Игерілмеген жерлер ел игілігіне айналса игі
Игерілмеген жерлер ел игілігіне айналса игі
© коллаж: Елдар Қаба
838
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ел тізгінін қолына ал­ған­да ең алғаш көтерген кө­кейтесті мәселелердің бірі – игерілмей жатқан жерлерге қатысты болатын. Міне, содан бері 3 жылдан асты, жағдай қан­шалықты өзгерді? Бұл са­ла­да жеткен жетістіктеріміз бен жіберіп алған мүмкіндікте­рі­міз қандай? Жер комиссия­сы­ның жұмысына байланысты алдан қандай тәуекелдер кү­тіп тұр? Осы мәселелерге жауап іздеп көрген едік.
Президент осы жолғы Жол­дауында жер мәселесін тағы кө­терді: «Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комис­сияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспар­ланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жыл­дың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деді Қ. Тоқаев.
Аталған комиссия биылғы сәуір айының соңында құрылып, кәдеге жаратылмай қалған және заңнаманы бұзып берілген жер­лерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс істеп жатыр. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын бас­қару комитетінің аумақтық бө­лім­шелері жалпы аумағы 7,45 млн гек­тар телімді иеленген 2584 субъ­ек­тіге қатысты тексеру жүр­гізуді жоспарлаған (жайылым – 6,86 млн гектар, егістік – 585,2 мың гектар). Одан бөлек, 3 млн гектар учаскіні пайдалану­шы­лардың үстінен 900 жоспардан тыс тексеру жасалып, оның 1 млн 329 мың гектарына қа­тысты жер заңнамасын бұзу­шылықтар анықталды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі 118 шешімі заңсыз деп танылды. Айта кетейік, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы ауданы 201,9 млн гектар (егістік – 26,1 млн гектар, жайы­лым – 80,6 млн гектар, басқалары – 7,3 млн гектар, қордағы жерлер – 87,9 млн гектар) құрайды, мұның пайдалануға берілгені –114 млн гектар. Асыра сілтеу болмасын!.. Бізде баяғыдан қалыптасқан бір дабыра дарақылық бар. Прези­дент тапсырмасынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2023 жылдың соңына дейін 10 млн гектар игерілмей жат­қан жерлер бойынша нақты ше­шім­дер қабылданатынын айтты. Құзырлы орган тіпті Президент Жар­лығы шығар-шықпастан жер­лерді тартып алу шараларын бас­тап кетті. Оған жергілікті жерлер­дегі шолақ белсенділер қосылып, жақсы бастаманы жалаң науқан­шыл­дыққа айналдырып жіберді. Оны айтасыз, енді ауыл маңындағы жайқалып тұрған «егістікті, суар­малы жерлерді қайтарыңдар, ма­лы­мызды бағамыз» деген аран­датулар естіле бастады. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы бар мәселе басталмай жатып үлкен дабыра-даңғазаға ұрынды. Ал министрдің бұл жұмыстарды жүзеге асыруға аудандар әкімдерінің және жер қатынастарына жетекшілік ететін облыс әкімдері орынбасарларының жауапкершілігін күшейту туралы ұсынысы әкімдердің қолымен от көсегісі келген, ертең оң нәтиже шық­паса, жауапкершілікті жер­гілікті мамандарға аудара салуға бекінген әрекетіне ұқсап барады. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы комитетінің төрағасы Ниқанбай Омарханов қай істің де жаман-жақсылы шегі болатынын ес­кертеді.
«Жүздеген мың гектар жерді жамбасына басқан байшыкештер мен 4-5 мың гектар алқабы бар орта шаруаны салыстыруға кел­мейді. Бұл істе «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өлетіннің» керін келтірмеу керек. Қайта, ұсақ ша­руалардың азын-аулақ жерлерін игере алмай жату себебін анықтау қажет. Оларға қандай қолдау керектігін зерттеп, көмектескен жөн. Министр шаруаның игере алмай жатқан жерін тартып алып, жеке аулаларға бөліп беріп, елдің аузын жабам десе, қатты қателеседі. Бұл халықты қатты алаңдатады. Голощекиннің «асыра сілтеу бол­ма­сын, аша тұяқ қалмасын» саяса­ты­ның көшірмесіне айнал­маса игі. Большевиктер 1928 жылдары жұрт­тың малын жаппай кәмпес­ке­леп, оның арты 32 жылдың ашты­ғына соқтырғанын ұмытпайық», – дейді Н.Омарханов.
