Тұрмыс-тіршілігі ғасырлар бойы төрт түлікке қараған ата-бабамыз құсты тек аңшылық мақсатта ұстап, баптаған. Ал басқадай жағдайда, сондай-ақ оның экзотикалық түрлерін қолға үйретуі сирек. Бірақ мал баққан қазақ кейінгі ғасырда құс бағуды да меңгеріп алған. Қазір ел ішінде көгершін өсірушілер күрт көбейіп келеді. Қазақстанда құстың 489 түрі бар. Мұның ішінде кептердің 30 түрі, ал түркептердің 4 түрі кездеседі. Кептердің қолға үйретілгенін «көгершін» дейді. Бірақ көгершін өсірушілер оларды негізінен алыс-жақын шетелдерден алғызады: бакулік, әндіжандық, тәжік, парсы, бұхар, шалқар, гасан, қақпан, тауыс, көбелек, сәндік тұқымдар... Ақ, қара, сары, қызыл құйрықты, сарыбүйірлі, қызылбүйірлі, тағы басқа түстестер кездеседі. Бірі балақ жүні ұйысқан, бірі тобығы тұлдай жалаңаш, енді бірі айдарлы, етік киген тоты құсқа ұқсайтын түрлері де бар. Бір сөзбен айтқанда, көгершіндерден табиғаттағы түстің бәрін табуға болады. Өйткені оларды қолдан шағылыстырып, жаңа түрлерін жасаудың жолы көп. Олардың бағасы 5 мың теңгеден 5 мың долларға дейін жетеді. Сондықтан көгершін бағуды кәсіпке айналдырып, табыс тауып жүргендер де аз емес. Ал біздің кейіпкеріміз құсты коммерциялық мақсатта емес, жан ләззаты үшін өсіреді.
«Бала күнімізде көктемде жыл құстарының келуін асыға күтіп, қуана қарсы алатын едік. Күзде құстар кері қайтып ұшып кеткенде көңіліміз мұңайып қалатын. Біз құстарды көктемнің жаршысындай, қуаныштың хабаршысындай көретінбіз. Менің көгершін бағуға құштарлығымды оятқан осы сезім болса керек», – дейді Қуат Қалиев.Бала кезінде Қуаттың нағашысы көгершін ұстаған екен, кейін бұл өнер өзіне ауысқан. Құсшылықпен алғаш ауызданғанда небәрі 8 жаста болыпты. Содан бері міне, табандатқан 46 жыл өтті, бала күннен құмартқан әуестіктен еш айныған емес. Қазір оның қолында жүзге тарта асылтұқымды көгершін бар.
«Өзім Ақмоланың Ақкөл ауданында туып-өстім. Бұл өлке орман-тоғайлы, өзен-көлді болғандықтан мал ұстауға да, құс бағуға да қолайлы. Ал көгершін өсіру тіпті оңай еді. Үйшігін жасап, бір мезгіл жемдеп тұрсаң жеткілікті. Қазіргідей ұдайы дәрумендер беру, жылына екі рет екпе жасату, қолдан жұптастыру сияқты машақатты білмейтінбіз. Бәрі табиғи жолмен жасалатын», – дейді құс баптаушы.Ауа райы өзгерді ме, құстар осал ма белгісіз, әйтеуір қазір оларға уақытылы емдік шаралар жасалып тұрмаса, ауырып қалатын көрінеді. Сондай-ақ дәрумендерден, ішек құртына қарсы берілетін дәріден бөлек, жемінің өзін әредік түрлендіріп, бидай, шемішке, тары, жүгері, күріш, бұршақ және көк шөппен алмастырып отыру қажет. Егер бидайдың 1 қабы 5 мың теңге тұратынын және ол бір айға ғана жететінін ескерсек, басқа керек-жарақтарын түгел есептегенде құс өсіру үшін жылына 300-350 мың теңге жұмсайды екен. Махаббат символына лайық Табиғатта құстар сәуірден қазанға дейін жұптасады. Үй жағдайында олардың шағылысу уақыты аймақтарға қарай ерекшеленеді. Солтүстік өңірлерде наурыздың аяғы, сәуірдің басына қарай, оңтүстік аймақтарда одан шамамен жарты ай-бір ай бұрын. Жабайы кептерлер серігін өздері таңдайды және өмірінің соңына дейін онымен бірге болады. Еркек кептер өзіне ұнаған ұрғашысына қызығушылық танытып, ол қарсылық білдірмесе, қысқа уақыттан кейін олар жұптасып кетеді. Бірі-бірін тұмсықтарымен «сүйіп», «ынтызарлығын» білдіреді. Ал үйде құс өсірушілер тұқымды бұзбас үшін көгершіндерді қолмен жұптайды. Жұптарды жеке торларға бөліп салады.
