Бір кездері Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі қызметке шақырған әйгілі академик Муфтах Диаров атыраулықтардың бір түнде оянбай қалуы мүмкін екенін айтқан еді. Расында, ауаның қазіргі ластану деңгейін ескерсеңіз, ғалымның адам шошытарлық болжамы ақиқатқа айналуы ғажап емес. Алысқа бармай, күнделікті жағдайды мысал етейік. Күздің келгеніне көп болған жоқ. Үш ай жазда атыраулықтар қолқаны қапқан сасық иістен мең-зең күйге түскен. Шын мәнінде, Атырауда нашар экология онкологиялық, туберкулез ауруларының өршуіне, тіпті әлгі аурулардың «жасаруына» әкеліп соқты. Теңіз кенішінен атмосфераға шығарылған улы заттардың Атырау халқының денсаулығына тікелей кері әсер етіп отырғанын алғаш рет академик, ғалым Муфтах Диаров дәлелдеп кеткен болатын. Ашық дерек көздеріне сенсек, Атырауда ауаға жыл сайын орта есеппен 123,55 мың тонна улы қалдық шығарылады екен. Осының салдарынан Атырауда жылына 2 824 адам жаңадан жұқтырған аурумен тіркеледі. Академик Муфтах Диаров зерттеулерінің бірінде Жылыой ауданындағы аурушаңдықтың өршуін Теңіз кен орнындағы жағдаймен байланыстырады.
«Жылыой ауданы аурушаңдық бойынша көш бастап тұр. Аурушаңдық дерегі бұл ауданда 47,6 пайызды құрайды. Мәселен, 2001-2014 жылдар аралығында Теңіз кен орнында 296,66 млн тонна мұнай өндірілген. Салыстырмалы зерттеулер Жылыой ауданы тұрғындарының 4,18 пайызының асқазан, ішек жолдары ауруына шалдыққанын көрсетті. Бұл улы заттардың ауа арқылы тарап қана қоймай, тағамдар арқылы да адам ағзасына еніп жатқанын көрсетеді», – дейді ғалым.Расында, Атырау өңірі қазір туберкулезге шалдығу бойынша республикада көш бастап тұр. Облыс әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2020 жылы облыстың 357 тұрғыны, ал 2021 жылы 413 атыраулық туберкулезді жаңадан жұқтырған екен. 2022 жылдың 7 айында туберкулезді жұқтырған 244 адам тіркеліп отыр. Олардың ішінде балалар да бар. Мәселен, биыл бұл дерт 20 баладан анықталған. Былтыр 7 адам, биыл 4 адам туберкулезден көз жұмған. Ғалымдар Атыраудың әлі күнге дейін туберкулезбен күресіп келе жатқанын экологиялық ахуалмен тікелей байланысты екенін әлдеқашан дәлелдеп қойды. Тұрғындар да ауаны ластаушы Үкімет тарапынан кәсіпорындар қызметінің бақылауға алынып, оларды тұрғындарға өтемақы төлеуге міндеттеу керегін айтады.
– Балаларым, ата-анам, туыстарым бәрі де Атырау қаласында тұрады. Сондықтан басқа облысқа көшкім келмейді. Ұл-қыздарымыздың болашағын да осы қаламен байланыстырамыз. Сондықтан қаланың экологиясын жақсартуға Үкімет деңгейінде шараларды қолға алғанын қалаймыз. Атырауда, мысалы тал өсіруге көңіл бөлініп жатыр. Бірақ көп жағдайда ағаш егу бірреттік акция күйінде қалып жатады. Бұдан бөлек, табиғатты ластап жатқан ірі мұнай компанияларына халық саулығына тигізген залалы үшін өтемақы төлеуді міндеттеу қажет. Ауаны тазалайтын қазандықтардың тиімді жұмысына көңіл бөлінсе екен – дейді Атырау қаласының тұрғыны Жанмира Атайманқызы.Тұрғындар көтеріп жүрген экологиялық зардап үшін өтемақы төлеу жайы біраздан бері айтылып жүрген-ді. Бірақ бұл мәселеге келгенде құзырлы органдар жұмған аузын ашпай отыр. Есесіне экологияны ластаған табиғат пайдаланушы компанияларға салынған айыппұлдың қайда кетіп жатқаны белгісіз. Бұл сұрақты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мен Экология департаментіне жолдап, бір айдан астам уақыт бойы тиісті жауап ала алмадық.
«Глобус» қорының төрайымы, табиғат жанашыры Галина Чернова «Атырауды экологиялық апатты аймақ» деп танитын уақыт келгенін алға тартады.«Біріншіден, жергілікті билік күкіртті сутек шығаратын кәсіпорынды анықтауы керек. Әрі ол мекеме таратылып немесе мұнай, газ өндіру қуаттылығын азайтқаны жөн. Шын мәнінде, Атырауда ауаға шығарылып жатқан улы заттардан бөлек те проблемалар жетерлік. Жайық тартылып барады. Бұл – өте үлкен мәселе.
Жайықтың тартылуы – апатты жағдай. Халықаралық тәжірибеде мұндай мәселені шешудің жолдары бар. Трансшекаралық өзендер бойынша олар бастауын алатын елдермен келісім жасалады. Келісімдер орындалмаған жағдайда халықаралық сотқа шағымдану мүмкіндігі бар. Бірақ Қазақстан мен Ресей арасында құрылған комиссияның ешқандай да беделі жоқ. Осы мәселеге Үкімет, Сыртқы істер министрлігі деңгейінде араласатын кез келді», – дейді табиғат жанашыры Галина Чернова.Өкінішке қарай, Атыраудың экологиялық мәселесі бір тақырыпты ғана көтерумен шектелмейді. Ауаның ашық улануы, Жайықтың тартылуы сынды мәселелердің артында халықтың саулығы, елдің болашағы жатыр. Оған қоса, ғалымдар қазір жануарлар мен өсімдіктер әлемінің 30 пайызы мүлде жойылып кету қаупінің алдында тұрғанын айтып жүр. Олардың көпшілігі Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл мәселенің де негізгі себептері ретінде қоршаған ортаның ластану факторы аталады. Сондықтан Атыраудың экологиялық проблемасы бір ғана өңірдің мәселесі деңгейінде қалып қоймағаны жөн.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы