1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа өзінің кезекті Жолдауын жария етті. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында елдің тұтастығы, халықтың бірлігі үшін маңызды мәселелер, қадау-қадау ойлар айтылды. Біраз саланы сынға алды. Соның ішінде жүйесі нәтиже бермей отырған денсаулық сақтау саласына да тоқталды. Жолдауда көтерілген мәселелермен бірге, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құру жайында академик, Халықаралық хирургтер ассоциациясының мүшесі Жұмағали Исмаиловпен әңгімелескен едік. – Жалпы медицина саласындағы артықшылықтар мен кемшіліктерді нақты атай аласыз ба? – Біздегі саладағы артықшылық – саланың дамуына мүмкіндік беретін қажетті инфрақұрылым бар, медициналық құрал-жабдықтар деңгейі жаман емес, медицина қызметкерлерінің жалпы саны аз емес, емдеу нысандары біршама жеткілікті деңгейде, бірнеше салалық бағдарлама іске асырылды. Кемшілігіне келсек, олар – кадрлар сапасы, медициналық қызметті ұйымдастырудағы ақаулар, қаржыны тиімсіз жұмсау, жемқорлык, орталық және жергілікті атқару органдары арасындағы жауапкершілік пен міндеттердің өзара реттелмеуі және нақты шектелмеуі. Осының бәрін ескере отырып, медицина дамуының ортақ алгоритмін анықтап, тиісті бағдарламалар әзірлеуге болар еді. – Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС-ке қатысты сын айтты. Яғни, бұл жүйе тиімді болғанымен, нақты нәтиже шықпады деді. Сіздің ойыңызша, МӘМС-тің кемшілігі неде? – Президентіміз кенейтілген Үкімет отырысында да, осы жолғы кезекті Жолдауында да еліміздің денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлді. Қордаланып, өз шешімін таба алмай келе жатқан әрі көпшіліктің көкейінде жүрген проблемаларды мейлінше ашық айтты. Нақты, соның ішінде халықаралық статистикаға жүгінді. Мәселен, Қазақстанның медициналық-демографиялық көрсеткіштері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінен тым төмен екенін атап өтті. Кейбір ашық ақпарат көздері соңғы жылдары орташа өмір сүру ұзақтығының төмендеу динамикасын көрсетіп отыр. Өкінішті-ақ, бірақ адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша біздің ел дамыған 50 мемлекет қатарына кірмейді. Егер 2021 жылғы халықаралық рейтингтерге қатысты біздің ұлттық баяндаманы ашсаңыз, барлық ресми ақпарат сонда көрсетілген. Біріншіден, халықты қолжетімді сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, жалпы өлім-жітімді азайтып, орташа өмір сүру ұзақтығын ұзартуға бағытталған МӘМС енгізу реформасы нәтиже бермегені туралы ащы шындықты Президент өзі жария етті. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», Мемлекет басшысының аузынан шыққан сынның салмағы өте ауыр. Ол барша профильді органдар мен мекемелерге асқан жауапкершілік жүктейді. Алдымен МӘМС бұл саланы қосымша қаражатпен қамтамасыз еткенін атап өтуіміз керек. Бұл ресурс денсаулық саласына, оның дамуына зор мүмкіндік берді. Ең бастысы, ол әлеуеттің жемісін алдымен халық сезінуі керек еді. Іс жүзінде олай болмай тұрғанын Президент те сынға алды. Халық дәл осыны – сапалы, қолжетімді әрі уақытылы емге зәру. Басты мәселе сол – нақты, ауыз толтырып айтатындай нәтиже жоқ. Оның өз себебі де бар: халықтан жиналған қаржы тиімді пайдаланылмайды, қажетті бағытта, тиісті көлемде және дер кезінде жұмсалмайды. Бұл МӘМС идеясының беделін түсіреді, жұрттың оған деген сенімсіздігін тудырады. Жиналған қаржы, әрине бір күнде бар мәселені шешіп тастауға жетпейді. Ол түсінікті де. Бірақ адам және қоғам денсаулығының жүйелі көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін кешенді іс-шараларды басым бағыт ретінде алуға болады емес пе? Атап айтсақ, инфаркт, инсульт, онкология, жарақат салдарынан өлу, балалар өлімі. Бұл критерийлер орташа өмір сүру ұзақтығына ерекше әсер етеді. Егер шын мәніне келсек, көп қаражат қажет етпейтін іс-шараларды қолға алып, тез