Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы ел тізгінін қолына алғанда ең алғаш көтерген көкейтесті мәселелердің бірі – игерілмей жатқан жерлерге қатысты болатын. Міне, содан бері 3 жылдан асты, жағдай қаншалықты өзгерді? Бұл салада жеткен жетістіктеріміз бен жіберіп алған мүмкіндіктеріміз қандай? Жер комиссиясының жұмысына байланысты алдан қандай тәуекелдер күтіп тұр? Осы мәселелерге жауап іздеп көрген едік.
Президент осы жолғы Жолдауында жер мәселесін тағы көтерді: «Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», – деді Қ. Тоқаев.Аталған комиссия биылғы сәуір айының соңында құрылып, кәдеге жаратылмай қалған және заңнаманы бұзып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыс істеп жатыр. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жалпы аумағы 7,45 млн гектар телімді иеленген 2584 субъектіге қатысты тексеру жүргізуді жоспарлаған (жайылым – 6,86 млн гектар, егістік – 585,2 мың гектар). Одан бөлек, 3 млн гектар учаскіні пайдаланушылардың үстінен 900 жоспардан тыс тексеру жасалып, оның 1 млн 329 мың гектарына қатысты жер заңнамасын бұзушылықтар анықталды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ауыл шаруашылығы жерлерін беру жөніндегі 118 шешімі заңсыз деп танылды. Айта кетейік, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы ауданы 201,9 млн гектар (егістік – 26,1 млн гектар, жайылым – 80,6 млн гектар, басқалары – 7,3 млн гектар, қордағы жерлер – 87,9 млн гектар) құрайды, мұның пайдалануға берілгені –114 млн гектар. Асыра сілтеу болмасын!.. Бізде баяғыдан қалыптасқан бір дабыра дарақылық бар. Президент тапсырмасынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2023 жылдың соңына дейін 10 млн гектар игерілмей жатқан жерлер бойынша нақты шешімдер қабылданатынын айтты. Құзырлы орган тіпті Президент Жарлығы шығар-шықпастан жерлерді тартып алу шараларын бастап кетті. Оған жергілікті жерлердегі шолақ белсенділер қосылып, жақсы бастаманы жалаң науқаншылдыққа айналдырып жіберді. Оны айтасыз, енді ауыл маңындағы жайқалып тұрған «егістікті, суармалы жерлерді қайтарыңдар, малымызды бағамыз» деген арандатулар естіле бастады. Сөйтіп, әлеуметтік маңызы бар мәселе басталмай жатып үлкен дабыра-даңғазаға ұрынды. Ал министрдің бұл жұмыстарды жүзеге асыруға аудандар әкімдерінің және жер қатынастарына жетекшілік ететін облыс әкімдері орынбасарларының жауапкершілігін күшейту туралы ұсынысы әкімдердің қолымен от көсегісі келген, ертең оң нәтиже шықпаса, жауапкершілікті жергілікті мамандарға аудара салуға бекінген әрекетіне ұқсап барады. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы комитетінің төрағасы Ниқанбай Омарханов қай істің де жаман-жақсылы шегі болатынын ескертеді.
«Жүздеген мың гектар жерді жамбасына басқан байшыкештер мен 4-5 мың гектар алқабы бар орта шаруаны салыстыруға келмейді. Бұл істе «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өлетіннің» керін келтірмеу керек. Қайта, ұсақ шаруалардың азын-аулақ жерлерін игере алмай жату себебін анықтау қажет. Оларға қандай қолдау керектігін зерттеп, көмектескен жөн. Министр шаруаның игере алмай жатқан жерін тартып алып, жеке аулаларға бөліп беріп, елдің аузын жабам десе, қатты қателеседі. Бұл халықты қатты алаңдатады. Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» саясатының көшірмесіне айналмаса игі. Большевиктер 1928 жылдары жұрттың малын жаппай кәмпескелеп, оның арты 32 жылдың аштығына соқтырғанын ұмытпайық», – дейді Н.Омарханов.Ауыл шаруашылығы саласының ардагері қазіргі күні жер дауы, жайылым мәселесі негізінен ауылдың басында есепсіз көп мал ұстайтын байшыкештердің кесірінен болып отырғанын, оны шешудің бірден-бір жолы «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заңды шұғыл қабылдау екендігін айтады. Сарапшы аз ғана жері бар ауыл адамдарын, шаруа қожалықтарын латифундистер қатарына қосып, жаппай бір дүрмектің астына алудың дұрыс еместігін ескертті.
