлеуметтік төлемдер мөлшерінің автоматты түрде өсуіне әкеп соғады. Соған қарамастан Президентіміз бұл міндеттемені қабылдады», –  деді ол.
Мәслихат депутаты Президент пен Президент Әкімшілігіне жаңа Жолдауда қоғамның барлық саласындағы мәселелерді толық қамтығаны үшін алғыс білдірді.
«Кешегі Жолдауда бірде-бір әлеуметтік мәселе назардан тыс қалмағанын мойындау керек. Соның ішінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және балабақшаларды аттестациялау мәселелері. Енді студенттік жатақханалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін енгізу арқылы салынатын болады. Елбасының «...балабақшаларды емес, тәрбиешілерді аттестациядан өткізу қажет» деген сөзі мектепке дейінгі ұйымдарды аттестациялау төңірегіндегі барлық дауға нүкте қойды. Мектепке дейінгі білім беру саласында, мектеп жасына дейінгі балаларға білім беру сапасын арттыру, кейінгі бұйрықтар негізінде жүзеге асатын болады», – деп түйіндеді Қарақат Әбден.