Ауыл шаруашылығы саласы­ның ардагері қазіргі күні жер дауы, жайылым мәселесі негізінен ауыл­дың басында есепсіз көп мал ұс­тайтын байшыкештердің кесірі­нен болып отырғанын, оны шешудің бірден-бір жолы «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заңды шұғыл қабылдау екендігін айтады. Сарапшы аз ғана жері бар ауыл адамдарын, шаруа қожалықтарын латифундистер қатарына қосып, жаппай бір дүрмектің астына алудың дұрыс еместігін ескертті.
«Үкімет бос жатқан жерлерге толық ревизия жасап, пайдаланбай отырған әр адаммен жеке-жеке жолығып, оның себеп-салдарын анықтап алса, көп нәрсеге көзі жетер еді. Сондай-ақ бұл жұмыс­тарды жергілікті әкімдіктерге бере салмай, аудан, облыста құрылған қоғамдық кеңестерге жүктеу қажет. Ал қоғамдық кеңесті аудан, облыс әкімдері өздеріне ыңғайлы «ләп­пай, тақсырлардан» тағайындамай, халықтың сеніміне ие болған адам­дардан құрағаны дұрыс. Бұл про­цесс елге жанашыр, жердің жайын жақсы білетін адамдардан арасы­нан дауыс беру арқылы әділ ірік­телі­ніп алынуы тиіс. Яғни, қоғам­дық кеңес билікке емес, тек ха­лық­қа тәуелді болуы керек», – дейді Қоғамдық кеңес Ауыл шаруашы­лығы комитетінің төрағасы Ниқанбай Омарханов.
Кезегін күткен мәселе көп Ал енді осы қоғамдық кеңестер тиянақты жұмыс жасаса, жермен байланысты басқа да талай пробле­маның басы ашылар еді. Өйткені егемендік алған отыз жыл ішінде шенеуніктердің шалағай шешім­дері мен латифундистердің «теп­кіні» тұрмысы төрт түліктің сүме­сіне қараған қазақты әбден шер­менде күйге түсірген. Жайылым мен шабындықтың тапшылығы мал басын көбейтуге кесірін ти­гізіп келеді. Ал оның өнімдері – жүн, тері ешкімге керексіз болып, шіріп жатыр. Ет, сүт, құрт-майды алыпсатарлар арзанға әкетеді. Қалыптасқан менеджмент жоқ. Сөйтіп, ауылдың 7 миллионнан астам тұрғыны әркі-тәркі жағдайда стихиялы тіршілік кешуде. Сарапшы осы олқылықтарды жою үшін жергілікті өндірістің барлық өнімдерін өткізу, сатып алу, материалдық-техникалық қамта­масыз ету проблемаларымен шұ­ғыл­данатын республикалық ауыл­шаруашылық электронды тауар биржасын ашу керектігін айтады. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері биржа тек коммерциялық ұйым болмауы керек, ол Кана­даның бидай комитеті принципмен құрылуы тиіс деп санайды. Осы жерде айта кетейік, ауыл мәселесін тек жерге қатысты емес, біртұтас жүйе ретінде қарастырған жөн: несие беру, техникамен және технологиямен қамтамасыз ету, еңбек өнімділігі, инфрақұрылым, өнім өңдеу, өткізу, баға саясаты, азық-түлік қауіпсіздігі, экспорт, импорт, субсидия, еңбекақы, жәр­демақы, зейнетақы, демография, урбанизация, көпбалалы отбасы­лар, тұрғын үй мәселесі, кадр мә­селесі, жастар мәселесі, жұмыспен қамту, егіндік жерлер, мал санын реттеу – бәрі кешенді түрде қарас­тырылуы тиіс. Тек осы зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі құзырлы органдардың отырысында қоғам­дық кеңес мүшелерінің қатысуы­мен егжей-тегжейлі сараланғаннан кейін ғана болашағы жоқ ауылдар­ды анықтап, қайтаратын жерлерді қайтарып, халыққа беретін көмекті нақтылаған жөн. Ал түбегейлі зерт­теу жүргізілмей, оған тисінше бақылау болмаған жағдайда қо­лын­да билігі бар кейбір шенеунік Президент тапсырмасын желеу етіп, әлдебіреудің жерін қиянатпен тартып алмасына кім кепіл? Әйт­песе, Мөңке би айтқандай, «Ха­лыққа бір тиын пайдасы жоқ, ай сайын бас қосқан жиын болады» демекші, жер комиссиясының мәжілісі құр хаттамалар толтыру­мен, уәкілетті өкілдердің қысыр есептерін тыңдаумен шектелмесе игі. Бұл онсыз да қажып жүрген ел­дің берекесін қашырады. Тұр­мысы тұралаған ауылдықтар онсыз да жетісіп жүрген жоқ.