Әулиекөл: үрей мен үміт

Әулиекөл: үрей мен үміт

Қостанайдағы алапат өрт соңғы күн­дері бар халықтың уайымына ай­налып, алаңдатып қойды. Табиғат-Анаға да, жергілікті тұрғындарға да қырғын салып кеткен қызыл тажал­дың беті енді қайта бастағандай... Бірақ бү­гінге дейін оның «қанаты» тиіп үлгерген қанша аумақ қап-қара күйенің ас­тында қалды, ойлаудың өзі қор­қы­нышты... 2 қыркүйек, сағат 15:10. Қазанбасы ауылынан 20 шақырым жердегі орманнан өрт шықты деген суыт хабар лезде тарады. Күз басталса да, аптап ыстық әлі қайта қой­маған кез, сынап бағанасы +35 градус­ты көрсетіп тұр. Секундына 10-12 метрге дейін соққан аңызақ жел де тілсіз жауды тізгіндеуге кедергі келтіріп бағуда. Оның үстіне, қаулап өскен қалың шөп пен кірме жолдың жоқтығы да өрт сөндіру­шілерге тұсау болды. Іле-шала Новонеженка ауылынан Қазанбасы ауылына қарай 10 шақырым жерде мемлекеттік органдардың басшы­ларынан тұратын жедел штаб құрылды. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Біржан Кәрімов өрт орнына барды. Бұл уақытта екпінді жел салдарынан өрт «Семиозерное» орман шаруашылығы мекемесі алқабының қылқанжапырақты екпелеріне жайылған болатын.

***

3 қыркүйек, сағат 13:00. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өрт шарпыған аумақтың ауданы 2 мың гектардан асатыны анықталды. Тілсіз жаумен күресуге жан-жақтан көмек ағылды. Өртті сөндіруге бас-аяғы 500-ге тарта маман, бірнеше техника, тіпті пойыз, ұшақ және тікұшақ жұмылдырылды. Апаттың мән-жайын барлау үшін оқи­ға орнына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин аттанды.

***

3 қыркүйек, сағат 18:00. Әулиекөл ау­да­нын­дағы орман өртін сөндіру жұмыс­тары жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің су ағызу құрылғылары бар 2 тікұшағы өртті сөндіру үшін әуеге 12 рет көтеріліп, 36 тонна су шашты. Олар суды өрт орнынан 25 шақырым қашық­тықта орналасқан табиғи су қоймасынан алып жатыр. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, күн­нің ыстығы әлі басылар емес, керісін­ше, ауаның температурасы +38 градусқа, ал желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетіп, жалынның өршуіне жағдай жасап тұр. Өрт аумағы 3000 гек­тардан асты. Тілсіз тажал енді елді мекендерге ауыз салды: Озерное ауылындағы 8 тұрғын үйде өрт шықты. Өртті сөндіруге 6 өрт сөндіру автомобилі мен 8 су тасу машинасы тар­тылды. Тұрғындарының саны 250 адамды құрайтын Озерное ауылы мен 1000 адамды құрайтын Аманқарағай ауылының сол­түстік бөлігінен тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Кали­нино ауылынан 228 адам, Лесное ауы­лынан 363 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сағат 17.20-да Аманқарағай ауылын­дағы мұнай базасына қауіп төнді, оқиға орнында 3 өрт сөндіру автоцистернасы жұмыс істеуде. Алапат өрттен шыққан қою түтіннің кесірінен республикалық маңызы бар «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» тасжолы жабылды.

***

3 қыркүйек, сағат 22:00. Орманның 9 400 гектардан астам аумағы отқа оранды. Озерное ауылында 8 тұрғын үй мен 1 әкімшілік ғимарат, Аманқарағайда 98 тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстар, Лесное ауылында 1 тұрғын үй – барлығы 108 ғимаратты және Аманқарағай мұнай базасының аумағын өрт жалмады.

***

3 қыркүйек, сағат 23:10. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке азамат­тардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өртті сөндіру шараларына басымдық беруді, сондай-ақ төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлуді тапсырды.