«Үкімет бос жатқан жерлерге толық ревизия жасап, пайдаланбай отырған әр адаммен жеке-жеке жолығып, оның себеп-салдарын анықтап алса, көп нәрсеге көзі жетер еді. Сондай-ақ бұл жұмыстарды жергілікті әкімдіктерге бере салмай, аудан, облыста құрылған қоғамдық кеңестерге жүктеу қажет. Ал қоғамдық кеңесті аудан, облыс әкімдері өздеріне ыңғайлы «ләппай, тақсырлардан» тағайындамай, халықтың сеніміне ие болған адамдардан құрағаны дұрыс. Бұл процесс елге жанашыр, жердің жайын жақсы білетін адамдардан арасынан дауыс беру арқылы әділ іріктелініп алынуы тиіс. Яғни, қоғамдық кеңес билікке емес, тек халыққа тәуелді болуы керек», – дейді Қоғамдық кеңес Ауыл шаруашылығы комитетінің төрағасы Ниқанбай Омарханов.Кезегін күткен мәселе көп Ал енді осы қоғамдық кеңестер тиянақты жұмыс жасаса, жермен байланысты басқа да талай проблеманың басы ашылар еді. Өйткені егемендік алған отыз жыл ішінде шенеуніктердің шалағай шешімдері мен латифундистердің «тепкіні» тұрмысы төрт түліктің сүмесіне қараған қазақты әбден шерменде күйге түсірген. Жайылым мен шабындықтың тапшылығы мал басын көбейтуге кесірін тигізіп келеді. Ал оның өнімдері – жүн, тері ешкімге керексіз болып, шіріп жатыр. Ет, сүт, құрт-майды алыпсатарлар арзанға әкетеді. Қалыптасқан менеджмент жоқ. Сөйтіп, ауылдың 7 миллионнан астам тұрғыны әркі-тәркі жағдайда стихиялы тіршілік кешуде. Сарапшы осы олқылықтарды жою үшін жергілікті өндірістің барлық өнімдерін өткізу, сатып алу, материалдық-техникалық қамтамасыз ету проблемаларымен шұғылданатын республикалық ауылшаруашылық электронды тауар биржасын ашу керектігін айтады. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері биржа тек коммерциялық ұйым болмауы керек, ол Канаданың бидай комитеті принципмен құрылуы тиіс деп санайды. Осы жерде айта кетейік, ауыл мәселесін тек жерге қатысты емес, біртұтас жүйе ретінде қарастырған жөн: несие беру, техникамен және технологиямен қамтамасыз ету, еңбек өнімділігі, инфрақұрылым, өнім өңдеу, өткізу, баға саясаты, азық-түлік қауіпсіздігі, экспорт, импорт, субсидия, еңбекақы, жәрдемақы, зейнетақы, демография, урбанизация, көпбалалы отбасылар, тұрғын үй мәселесі, кадр мәселесі, жастар мәселесі, жұмыспен қамту, егіндік жерлер, мал санын реттеу – бәрі кешенді түрде қарастырылуы тиіс. Тек осы зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі құзырлы органдардың отырысында қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен егжей-тегжейлі сараланғаннан кейін ғана болашағы жоқ ауылдарды анықтап, қайтаратын жерлерді қайтарып, халыққа беретін көмекті нақтылаған жөн. Ал түбегейлі зерттеу жүргізілмей, оған тисінше бақылау болмаған жағдайда қолында билігі бар кейбір шенеунік Президент тапсырмасын желеу етіп, әлдебіреудің жерін қиянатпен тартып алмасына кім кепіл? Әйтпесе, Мөңке би айтқандай, «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, ай сайын бас қосқан жиын болады» демекші, жер комиссиясының мәжілісі құр хаттамалар толтырумен, уәкілетті өкілдердің қысыр есептерін тыңдаумен шектелмесе игі. Бұл онсыз да қажып жүрген елдің берекесін қашырады. Тұрмысы тұралаған ауылдықтар онсыз да жетісіп жүрген жоқ.