2 ақпанда Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҚР ДСМ шұғыл медицинаның ұлттық үйлестіру орталығы 83 қазақстандықты отанына жеткізді, оның 80 - ін ҚХР Ухань қаласында орналасқан студенттер, деп primeminister.kz.
Ұшу барысында барлық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген қазақстандық дәрігерлер еріп жүрді.
Денсаулық жағдайын тексергеннен кейін келгендер қаладан 7 шақырым жерде орналасқан елорданың көпбейінді ауруханасы жанындағы инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге орналастырылды.
Үкімет жанындағы Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия клиника инфекциялық қауіпсіздіктің қажетті технологияларымен, заманауи диагностикалық, емдік және реанимациялық жабдықтармен, медициналық қызметкерлермен жабдықталғанын атап өтті.
Онда көшірілген азаматтар қосымша тексеруден өтеді, бірінші кезекте коронавирустық инфекцияға тестілеу жүргізіледі. "Карантин кезеңінде келген қазақстандықтармен тек аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар медицина қызметкерлері ғана байланыста болады. Келген азаматтардың туыстары мен жақындарына хабар беріліп, олар карантиндік кезеңнің регламентімен танысты", - делінген ақпаратта.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚХР-ға 13,6 тонна көлемінде медициналық бұйымдар түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Қырғыз Республикасы, Беларусь Республикасы және Армения Республикасы биліктерінің өтініші бойынша осы елдердің азаматтарын Ухань қаласынан эвакуациялау қамтамасыз етілді.
"Барлық қажетті ақпаратты ұсыну үшін 1406 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Азаматтарды дұрыс емес ақпарат таратпауға, ресми көздерден ақпарат алуға және сенуге шақырамыз", - делінген ведомствоаралық комиссияның хабарламасында.