арада нақты нәтижеге жетуге болатын амал-тәсілдер бар екенін халықаралық практика дәлелдеп отыр. Тек соны біліктілікпен Қазақстан жағдайында ұтымды түрде пайдалану керек. –Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандыруға тіркелмеген. Не себепті? – Біріншіден, МӘМС жүйесінің толыққанды жүмыс істеп кетуіне кедергі болып отырған фактор бар. Ол – үш миллионға жуық, 18-63 жас арасындағы ресми түрде тұрақты жұмыс атқармайтын азаматтардың сақтандыру қорына тиісті төлем жасай алмауында. Меніңше, МӘМС жүйесінің маңызын көпшілік әлі де сезініп отырған жоқ. Шынын айтайық, осы жүйеге сенімсіздік те жоқ емес. Ай сайын қорға төлем төлесе де, қызмет көрсету деңгейінің жақсарып жатқанын ел өз көзімен көріп жатқан жоқ. Осының бәрі МӘМС жүйесінің тұрақты болып, нығая түсуіне кері әсер етуде. Сондықтан осы кемшіліктерден арылу үшін тиісті мемлекеттік органдар халықты МӘМС жүйесіне толық тартуға бағытталған кешенді шараларды қолға алуы қажет. Әйтпесе, сақтандыру жүйесі өз міндетін толық атқара алмай, тіпті жүзеге аспай қалуы әбден мүмкін. Жаман айтпай, жақсы жоқ, тиісті менеджмент пен бақылау болмаса, қордың 90-жылдардағы атышулы жағдайы қайталанып кетуі ықтимал. Екіншіден, жаңаша жағдайға мейлінше бейім болуы үшін медицина саласының күшті және әлсіз тұстарын, мүмкіндіктері мен қауіптерін ескере алатын SWOT-талдау жасауға болады. – Бала мен ана өлімін азайта алдық па? Одан бөлек, салдары бүлдіршін арасында балалардың церебральды сал ауруына, Даун ауруына шалдыққандар саны артып келеді. Оның себебі неде? – 2008 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан саяси шешім қабылдап нәрестелердің тірі-өлі тууының халықаралық критерийлеріне көшті. Оған ДДСҰ сарапшыларымен бірге саланы дайындаған болатынбыз. Бұл өзі өте-мөте өзекті мәселе. Мысалы, Балтық жағалауы елдері бұл стандарттарды 1991 жылы қабылдаған болатын, бүгінде Еуроодақта ең жақсы нәтижелерге жетіп отыр. Бізде де сол кезде ана мен бала өлімі тұрақты азаю тренді қалыптасқан болатын. Қазір, өкінішке қарай жағдай ушығып, өршіп бара жатыр деуге болады! Ана өлімі себептерінде акушерлік негіздер басым, ол қызмет сапасының төмендігі салдарынан болады. Ал туа біткен ақауларға тоқталсақ, «сау анадан сау бала туады» қағидасын ұстануымыз керек. Әр отбасы денсаулығын түзеп, әр нәресте жоспарлануы керек, жүктілік кезде сапалы скрининг, ақаулардың профилактикасын жүргізіп, қауіптерді алдын ала анықтап, тиісті шара қолдану керек. – Мемлекет басшысы қадап айтқан тағы бір мәселе – медицина саласын цифрландыру. Бұл орайда нақты қандай іс-шаралар атқарылған дұрыс? – Саланы цифрландыру – ол заман талабы. Өкінішке қарай, көп уақыт пен көп қаржы жұмсасақ та, баяғы жартас – бір жартас. Оған халық пен медицина қызметкерлері өз бағасын беріп те жатыр. Көптеген медициналық ақпараттық жүйелердің сапасы мен қажеттілігіне аудит жасалуы тиіс. Ол үшін сол жүйелерді қолданушылардың пікірін тындаған жөн, әділ бағаны солар береді. Жалпы, цифрлы жүйелердің медицина саласына берерін біз әлі де толығымен көре алмай келеміз, оны жаппай енгізсек, қаншама адам уақытын үнемдеп, жүйкесін аман сақтап қалар еді. Бұл, әсіресе ауыл жақтағы ағайынға үлкен қолғабыс болар еді. Атап өтетін үлкен мәселе – ол медициналық статистика. «Ауруын жасырған арам өледі» деуші еді, жалпы бұл саланың объективтігіне сенім аз. Шын мәлімет болмаса, одан қандай дұрыс шешім және тиісті оң іс-шара туындайды? Сөз соңында айтарым: қазірде қоғам өмірінің кез келген саласына жаңашыл идеялар ұсынғандар ең алдымен қосымша қаржы мен қосымша құрылымдар қажет екенін алға тартады. Медицина саласында тиісті бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат, тиісті органдар мен инфрақұрылым бар. Қолда барды ұқсата білсек, Президент айтып отырған кемшіліктерден тез арада арылуға болады. Менің айтпағым сол еді. – Әңгімеңізге рақмет!