Cаулық ісіне салғырттық жараспайды – Жұмағали Исмаилов
Cаулық ісіне салғырттық жараспайды – Жұмағали Исмаилов
1,163
оқылды
1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық­қа өзінің кезекті Жолдауын жария етті. «Әділетті мем­ле­кет. Біртұтас ұлт. Берекелі қо­­ғам» атты Жолдауында ел­дің тұтастығы, халықтың бір­лігі үшін маңызды мәселелер, қадау-қадау ойлар айтылды. Біраз саланы сынға алды. Со­ның ішінде жүйесі нәтиже бер­мей отырған денсаулық сақтау саласына да тоқталды. Жол­дау­да көтерілген мәсе­лелер­мен бірге, медициналық қыз­меттердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, ден­саулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құру жа­йында ака­демик, Халықара­лық хирург­тер ассоциация­сының мүшесі Жұмағали Исмаиловпен әңгі­ме­лескен едік. – Жалпы медицина саласында­ғы артықшылықтар мен кемшілік­терді нақты атай аласыз ба? – Біздегі саладағы артықшылық – саланың дамуына мүмкіндік беретін қажетті инфрақұрылым бар, медициналық құрал-жабдық­тар деңгейі жаман емес, медицина қызметкерлерінің жалпы саны аз емес, емдеу нысандары біршама жеткілікті деңгейде, бірнеше сала­лық бағдарлама іске асырылды. Кемшілігіне келсек, олар – кадрлар сапасы, медициналық қызметті ұйымдастырудағы ақау­лар, қаржыны тиімсіз жұмсау, жем­­қорлык, орталық және жер­гілікті атқару органдары арасын­дағы жауапкершілік пен міндет­тердің өзара реттелмеуі және нақ­ты шектелмеуі. Осының бәрін ескере отырып, медицина дамуының ортақ алго­рит­мін анықтап, тиісті бағдарла­малар әзірлеуге болар еді. – Президент Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында МӘМС-ке қатыс­ты сын айтты. Яғни, бұл жүйе тиімді болғанымен, нақты нәтиже шық­пады деді. Сіздің ойыңызша, МӘМС-тің кемшілігі неде? – Президентіміз кенейтілген Үкімет отырысында да, осы жолғы кезекті Жолдауында да еліміздің денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлді. Қордаланып, өз ше­шімін таба алмай келе жатқан әрі көпшіліктің көкейінде жүрген проблемаларды мейлінше ашық айтты. Нақты, соның ішінде ха­лықаралық статистикаға жүгінді. Мәселен, Қазақстанның медици­налық-демографиялық көрсеткіш­тері Экономикалық ынтымақтас­тық және даму ұйымы мемлекет­те­рінен тым төмен екенін атап өтті. Кейбір ашық ақпарат көздері соң­ғы жыл­дары орташа өмір сүру ұзақ­­тығының төмендеу динами­ка­сын көрсетіп отыр. Өкінішті-ақ, бірақ адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша біздің ел дамыған 50 мемлекет қатарына кір­мейді. Егер 2021 жылғы халық­аралық рейтингтерге қатысты біз­дің ұлттық баяндаманы ашсаңыз, барлық ресми ақпарат сонда көрсетілген. Біріншіден, халықты қолжетім­ді сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, жалпы өлім-жітімді азайтып, орташа өмір сүру ұзақтығын ұзартуға бағытталған МӘМС енгізу реформасы нәтиже бермегені туралы ащы шындықты Президент өзі жария етті. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», Мем­лекет басшысының аузынан шық­қан сынның салмағы өте ауыр. Ол барша профильді органдар мен мекемелерге асқан жауапкершілік жүктейді. Алдымен МӘМС бұл са­ланы қосымша қаражатпен қам­тамасыз еткенін атап өтуіміз керек. Бұл ресурс денсаулық саласына, оның дамуына зор мүмкіндік берді. Ең бастысы, ол әлеуеттің жемісін алдымен халық сезінуі керек еді. Іс жүзінде олай болмай тұрғанын Президент те сынға алды. Халық дәл осыны – сапалы, қолжетімді әрі уақытылы емге зәру. Басты мә­селе сол – нақты, ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Оның өз себебі де бар: халықтан жиналған қаржы тиімді пайдаланылмайды, қажетті бағытта, тиісті көлемде және дер кезінде жұмсалмайды. Бұл МӘМС идеясының беделін түсіреді, жұрттың оған деген се­німсіздігін тудырады. Жиналған қаржы, әрине бір күнде бар мә­селені шешіп тастауға жетпейді. Ол түсінікті де. Бірақ адам және қоғам денсаулығының жүйелі көрсеткіш­теріне тікелей әсер ететін кешенді іс-шараларды басым бағыт ретінде алуға болады емес пе? Атап айтсақ, инфаркт, инсульт, онкология, жарақат салдарынан өлу, балалар өлімі. Бұл критерийлер