Бір топ министр мен Шымкенттің әкімі Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды
Бүгін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл! Мерейтойға орай елорда мен Шымкент қаласында ғалымның ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Астанада Қаламгерлер аллеясында «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Е.Байкен және ахметтанушы, алаштанушы ғалымдар гүл шоғын қойды.
Ал Шымкентте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «40 мысал, 40 мақал» көшпелі әдеби тіл керуені өтті. Жиынға қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Жиылғандар алдымен А.Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Мұрат Әйтенов өзінің құттықтау сөзінде қайраткердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті.
– Бүгін ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, аудармашы, түркітанушы, педагог, ақын Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл!
Тарихымызбен терең танысып, өткен ғасырдағы ақтаңдақтар аршылған сайын, Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы мен өнегелі өмірі ұлтқа қызмет етудің айрықша үлгісіне айналды. Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлы ұстазы мемлекетшіл қайраткерге, дербестік жолындағы күрескерге айналды.
Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын! Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы құтты әрі өнегелі болсын! – деді әкім.
Шымкентте өткен жылы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешен Орталық саябаққа орнатылды.