Өңірлерден Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге 807 тонна гуманитарлық көмек жиналды
Өңірлерден Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге 807 тонна гуманитарлық көмек жиналды
283
оқылды
«AMANAT» партиясы өкілдері ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінде» Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету туралы баспасөз-брифингін өткізді. Брифингте бірінші болып сөз алған «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек партия тарапынан жан-жақты көмек көрсетіліп жатқанына тоқталды. гуманитарлық көмек
«Ел басына күн туған кезде Аманат партиясы – елдің партиясы ретінде және Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде алғашқы сәттерден бастап гуманитарлық көмек ұйымдастырумен айналысты. Елдегі барша азамат өз аманатын біздің гуманитарлық көмек бекеттеріне табыстады. Бүгінде республика бойынша. Оның 200 тоннаға жуығы қазіргі таңда Қостанайға жеткізілді. Гуманитарлық көмек заттарының ішінде тек азық-түлік емес, гигиеналық құралдар мен құрылыс материалдары да бар. Себебі, өрт сөнгеннен кейін азаматтардың үйіне аман-сау кіруі басты мәселе. Әрине ол іске де партия мүшелері, «Жастар рухы» волонтерлері атсалысатын болады. Кеше партия мүшелері 312 тонна, ал бүгін 495 тонна көмек жинады, оның 338 тоннасы – азық-түлік. Сондай-ақ, жылы киім, жеке тазалық құралдары, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдары жіберілді» – деп нақтылады Дәулет Жамаубайұлы.
Сонымен қатар партия хатшысы қиын сәтте бірден бірігіп, көмек қолын созған халыққа ризашылығын білдірді.
«Еліміздің бірлігі күшті. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында гуманитарлық көмек жинап жатқан кезде Қорғалжыннан азаматтар 7 газельмен келіп, жиналған күштерді тегін жеткізіп берейік деп ұсыныс жасады. Осындай істерді көріп, қазақта ауызбіршіліктің сақталғанына қуанамыз. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша мыңнан аса волонтер жүктерді тасумен, гуманитарлық көмек жинаумен айналысып жатыр. Ал Қостанай облысында 300-ден аса «Жастар рухы» волонтерлері көмекке белсенді атсалысып жатыр. Олар жүктерді тарату, адамдарға психологиялық көмек көрсетумен айналысуда. Одан бөлек партия тарапынан әріптесім Ринат Думанұлы бастаған азаматтарымыз, Мәжіліс депутаттары Динара Болатқызы, Аманжол Әлтаев сынды өзге де азаматтарымыз қазір сол жақта жүр. Олар тұрғындармен тікелей кездесіп, жұмыстарын жалғастыруда. AMANAT партиясы мүшелері залалдың бетін қайтармайынша ары қарай өз жұмысын атқара береді» - деп түйіндеді Дәулет Кәрібек.
Брифингке қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев та оқиға орнында жүрген барша азаматтарға, жан-жақтан көмек қолын созып жатқан ел тұрғындарына өз алғысын білдірді. Сондай-ақ қиындықты бірге еңсеруге қашан да дайын екенін жеткізді. гуманитарлық көмек Брифинг барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы Ринат Кертаев ZOOM арқылы Қостанай облысынан тікелей байланысқа шықты.
«Қазақ халқы «төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген сөзді бекер айтпаған. Қостанай өңірінің басына қиындық төнген шақта тек Қостанай жұрты емес, бүкіл республика халқы жұдырықтай жұмылып, ел, ұлт, халық ретінде өзінің керемет бірлігін көрсетіп жатыр. Оны мен кешеден бері апат болған жерге келгенде көзіммен көріп, өзім соны сезініп отырмын. Сол үшін де барлық қостанайлықтарға, барша өңірдегі біздің белсенді, патриот азаматтарға, партияластарға бірінші кезекте рақмет айтқым келеді. Бұл қолдауды жаңа ғана Әулиекөлден оралған делегация мүшелері ғана емес, Әулиекөл тұрғындары да сезініп отыр десем артық айтқандық болмас. Мемлекет басшысы бүгін арнайы келді, арнайы жиынға қатысты, халыққа қолдауын білдіріп жатыр. Осы қолдаудың өзі жергілікті тұрғындар мен жапа шеккен азаматтарға үлкен қуат беріп жатыр. Мемлекет басшысы бастап, халқымыз қолдап, AMANAT секілді саяси ұйымдар бірігіп осы қиыншылықты еңсереміз деп сенемін. Кеше мен бастаған партияның орталық аппараты қызметкерлері, Мәжілістегі AMANAT фракциясының мүшелері, елордамыздан, Алматыдан, СҚО-дан, Ақтөбе, Ақмола облысынан біздің жергілікті филиал өкілдері, «Жастар рухы» волонтерлері келіп осы жерде қызмет етіп жатыр. Өңірлерден келген бірнеше ауыр жүк көлігін күтіп алып, жергілікті спорт кешенінде ашқан орталыққа орналастырдық. Сол жерден волонтерлер мұқтаж жандарға таратып беріп жатыр» – деді Ринат Думанұлы.
Сонымен қатар ол партия ұйымдастырған «Балаларды мектепке даярлайық!» атты акция аясында өрттен зардап шеккен балаларға көмек көрсетілетінін айтты. Ертең 34 балаға мектепке қажетті құралдар мен киім-кешек жеткізілмек. Партия хатшысының айтуынша, балалар болған жағдайға қарамастан оқу процесінен қалып қоймауы керек. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев та ZOOM арқылы оқиға орнынан байланысқа шықты. Ол оқиға орнына барған делегация мүшелерінің өрттен зардап шегіп, ауруханада жатқан тұрғындардың көңілін сұрап, кіріп шыққандарын жеткізді. Сонымен қатар, өзінің ауылдасын жанып жатқан көліктен құтқарып қалған Темір Хамитұлына ерекше алғыс білдірді.  Көршісін құтқару кезінде 55 жастағы азаматтың денесінің 9%-тін күйік шалған. Депутат осындай ержүрек жандарға және сол жерде көмек көрсетіп жүрген өзге де азаматтарға Қазақстан халқының атынан рақметін жеткізді.
«Біздің волонтерлер Арыс пен Мақтааралдағы апат кезінде тәулік бойы жұмыс істеді. Өзім де, Дәулет Кәрібек те және «Жастар Рухының» көптеген мүшесі қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, су басқан ауылдардың тұрғындарына көмектестік. Бүгінгі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген еріктілер өзгенің басына түскен қиындыққа бей-жай қарап отырмайтын белсенділіктерімен, батылдықтарымен өзгелерге үлгі көрсетуде», - деді ол.
гуманитарлық көмек Мәжіліс депутаты Динара Закиева мен «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Аққұжина Бибігүл Бүркітқызы да көрсетіліп жатқан көмек үшін ел тұрғындарына алғыс айтып, қазақ  халқы бұл қиындықты да бірге еңсеретініне сенім білдірді. Бибігүл Бүркітқызы қазір азық-түлік жеткілікті екенін, ендігі кезекте қалпына келтіру жұмыстары үшін құрылыс материалдары қажет болатынын жеткізді. Еске сала кетейік, бүкіл еліміз бойынша партияның аймақтық филиалдары жанынан кешеден бері гуманитарлық көмек қабылдау пунктері ашылды. Олардың жұмысына «Жастар Рухы» жастар қанатының 1200-ден астам еріктісі жұмылдырылды. «AMANAT» партиясы Орталық аппаратының ұжымы Қостанай облысындағы табиғи өрттерден зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету қорына бір күндік жалақысын аударды.