Қазақстан білім мен ғылым саласында көптеген әлем елдерімен қатынастар орнатқан. Оның ішінде АҚШ, Еуропа, Орта Азия елдері мен ЕАЭО-ның озық оқу ордалары бар. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы ынтымақтастық тіпті нығая түскен.
Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ жаһандық білім және ғылым кеңістігіне толыққанды интеграциялануға ұмтылды. Тіпті қазіргі геосаяси ахуалдың ушығуына қарамастан, ғаламдық білім процестерінің тамырласу қарқыны төмендеген жоқ. Бұл саладағы қауымдасу жүйелі үрдіске айналып, жылдан-жылға жиілеп барады. Бүгінде біздің ел шетелдік білім мекемелерімен 58 құжат аясында бірлесіп жұмыс істейді. Оның 44-і екіжақты, ал 14-і бірнеше тараптың қатысуымен болған келісімдер. Мәселен, «Ғылым ордасы» ғылыми кадрларды даярлау орталығының жетекшісі Алтын Уалтаеваның айтуынша, 2014-2022 жылдар аралығында орталыққа қарасты 10 ғылыми-зерттеу институты интеграция аясында бірлескен 20 бағдарламаны жүзеге асырып, сол бойынша 559 маманды даярлап шыққан.
«Осы уақыт ішінде оқу процесіне 385 магистр мен 174 PhD докторы, 100 ғалым қатысты. Олар 1 мыңнан астам материал әзірледі. Мұның ішінде Scopus/TR деректер қорында 200-ге тарта ғылыми мақала жарияланды. Орталық шәкірттері әлемнің 55 еліндегі жоғарғы рейтингті оқу орындары мен халықаралық ғылыми ұйымдарда тағылымдамадан өтті», – дейді Алтын Уалтаева.
«Оқу орнында бес жыл қатарынан 1500 арнайы грант бөлінеді, ал екі диплом аясында оқып жатқан студенттер 1 семестрге Аризонаға барып, UoA өзінде білімін жетілдіре алады. Сонымен қатар UoA М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-мен әріптестік байланыс орнатып, оқу сапасын көтеру арқылы оның халықаралық аккредитация алуына септігін тигізеді. Мұндай оқу орындарының болу еліміз үшін өте пайдалы», – дейді экономист.
Оның айтуынша, СҚМУ сол арқылы UoA-дың үздік жетістіктерін бойына сіңіре отырып, өзінің дербес брендін дамытуға қол жеткізе алады. Жалпы, осы формат бойынша шетелдік университеттермен әріптестік қатынас орнатқан отандық оқу орындарының қай-қайсысы да бірлескен бағдарламалар бойынша жұмыс істеп, білім сапасын айтарлықтай арттыра түседі. Бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар Қазақстан білімін еуропалық стандарттарға етене жақындата түседі. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына өз қалаулары бойынша дербес оқыту бағдарламасын енгізуге еркіндік беріледі. Ал отандық оқу орындарының халықаралық академиялық рейтингке енуі олардың ғаламдық кеңістіктегі танымалдығы арттырады.
Білім-ғылымдағы көрші ақысы
Әлбетте, Қазақстан білім беру ісінде жақын көршілерімізбен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. ТМД мемлекеттерінің көпшілігі өңірлік ғылым-білім саласының негізгі ынтымақтастық құжаты болып саналатын Бірыңғай білім беру кеңістігін құру тұжырымдамасын бекіткен. Соның нәтижесінде, ШЫҰ университеті (Шанхай ынтымақтастық ұйымы), ТМД Желілік университеті, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің білім-ғылым саласындағы Кеңесі құрылды. Мәселен, Желілік университет жұмыс істеп тұрған 14 жыл ішінде түрлі салалар бойынша мыңнан астам маман даярлап шығарды. Оқу орнын Қазақстанның, Украинаның, Әзербайжанның, Қырғыз Республикасының, Ресейдің, Арменияның, Белоруссияның, Молдованың, Тәжікстанның мамандарынан құралған консорциум басқарады. Оның ғылыми зертханасы заманауи құрал-жабдықпен жасақтандырылған. Ал оқыту бағдарламасы негізінен академиялық мобильдікті ұлғайтуға, мамандар арасында тәжірибе алмасуды күшейтуге бағытталған ШЫҰ университетінде Қазақстан мен Қытайдың және басқа да посткеңестік елдердің 80-нен астам оқу мекемелері қауымдасқан.
ТМД аймағында екіжақты келісімдерге құрылған бағдарламалар аз емес. Әсіресе, Ресейдің ірі оқу орындарының байланысы көп. Мәселен, МГУ, Мәскеу еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, Санкт-Петербург кәсіподақтар университеті, Мәскеу авиация институты, Мәскеу экономика, статистика және информатика институты, т.б. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда ресейлік техникалық бағыттағы оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасынан кейін бұл саладағы қатынас одан бетер өрши түсуі ықтимал.
Одан бөлек, Қазақстанның көрші мемлекеттермен арадағы ынтымақтастығында да ілгерілеушілік байқалады. Бұл бағыт отандық білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасында көрініс тапқан. Таяуда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғылым саласы бойынша өңірлік ынтымақтастықты күшейту қажеттігін тағы еске салды.
«Былтыр Орталық Азия мемлекеттерінің бірыңғай жоғарғы білім беру кеңістігін құру туралы Декларацияға қол қоюы оның ортақ базасы қызметін атқара алады. Осы бастама шеңберінде Қазақстан әріптестердің жоғарғы оқу орындары арасында тәжірибе алмасуды ұлғайту және студенттерді оқыту квотасын көбейту туралы ұсынысын қабыл алды. Біз сондай-ақ көрші аймақтарда өзіміздің жетекші оқу орындарымыз бен озық мектептеріміздің филиалдарын ашуға мүдделіміз», – деген еді Президент.
Абылай хан айтқандай: «Білекке сенер заманда ешкімге дес бермедік. Білікке сенер заманда қапы қалып жүрмелік!» демекші, бүгінгі білім мен ғылым заманында әлемнің озық тәжірибелерін үйреніп-меңгермесек, өмір деген ұлы көште өз сыбағамыздан айырылып қаларымыз сөзсіз. Сол арқылы ата-бабадан аманатқа қалған осынау Ұлы далада Мәңгілік елдің баласы өркениеттің үздік үлгілерін бойына сіңіре отырып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибесін байыта түсері хақ.