Елімізде халықтың 46 пайызы ауылда тұрады. Яғни, мемлекеттің дамуында ауылдардың рөлі ерекше. Дегенмен елді мекендердің күрмеулі мәселесі де жоқ емес. Кей ауылдар тұралап қалды, тұрғындарының табысы азайды. Осыны ескерген «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебі биыл «Ауыл аманаты» жобасын бастаған болатын. Жоба аясында ауыл әкімдері мен кәсіп бастауға дайын азаматтар білім алып, көптеген жеңілдік алып жатыр. Бұл жұмыстардың қалай іске асып жатқанын толықтай білу үшін аталған мектебінің директоры Данияр Мұқитановпен сөйлестік. – Әуелі әңгімемізді «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебінің жұмысынан бастасақ. Мектеп саяси кадрларды даярлауда қандай еңбек атқарып жатыр?
– «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент мектебі 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Мектеп құрылғаннан бері Мәжіліс депутаттарының, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының, әкімдердің, партия қызметкерлері мен бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелерінің арасынан 100 мыңнан астам адамды оқытып шығарды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен партия басшылығының тапсырмасымен мектеп өз қызметін трансформациялау және жандандыру үдерісінен өтуде. Мақсатымыз – Жаңа Қазақстан жағдайында азаматтармен жұмыс істей алатын, олардың мұң-мұқтажына мән беріп, проблемаларын тиімді шеше алатын саясаткерлерді дайындау. Біз біржолғы қысқамерзімді семинарлар мен тренингтерден неғұрлым жүйелі оқу бағдарламаларына, онлайн оқытудан офлайн оқытуға, өңірлерге жиі шығып, жергілікті жерлерде кадрларға білім беріп, оқыту қызметтерін аутсорсингтен жеке бағдарламалар әзірлеуге, тренерлердің, оның ішінде партия қызметкерлерінің жеке пулын құруға көшудеміз. Мәселен, биыл партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары мен бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері үшін базалық медиация курсы бойынша оқыту жүргізілді. Оның аясында 574 адам білім алды. Бұл білім оларға даулы мәселелерді тиімді шешуге, халықпен жұмыс істеуге көмектеспек.
Мектеп «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында 13 маусым мен 20 шілде аралығында Қазақстанның барлық облысының ауыл, ауылдық округ әкімдеріне және аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына «Табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбында 3 күндік көшпелі семинар өткізді, бұл семинар шеңберінде 2 135 адам білім алды. Оқыту барысында қатысушылар ауыл скринингі мен маркетингтік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды, ауылдың мамандануын анықтауды үйренді. Әсіресе, ауыл әкімдері ауылда әлеуетті табысты бизнес жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгерді. Оқыту ауыл әкімдеріне тұрғындардың табыстарын нақты арттыруға, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын ашуға көмектеседі.
Оқу кезінде дағдыларды практикалық жағынан дамытуға баса назар аударылды. Сондықтан семинар барысында қатысушылар алған білімін іс жүзінде өзекті кейстер мысалында пысықтады. Мәселен, ет пен сүт өнімдерін шығаруда, тігін шеберханаларын ашуда ауылдардың әлеуеті зор. Әкімдер әр жобаны нақты қарастырды. Кейіннен курс тыңдаушылары бұл материалды басқа жобалар үшін де үлгі ретінде пайдалана алады. Шындығында, ауыл әкімдері – саяси менеджер, оның түпкі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын жақсарту. Осы біліммен әкімдер ауылды дамытуды тиімді жоспарлап, тұрғындарды жаңа кәсіпорындар құруға шоғырландыра алады.
– Ауыл әкімдерінен бөлек, тұрғындар да білім алып жатқанын білеміз. Бұл қалай жүзеге асуда?