***

3 қыркүйек, сағат 23:20. Көмекке мұқтаж халық үшін Қостанай облысындағы өртке байланысты облыстық департамент жанынан жедел желі іске қосылды. Жер­гілікті атқарушы органдар эвакуацияланған адамдарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналас­тырды.

***

4 қыркүйек, сағат 8:00. Аманқарағай ауылында мұнай базасы аумағындағы және Лесное ауылындағы өрт сөндірілді. Аманқарағай ауылы мен Озерное ауы­лының тұрғын үйлеріндегі өрт оқшаула­нып, мамандар жеке ошақтарды сөндіруге кірісті. ТЖД мәліметіне сай, 10 адам жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат пен күйік алып, уланған. Олардың 4-еуі ау­дан­дық орталық ауруханаға, 6-уы тексеруден және көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Ахуалдың жақсаруына байланысты республикалық маңызы бар Р-36 тасжо­лын­да көлік қозғалысы мен пойыз қозға­лысы толық қалпына келтірілді.

***

4 қыркүйек, сағат 10:00. Табиғи апаттан 86 жастағы мүгедектігі бар ер адам мерт болды. Оның мәйіті Аманқарағай елді мекеніндегі үйінділерді қарау барысында табылды. Өрт қаупі бар елді мекендерден 1800-ден аса адам эвакуацияланды. Тосын апаттан ес жиып үлгермеген халықтың бір бөлігі – эвакопункттерге, бір бөлігі – туыс­­тарының үйіне, енді бір бөлігі ә­с­ке­рилер тіккен шатырларға орналастырылды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысында 106 мың гектар орман қорының 43 мың гектарын өрт шарпығанын мәлімдеді. «Қазір 8 өрт ошағы бар. Елді мекен­дердегі тұрғын үй құрылыстарына өрт тарауына жол бермеу үшін үш жауынгерлік учаске құрылды, онда ТЖ министрлігінің бөлімшелері белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, үш әуе кемесі жұ­мыс істеуде, қосымша тағы үш әуе кеме­сінің келуін күтеміз», – деді Юрий Ильин. Сондай-ақ ведомство басшысы арнайы комиссия Әулиекөл ауданында өрт сал­да­рынан зардап шеккен үй иелеріне келтіріл­ген залал мөлшерін бағалап жатқанын, мемлекет тарапынан барлық шығын өтелетінін айтты. «Волонтерлік ұйымдар да белсенді кө­мек көрсетіп жатыр. Қазір зардап шеккен халық үшін қаражат пен мүлік жиналып жатыр. Сондықтан әкімдік көмек көр­сетуге ниет білдірген ұйымдар мен азамат­тардан мүлік пен ақшалай қаражатты халық арасында бөлу бойынша жұмыс істейді», – деп толықтырды Ильин.

