Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл!
Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл!
Фото: qazaqtimes.com
Бүгін –  ақын, ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіліп, туған жері Қостанай өңірінде іс-шара өтуі тиіс еді. Алайда Қостанай облысында орман өртеніп, табиғи апат болды. Inform.kz-тің жазуынша, өртке байланысты айтулы іс-шара кейінге шегерілді. Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1937 жылдың 8 желтоқсанында Алматыда ату жазасына кесілді. Оның 1929 жылдың 12 мамырына дейінгі өмірбаяны өз қолымен жазылып, тарихқа қатталған. 1882-84 жылдары кейде ел ішіндегі сауатты адамдардан, кейде жақын маңдағы ауыл мектептерінен білім алып, сауат ашады. 1886-1891 жылдары Торғайдағы екі сатылы (әр сыныбы 3 жылдан) орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде оқыды. 1891-1895 жылдары Орынбор қазақ мұғалімдер мектебінде білімін тереңдетті. Бұл мектепті бітіргендер 6 жыл мұғалім болып жұмыс істеуге міндетті еді. Осылайша 1895-1891 жылдары әртүрлі ауыл мектептерінде, кейін облыстық мектепте, екі сыныптық (екі сатылы) оқу мекемелерінде жұмыс істеді. 1901-1909 жылдары өз бетімен білімін толықтырып, шығармашылықпен айналысады. 1909 жылы Қарқаралы қаласындағы екі сыныптық училищенің меңгерушісі болып жүргенде Семей губернаторы Тройницкидің өкімімен тұтқындалып, Семей түрмесіне жіберіледі. 1909 жылдың 1 шілдесінен 1910 жылдың 21 ақпанына дейін жандармның анықтауына дейін сол түрмеде отырады. Түрмеден босағанымен Қазақстан аумағында өмір сүруге тыйым салынады. Тек Ресейдің басқа губерниясында тұруға рұқсат етіледі. «Менің таңдауым Қазақстанға жақын жатқан Орынбор қаласы болды, мұнда 1910 жылдың 10 наурызында келдім», – деп жазады өзі. 1910-1918 жылдары қазақ тіл білімі, әдебиеттану, түркология саласына негіз болған ғылыми еңбектерін құрастырды. 1918 жылдан 1919 жылдың басына дейін «Алаш Орда» құрамында қызмет істейді. 1919 жылы наурызға дейін Алаш Орда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. 1919 жылы наурызда Алаш Орда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге қатысты. Оның табандылығының арқасында сәуірде Алаш Орда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. 1919 жылдың екінші жартысынан 1920 жылдың соңына дейін «Қазақ өлкесінің әскери-төңкерістік комитетінде» комитет мүшесі болып қызмет етеді. 1920 жылы сол кездегі бірінші басшы В.И. Ленинге Мәскеудің Қазақстанды басқару ісіндегі қателіктерін сынап, хат жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне атсалысты. 1919 жылдың 27 тамызында Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің «Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы» шешіміне қарсы жазған саяси наразылығы Қостанай өлкесін бөлшектенуден құтқарып қалды. 1921 жылдан бастап Қазақстандағы жауапты лауазымдарда қызмет атқарды. Атап айтсақ, Оқу-ағарту ісі жөніндегі бірінші халық комиссары, Халық ағарту комиссариаты жанынан құрылған Академиялық орталықтың төрағасы, Қазақ халық ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, алқа мүшесі сияқты лауазымдарда еңбек етті. 1921-1928 жылдары Халыққа білім беру институтында қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ мәдениеті пәндерінен дәріс оқыған. 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті болды. 1928 жылдың 1 қазанында Қазақ халық ағарту комиссариатының ұсынысымен Қазақ мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасына профессор лазауызымына шақырылады. 1929 жылғы маусымның басында Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, Мәскеудегі Бутырка абақтысына тергеуге жөнелтіледі. Атышулы «үштіктің» 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешімі бойынша ату жазасына кесілген еді. Бірақ бұл шешім бірнеше рет өзгертіліп, 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылдың қарашасында 3 жылға Архангельскіге жер аударылады. Ал 1933 жылы мамырда денсаулығының нашарлауына байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П. Пешкованың ара түсуімен отбасымен бірге мерзімінен бұрын босап, Алматыға оралады. Сол кезден 1937 жылға дейін түрлі мекемелерде ауық-ауық жұмыс істейді. 1937 жылы 8 қазанда соңғы рет тұтқындалып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Ең алғаш жарық көрген әдеби жинағы – «Қырық мысал» (1909 ж.). Екінші кітабы – «Маса» (1911ж.). Сондай-ақ, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Ф. Вольтер, С.Я. Надсон өлеңдерін аударды. Ғылыми еңбектері: 1911-1912 жылдары төте жазу негізінде «Әліппе» түзіп, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларынан басып шығарды. 1912-1925 жылдары «Оқу құралы» атты еңбегі 7 рет (кейінгі деректер бойынша 8 рет) толықтырылып басылды. 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа нұсқасын жазды. «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған еңбегі бар. 1913 жылы «Қазақ» газетінің үш санында «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы шықты. Бұл Абайға қазақ жазба әдебиетінің төрін ұсынған еңбек еді. 1923 жылы Мәскеуде жүріп «Ер Сайын» жырын алғысөз бен түсініктеме бере отырып шығарды. 1926 жылы «23 жоқтау» кітабы жарық көрді. Дәл сол жылы «Әдебиет танытқыш» та басылып шықты. Ахметтанушы Райхан Имаханбеттің дерегі бойынша, архив құжаттары Ахмет Байтұрсынұлының «Мәдениет тарихы», «Уголовный кодекс РСФСР» атты кітаптары болғанын айғақтайды. Аталған еңбектер әлі табылмай отыр. Ғалым өзі жазған өмірбаянында 14 кітабы басылғанын айтады. Қазіргі ахметтанушылардың пайымынша, 20 кітабы баспадан жарық көріп, 3 қолжазбасын баспаға ұсынғанымен шығаруға мүмкіндік болмаған.