орташа өмір сүру ұзақтығына ерекше әсер етеді. Егер шын мәніне келсек, көп қа­ражат қажет етпейтін іс-шара­ларды қолға алып, тез арада нақты нәтижеге жетуге болатын амал-тәсілдер бар екенін халықаралық практика дәлелдеп отыр. Тек соны біліктілікпен Қазақстан жағдайын­да ұтымды түрде пайдалану керек. –Үш миллионға жуық адам ме­дициналық сақтандыруға тіркел­меген. Не себепті? – Біріншіден, МӘМС жүйе­сінің толыққанды жүмыс істеп кетуіне кедергі болып отырған фактор бар. Ол – үш миллионға жуық, 18-63 жас арасындағы ресми түрде тұрақты жұмыс атқармайтын азаматтардың сақтандыру қорына тиісті төлем жасай алмауында. Ме­ніңше, МӘМС жүйесінің маңызын көпшілік әлі де сезініп отырған жоқ. Шынын айтайық, осы жүйеге сенімсіздік те жоқ емес. Ай сайын қор­ға төлем төлесе де, қызмет көр­сету деңгейінің жақсарып жатқа­нын ел өз көзімен көріп жатқан жоқ. Осының бәрі МӘМС жүйе­сінің тұрақты болып, нығая түсуіне кері әсер етуде. Сондықтан осы кемшіліктерден арылу үшін тиісті мемлекеттік органдар халықты МӘМС жүйесіне толық тартуға бағытталған кешенді шараларды қолға алуы қажет. Әйтпесе, сақтан­дыру жүйесі өз міндетін толық атқара алмай, тіпті жүзеге аспай қалуы әбден мүмкін. Жаман айт­пай, жақсы жоқ, тиісті менеджмент пен бақылау болмаса, қордың 90-жылдардағы атышулы жағдайы қайталанып кетуі ықтимал. Екіншіден, жаңаша жағдайға мейлінше бейім болуы үшін ме­дицина саласының күшті және әлсіз тұстарын, мүмкіндіктері мен қауіптерін ескере алатын SWOT-талдау жасауға болады. – Бала мен ана өлімін азайта алдық па? Одан бөлек, салдары бүлдіршін арасында балалардың цере­бральды сал ауруына, Даун ауруына шалдыққандар саны артып келеді. Оның себебі неде? – 2008 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан саяси шешім қабылдап нәрестелердің тірі-өлі тууының халықаралық критерийлеріне көшті. Оған ДДСҰ сарапшылары­мен бірге саланы дайындаған бо­латынбыз. Бұл өзі өте-мөте өзекті мәселе. Мысалы, Балтық жағалауы елдері бұл стандарттарды 1991 жылы қабылдаған болатын, бү­гінде Еуроодақта ең жақсы нәти­же­лерге жетіп отыр. Бізде де сол кезде ана мен бала өлімі тұрақты азаю тренді қалып­тасқан болатын. Қазір, өкінішке қарай жағдай ушығып, өршіп бара жатыр деуге болады! Ана өлімі се­бептерінде акушерлік негіздер ба­сым, ол қызмет сапасының төмен­дігі салдарынан болады. Ал туа біт­кен ақауларға тоқталсақ, «сау ана­дан сау бала туады» қағидасын ұс­тануымыз керек. Әр отбасы ден­сау­лығын түзеп, әр нә­ресте жоспар­лануы керек, жүктілік кезде сапалы скрининг, ақаулардың профилак­ти­ка­сын жүргізіп, қауіп­терді алдын ала анықтап, тиісті шара қолдану керек. – Мемлекет басшысы қадап айтқан тағы бір мәселе – медицина саласын цифрландыру. Бұл орайда нақты қандай іс-шаралар атқарыл­ған дұрыс? – Саланы цифрландыру – ол заман талабы. Өкінішке қарай, көп уақыт пен көп қаржы жұмсасақ та, баяғы жартас – бір жартас. Оған халық пен медицина қызметкерлері өз бағасын беріп те жатыр. Көп­теген медициналық ақпараттық жүйелердің сапасы мен қажеттілі­гіне аудит жасалуы тиіс. Ол үшін сол жүйелерді қолданушылардың пікірін тындаған жөн, әділ бағаны солар береді. Жалпы, цифрлы жүйе­лердің медицина саласына берерін біз әлі де толығымен көре ал­май келеміз, оны жаппай ен­гізсек, қаншама адам уақытын үнем­деп, жүйкесін аман сақтап қа­лар еді. Бұл, әсіресе ауыл жақта­ғы ағайынға үлкен қолғабыс болар еді. Атап өтетін үлкен мәселе – ол медициналық статистика. «Ауруын жасырған арам өледі» деуші еді, жалпы бұл саланың объективтігіне сенім аз. Шын мәлімет болмаса, одан қандай дұрыс шешім және тиісті оң іс-шара туындайды? Сөз соңында айтарым: қазірде қоғам өмірінің кез келген саласына жаңашыл идеялар ұсынғандар ең алдымен қосымша қаржы мен қо­сымша құрылымдар қажет екенін алға тартады. Медицина саласында тиісті бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат, тиісті органдар мен ин­фрақұрылым бар. Қолда барды ұқсата білсек, Президент айтып отырған кемшіліктерден тез арада арылуға болады. Менің айтпағым сол еді. – Әңгімеңізге рақмет!