***

Расында, аталмыш апат күйретіп кет­кен жұртқа жаны ашып, жәрдем беруге ұмтылған тілекші халық қарасы күннен-күн­ге көбейіп келеді. Төтеннен келген апат ешкімді бей-жай қалдырмады. Мем­лекет, кәсіпорындар, ұйымдар, компания­лардан бөлек, қарапайым азаматтар тарапынан да көлдей көмек көрсетіліп жатыр. Олар әрбір қалада құрылған жедел штабтарға әл-шамасы жеткенше азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек, басқа да қажетті заттарды апарып беріп, қапалақтап қалған қостанайлық ағайынның көңілін там-тұмдап болса да жамауға тырысуда. Бүгінде Торғай топырағына камаз-камаз болып ағылған гуманитарлық көмекпен бірге жер-жердегі қазақтың «Біз сендерді қиындықта тастамаймыз» деген аппақ, риясыз ниеті де келіп жетіп жатқандай. Осы орайда халықаралық шолушы Қуаныш Еділхантегі өзінің Facebook парақшасында мынадай ойымен бөлісіпті: «Германияның Кёльн қаласында ірі демонстрация болып өтті. Кейбір дерек­терде оған 70 мың адам қатысқан дейді. Сондағы талабы – үкіметке Ресейдің «СП-2» газ құбырын ашқызу. ...Осы жерде еуро­палықтардың менталитеті айқын көрінеді – олар тек тұтынып үйреніп қалған халық. Азия, Африка, басқа да колониалды тәуелді елдердің табиғи ресурстарын шексіз пайдаланып жаман үйренгендер сондайға әбден бауыр басып, ол солай болуға тиісті нәрседей көреді. Үйлерінде жылу 3-4 градусқа азайса басқаларды тірідей жеп қоюға әзір. Украин балалары қырылып жатыр-ау, халқы босып жүр-ау, сондықтан РФ газынан бас тартып бас­қыншыға ақша бермей тұра тұрайық деген түсінік оларда жоқ болып тұр. Ал біздің халықтың менталитетін қараңыз – өздері аш-жалаңаш, жетісіп отырған ештеңесі жоқ болса да, Қостанай халқына деп бүкіл елден жылу жинап, соған бәрі ат салысып жатыр...». Қаржылай, материалдық көмектен бөлек, қара күшпен де қолұшын бергісі келгендер ерікті ретінде Әулиекөлге ат­тануда. «Екі қарым сынғанша, екі табаным ойылғанша, өртке қарсы алыса аламын. Жараланып, жалын шарпып, күйік шал­ған­дар болса, сапалы медициналық көмек көрсетер қабілетім бар, жақсы оқыған фельдшермін» деп ақын Ұларбек Дәлейұлы сол еріктілердің бірі болып, қазір Әулиекөл аумағын қалпына келтіруге көмектесіп жүр. Жалпы, әлеуметтік желіде жарияланып жатқан посттарға қарап, дүйім елдің аң­қыл­даған көңілін бұл жолы да кәдімгідей сезіндік. Бұған дейін Арыстағы, Жам­былдағы апаттарда жұрт бо­лып жұмылып, қолда барын беруге асық­қан ағайын бүгін де ауызбірліктің әдемі үлгісін көрсетіп жатыр.

***

Әулиекөлдегі апат шетелдік БАҚ наза­рынан тыс қалған жоқ. Бірақ олардың осы жаңалықты жеткізуі мен оған әлеуметтік желіде қалдырған пікірлерінің ауанына қарап, бір-бірінен ерекшеленетінін көр­дік. Түркия, Қырғыз Республикасы, Өз­бекстан, Әзербайжанның бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаны бар күйінде беріп, қандай да бір болжам айтудан немесе тосын интерпретация жасаудан өздерін аулақ ұстаған. Азаматтарының да әлеуметтік желідегі пікірлерінен тек тілек­тестік бай­қадық. Әсіресе қырғыз ағайы­н­ның «Керек болса, біз де барып көмектесуге әзірміз», «Қазақ бауырымыздың басына төн­ген зауал бізге де бөтен емес» дескен жып-жылы посттары жүрегімізді жылы­т­ты. Ал кейбір ресейлік БАҚ-та бұл құбы­лыс­ты сипаттай келе, біздің халықтың ойын сан-саққа жүгіртетін сумақай пікір­лерді бірнеше мәрте көзіміз шалды. Өкі­нішке қарай, осындай посттар әлеуметтік желіде қазақстандықтардың қызу талқы­сын туғызуға ықпал етіп те жатыр.

***

5 қыркүйек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға келіп, орман өртінен зардап шеккендермен кездесті. Ол Әулие­көл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде тосын апаттан тоз-тозы шыққан халқын жұбатып тұрып: «Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіз­дерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді», – деді. Нендей нәубетке тап болса да, Пре­зиденттің өзі келіп жұбату айтқаны желеу болды ма, жер-жердегі жұрттың жұмыла қол ұшын беріп жатқаны жанын жылытты ма – жергілікті тұрғындардың көңілі сәл-пәл демделіп қалғандай болды. Күндердің күнінде жағдай оңалар, сынық көңіл қайта қалпына келер, сөз жоқ. Ең бастысы, тосын сынаққа ұшы­рағандардың жүгін жұрт болып жеңілдетуге асығатын бауырмал мінезімізді ешқашан жоғалтып алмасақ екен...

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