«Мынаның ұрғашысын бір жолдасым сыйға тартқан еді, алайда олар жалғыз өмір сүре алмайтындықтан, тура сондай еркек көгершінді Өзбекстаннан сатып алдыртуға тура келді. Бұларды торда ұстаймын, сыртқа шығармаймын, одан тұқым аламын», – дейді құсшы.Оның айтуынша, көгершіндердің алты айда жыныстық белгілері жетіледі, бірақ бұл уақытта оларды жұптастырмаған жөн. Өйткені құстар әлі жас, әлсіз, иммунитеті толық қалыптаспаған. Оларды тек 1 жылдан кейін шағылыстырған дұрыс. Жұптасқаннан кейін араға күн салып екі жұмыртқа табады. Ұяда күндіз еркегі, түнде ұрғашысы жатып, 18 күнде балапан басып шығарады. Балапанын енесі бөтегесіндегі сүтімен асырайды. Бір айдың ішінде олар толыққанды көгершінге айналып, жем жей береді. Жабайы табиғатта кептер 6 жыл өмір сүрсе, қолда олардың жасы 12 жылға дейін жетеді. Кептерлер «бірнекелі» болады, ал олардың бірі-біріне деген адалдығы мәңгілікке созылады. Қазақ аққуды – махаббаттың, бүркітті – батырлықтың, қарлығашты – бақыттың, ал көгершінді бейбітшілік нышанына балаған. Әйтсе де, көгершіннің жұбына адалдығына қарап, оларды да махаббат символы деп қабылдарлықтай екен. Хат тасушы қолғанат Көгершіндер қысы-жазы мезгіл таңдамай ұша береді. Дегенмен үйшігінен алысқа ұзамайды. Сондай-ақ ұясына өзге құстарды жолата қоймайды. Тіпті, біреуге берген, ұрлап кеткен көгершіндердің байырғы мекеніне қайтып оралатын кездері көп. Осы қасиетіне қарап, ертеде көгершінді хат тасу үшін пайдаланғанын да білеміз. Ондай жағдай біздің кейіпкердің де басынан өтіпті.
«Бір көгершінімді осы жерден 24 шақырым Талапкерде тұратын жолдасыма сыйлап жібергенмін, сол бір аптадан кейін өзіме қайтып оралды. Хабарын беріп едім, жолдасым оны қайтадан алып кетті. Мұнан кейін қайтып оралған жоқ, жаңа иесі ұнаған болуы керек», – деп жымияды құсшы.Құсшының айтуынша, елордада 100-ден астам көгершін өсіруші бар. Олар құсқа екпе салу, басқа да жағдайда әредік кездесіп, бірі-біріне көмектесіп, өзара тұқым алмасып тұрады. Өзі көгершінді сауда үшін емес, таза демалыс үшін баққанымен, кейде бірді-екілі құсын сатып жіберетін де кездері болған. Түскен ақшасын қажетті оны-мұнысын алуға жаратады. Әуежайда жүргізуші болып істейтін Қуат Қалиев таңертең жұмысқа барарда күнде 5.30-6.00 сағатта ұйқыдан оянып, көгершіндеріне жем шашып кетеді. Жұмыстан келген соң үйіне бұрылмай, бірден құстар үйшігіне соғады, солармен сырласады, шаршағанын басады. Бұл – оның күнделікті әдеті.
«Құс бағу әркімнің қолынан келе бермейді. Көгершіннің жанын түсіну үшін оларға жақын бола білу қажет. Олар – адамның досы. Бұл жарықтықтар жұмыстан қажып келгенде шаршағаныңды басып, көңіліңді көтереді. Аспанға ұшып-ойнаған құстардың сан алуан шалт қимылдарын көріп, жаның жадырайды. Кейде көгершіндер топталып зәу көкке көтеріліп, көз ұшында қарайған ноқатқа айналады. Кейбірі талмастан 2-3 сағат зулайды. Тіпті, 5-6 сағат қалықтап, жерге түспей қоятын кездері болады. Мұндай қызықты көрген де бақыт», – дейді Қуат Қалиев.Құсшы көгершіндерін оң жағалаудағы ескі гараждар тұрған аумақта ұстап отыр. Сол жерде құс үйшігін орналастырғанына он жылдан асыпты. Бірақ кейінгі жылдары қаланың бас жоспарына сәйкес ескі құрылыстар бұзылып жатыр. Сондықтан оның көңілінде егер гараждар сүріліп кетсе, құс үйшігін қайда қоямын деген алаң бар. Өйткені құсшы бала күннен бергі айнымас досына айналған көгершіндерінен айырылғысы жоқ.