Армения мен Әзербайжан келісімге келуі мүмкін
Армения мен Әзербайжан келісімге келуі мүмкін
289
оқылды
Бұл туралы Дилижанда өткен 3  күндік «Азаматтық келісім» партиялық жиналысында Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді. 1-3 қыркүйек күндері Дилижанда билеуші партия «Азаматтық келісімнің» отырысы өтті. Жиынға жергілікті билік өкілдерінен бөлек, NDI (National Democratic Institute) америкалық ұйымның сарапшылары қатысты.
«Грапарак» басылымының хабарлауынша, отырыстың соңғы күні Үкімет басшысы фракция депутаттарымен жабық кездесу өткізіп, қатысушыларға 31 тамызда Брюссельде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен өткен кездесудің қорытындыларын жеткізген. Сонымен қатар Пашинян депутаттарға биылғы жылдың соңына дейін Бакумен бейбіт келісімге қол қойылуы тиіс екенін хабарлады.
Ал бұдан бұрын Италияның Il Sole 24 Ore газетіне берген сұхбатында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Армениямен бейбіт келісімге алдағы айларда қол қойылуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Демек, екіжақты келісім екі елдің басшыларымен мақұлданып отыр.
«Менің ойымша, бірнеше айдың ішінде біз бейбітшілік келісімін аяқтап, қол қоя аламыз. Егер армян тарапы бейбітшілікке қолдау білдірсе, менің ойымша келісімге келу әбден мүмкін», – деді Әзербайжан басшысы.
Ильхам Әлиев Ереван Баку ұсынған бейбіт келісім негізі болатын бес базалық қағидатты қабылдағанын да атап өтті. Биыл 10 наурызда Әзербайжан Арменияға бес тармақтан тұратын ұсыныс жіберді. Онда бекітілген қағидаттар аумақтық тұтастықты өзара тану, аумақтық талаптардан бас тарту, шекараны демаркациялау, дипломатиялық қатынастар орнату және көлік жолдарының құлпын ашуға қатысты болды. Ұсынысқа жауап ретінде армян тарапы бірнеше рет аталмыш қағидаларда  қолайсыз ештеңе жоқ, бірақ олар «Армения-Әзербайжан бейбіт күн тәртібінің барлық мәселелерін қозғамайды» деп жауап берген болатын. Ереван үшін Таулы Қарабақ армяндарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, сондай-ақ ТҚ-ның түпкілікті мәртебесін анықтау маңызды болып отыр.