– Бұған қоса, біз «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 28 шілдеден бастап 6 қыркүйекке дейін ауыл халқы арасында республикалық ақпараттық марафон өткізіп жатырмыз. Мобильді топтар жасақталды, олардың міндеті еліміздің барлық өңіріндегі халық алдында жобаның мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру болды. Біздің топтар еліміздің барлық 17 облысының 175 ауданындағы 425 ауылға барады, онда әрбір тұрғын өз сұрақтарын қойып, жоба бойынша ақпарат ала алады. Сонымен қатар тренерлер мен лекторлардың жеке пулын құру үшін біз партия қызметкерлерінің ішінен 25 адамды іріктеп алдық. Олар үшін «Тренингтерді өткізу құралдары және фасилитация» тақырыбында тренинг өткіздік. Алдағы уақытта біз партияның орталық аппараты мен аймақтық филиалдарының қызметкерлері үшін лекторлар пулын тарта отырып, тұрақты негізде партияішілік оқыту жүргізетін боламыз. Партияның орталық аппаратының қызметкерлеріне арналған алғашқы тренинг 14 қыркүйекте өтеді, ол «Жаңа партиялық жобалар» тақырыбына арналып отыр.
– Академия әйелдер мен жастардың саяси белсенділігін қалыптастыруға тырысып жатқандай көрінеді. Ол жөнінде не айтасыз?
– Президент Қ.Тоқаев әйелдер құқығын өз саясатының басымдықтарының бірі деп жариялады. Мысалы, Парламент пен мәслихаттарға партиялық тізімдерде әйелдер үшін 30 пайыздық квота енгізді. Одан бөлек, 2020 жылы тек партиялық тізімдерде ғана емес, сонымен бірге Парламент пен мәслихаттың нақты сайланған депутаттарының 30 пайызын құрайтынын мәлімдеді. Бұл тұста сайлау органдарында осы рөлдерді ала алатын танымал саясаткер әйелдердің жетіспеушілігі байқалады. Үкіметте тек екі әйел министр болып жұмыс істейді, ал қазір облыс әкімдерінің арасында әйелдер жоқ. Ауыл әкімдерінің тек 8 пайызы ғана әйелдер. Қазақстанда әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту және ілгерілету мақсатында саяси менеджмент мектебі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Конрад Аденауэр атындағы қормен бірлесіп, Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен көшбасшы әйелдерге арналған «Томирис» бағдарламасын іске қосты.
Бағдарлама шеңберінде конкурстық негізде саясат, қоғамдық сектор және «AMANAT» партиясының активі саласында 30 көшбасшы әйел іріктеліп алынды. Олар таяуда 5-9 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында қарқынды 5 күндік бағдарлама бойынша оқытылады. Бағдарлама қатысушылардың әртүрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарға тағайындалуына немесе сайлануына көмектесетін дағдыларды, білім мен құзыреттілікті дамытуға бағытталған. Аталған бағдарламада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Ораловпен, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаевамен, АҚДМ вице-министрі Александр Даниловпен, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарымен кездесулер қарастырылған. Сондай-ақ Германияның Христиан демократиялық партиясының Әйелдер қанаты делегациясымен кездесу жоспарда бар.
Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасымен біз жас саясаткерлерді даярлау үшін жаңа көшбасшылық жоба – Жас саясаткер мектебін іске қосамыз. Жастар еліміздің дамуында үлкен рөл атқарады. Біз жастарға еліміздің саяси өміріне белсенді қатысу үшін барлық мүмкіндік пен дағдыларды беруіміз керек. Жоба аясында біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен саясат саласынан 50 жас перспективалы адамды таңдап, олардың дамуын қолдау үшін біліммен, құзыреттілікпен, дағдылармен қамтамасыз етеміз. Жыл соңына дейін Парламент Мәжілісінің депутаттары мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын саяси коммуникациялар бойынша оқытуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарындағы белсенді мүшелерінің қызметін жандандыруға бағытталған көшпелі оқыту іс-шарасын өткізу жоспарлануда. Бұл жобалардың барлығын жыл сайын, ұзақмерзімді негізде жүргізу жоспарланып отыр.
– Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру үшін ауыл әкімдерін оқыту курстары өтуде. Дегенмен осы тұста бір сауал шығады, ауыл әкімдерінің біліктілігі мен мүмкіндігі сәйкесе ме? Кей ауылдарда инфрақұрылымның дамымағаны, әлеуеті төмен екені жасырын емес.
– Бағдарлама бойынша барлық өңірді 100 пайыз қамти отырып, 2 135 ауыл әкімі мен партия филиалдарының атқарушы хатшылары оқытылғанын айттық. Ауыл әкімдері ауыл скринингін жүргізуді және қандай да бір бағыттар бойынша даму жоспарларын әзірлеуді үйренгендерін жеткізді. Халыққа, кәсіпкерлерге сауалнама жүргізу арқылы ауылды дамытудың негізгі бағыттарын анықтап, ауылдың әлеуетін бағалай отырып, шағын және орта бизнесті дамыту, ауылға инвесторлар тарту арқылы жаңа өндірістер құру бойынша практикалық жұмыстар жүргізе бастады.
Рас, бюджеттің, ауыл әкімінің өкілеттіктерінің жетіспеушілігіне қатысты проблемалар да жоқ емес. Мектептегі семинарлар барысында әкімдерден мәселелерді сұрастырып, жүйелендірді, талдап шықты. Бұл деректер партияға берілді. Партия бұл мәселелерді жүйелі деңгейде, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы шешетін болады. Оған қоса, біз академия ретінде өз жұмысымызға жауапты бола отыра, әкімдерге қолда бармен ең жақсы нәтижелерге қол жеткізуге көмектесетін білім мен дағдыларды ұсынамыз.
– «Ауыл аманаты» бірреттік жоба ма, әлде алдағы уақытта да жалғаса бере ме?
– Қаржыландыру 2023-2025 жылдар аралығында үш кезеңде жүргізіледі. Осы жылдар ішінде бағдарлама аясында жыл сайын республиканың барлық облысына «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға бюджеттік кредиттер бөлу көзделетін болады. Несие беру 2023 жылы басталмақ.
– Кей аймақтар мал шаруашылығына қолайлы, басқасы егінге ыңғайлы болуы мүмкін. Жоба бойынша ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу кезінде өңірлердің шаруашылық ерекшеліктері ескеріле ме?
– Жоба аясында әр ауданда, ауылда сауалнама жүргізіледі. Скрининг жолымен статистикалық ақпаратты алғаннан кейін ауылдарда әрбір елді мекеннің еңбек, қаржы және өзге де ресурстарына назар аудара отырып, географиялық ерекшеліктері бойынша сандық көрсеткіштер жинақталады. Статистиканы талдаумен ауылдың мамандануын және әлеуетті кәсіпкерліктің бағытын айқындайтын, жергілікті әкімдіктерге қандай нақты көмек көрсету керегін анықтайтын «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі бар. Зерттеу нәтижелері аудандарда қандай дақылдар өсіруге қолайлы екенін, олардың аумағында қандай өндірістер ашуға болатынын анықтауға көмектеседі.
– Келешекте «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі қандай көрсеткіштермен өлшенеді? Кәсіп ашқандар тұрақты бақылауда бола ма?
– Дәл осындай жоба 2019 жылы Жамбыл облысында іске қосылғанда жақсы нәтижесін көрсетті. Онда республикалық бюджеттен дамуға 7,2 млрд теңге бөлінді. Ақшалай қаражат 2,5% мөлшерлемемен берілді. 11 ауылдық округ іріктелді. Нәтижесінде, АӘК алушылар саны 3 есеге қысқарып, ауылдарда орташа айлық табыс 1,7 есеге ұлғайды, ал жұмыссыздар саны 36 пайызға азайды. Жамбыл облысының мысалында біз ауылдық жерлерде жаңа экономикалық саясаттың негізі қалай қалыптасатынын көріп отырмыз, бұл еліміздің басқа өңірлерінде ауыл халқы үшін кепілдендірілген табыс көзі бар тұрақты жұмыс орындарын құруға, халықтың, әсіресе жастардың ауылдан кетуін азайтуға, тұрғындар арасындағы әлеуметтік шиеленіс деңгейін қысқартуға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рақмет!