Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы бала өміріндегі негізгі кезең. Алайда еліміздегі 2-6 жас аралығындағы балалардың жартысы балабақшамен қамтамасыз етілмеген. Жақында еліміздегі балабақшалардың лицензияланатыны белгілі болды. Бірақ Президент Жолдауында балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет екенін айтты. Бұл жаңалық жекеменшік балабақшалар мен тәрбиешілерді тығырыққа тірегендей. Осыдан он жыл бұрын елімізде балабақшалар жетіспеген кезде мемлекет «Балапан» бағдарламасын қабылдап, лицензиялау тәртібін алып тастады. Нәтижесі Үкімет күткендей болған жоқ. Әлі де бүлдіршіндер 100 пайыз балабақшамен қамтылмай отыр. Есесіне білім беру саласында жекеменшік балабақшалар саңырауқұлақша қаптады. Көбі мемлекеттен субсидия алып, бала тәрбиелеуді кәсіп көзіне айналдырып алған. Осы жағдайды оңалту үшін Оқу-ағарту министрлігі лицензияны енгізіп, жекеменшік балабақшалар санын қысқартпақ. Алайда бұл мәселеге келгенде қоғамның пікірі екіге бөлініп отыр. Бір топ лицензия керек десе, екіншісі оның шығыны мен тәуекелдері көп дегенді тілге тиек етті.
– Балабақшаларда түрлі жағдай болып жатыр. Бұл жекеменшік балабақшалардың атына кір келтіреді. Жұмысына жауапты емес мамандардың әрекеті бізге де ұнамайды. Талапты күшейткен жөн. Жетекшісіне қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастыру керек. Бізде бар болғаны жұмыстан шығарады. Сотқа барса, материалдық шығындарын өтейді, сонымен іс бітеді. Осы тұрғыдан келгенде, лицензиялау талапты күшейтуге жұмыс істесе, қолдаймыз, – дейді Laiyqty балабақшасының директоры Аслан Қаженов.Дегенмен оның айтуынша, балабақшаларды жаппай лицензиялау олардың санының қысқаруына әкелуі мүмкін. Себебі қазір барлық балабақша талапқа толықтай сай емес. Айталық, Қызылорда облысындағы мемлекеттік балабақшалардың 51 пайызы аттестациядан өтпей қалған. Ендеше мәселе жекеменшік балабақшада ғана емес. Аттестациядан өтпеген балабақшалар жабылуы керек екенін ескерсек, бір ғана Қызылорда облысында мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның жартысынан астамы жұмысын тоқтатуы керек. Ал қазір бұл балабақшалар жұмыс істеп тұр. Сондықтан жекеменшік балабақша директоры лицензиядан бұрын мемлекеттік балабақшаларда жұмыс істейтін маман тапшылығын жоюға, олардың біліктілігін, жалақысын көтеруге қолдау көрсетуін сұрап отыр. Лицензия жағдайды шеше ме? Елордадағы жекеменшік балабақша директоры Майгүл Қасенова балабақшаларды лицензиялау мәселені шешпейтінін айтады. Осы салада ұзақ жыл қызмет етіп келе жатқан маман жаңа талап енгізілсе, ірі қалалардағы балабақшалардың 90 пайызы жабылатынын жеткізді.
– Негізі, бұрын лицензиялаудан өткенбіз. Елімізде балабақша жетіспей жатты. Сол кезде лицензияны алып тастады. Коттеджден, тұрғын үйлердің бірінші қабатынан балабақша ашуға рұқсат берді. Балабақшаны көбіне қалталы кәсіпкерлер емес, орташа табысы бар адамдар ашады. Кезінде азаматтар кәсібін дамыту үшін мемлекетке сеніп, несие алды. Әупірімдеп аяқтан тұрғанда лицензияны қайтадан енгізіп жатыр. Енді олар жабылып қалатын болды, – дейді Майгүл Қасенова.Оның айтуынша, баласын 150-200 мың теңгелік балабақшаға беруге елордадағы отбасылардың барлығының жағдайы келмейді. Одан гөрі баласын коттедждердің бірінші қабатында орналасқан 30-40 мың теңгелік балабақшаға апарады. Алайда мұндай қарапайым балабақшалардың жағдайын қымбаттарымен салыстыру мүмкін емес. Сондықтан әр отбасы көрпесіне қарай көсіледі. Енді жаппай лицензиялау енгізілетін болса, орта бизнес өкілдері кәсібінен айырылып қана қоймай, қарапайым отбасылардың балалары балабақшасыз қалуы да мүмкін. Ал білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы балабақшаларды міндетті түрде лицензиялау керек екенін айтты. Оның пікірінше, алкагольдік ішімдіктерді сату, құрылыс материалдарын шығару үшін лицензия керек, ал білім сатысындағы ең басты кезеңді лицензияламау дұрыс емес. Балабақшадан өзге қосымша білім беру ұйымдары да лицензия алуы керек. Лицензиялау міндеттелген жағдайда жұмыс қалай ұйымдастырылады? Саладағы жемқорлық сипатындағы тәуекелдер көп болғандықтан, кәсіпкерлердің басым көпшілігін мәселенің осы жағы көбірек мазалайды. Екінші маңызды проблема, жеке балабақшаларда санаты бар мамандар жоқтың қасы. Ал лицензия алуда қойылатын негізгі талаптардың бірі – осы.
– Балабақшалар түгілі мектептегі педагогтердің өзінен жалған диплом анықталып жатыр. Сондықтан тәрбиешілердің дипломдарын мұқият тексеру керек. Педагогикадан алыс адамдар өз басын ғана күйттеп қалады. Жекеменшік балабақшалар мен мектептердің жұмысын тікелей құрылтайшылары ұйымдастырады. Сондықтан олар тәрбиешілікке біліктілігі бар маманды емес, тамыр-танысын тартуы мүмкін. Сол себепті ең бірінші балабақшадағы педагогтердің біліктілігін тексеру керек, – дейді Өмір Шыныбекұлы.Тәрбиеші болуға талапкерлер аз Бір кездері мектеп пен колледждегі педагогтердің еңбекақысын көбейткенде жекеменшік оқу орындарының мұғалімдері шет қалдық деп шырылдап еді. Енді Президент балабақшаларда жұмыс істейтін педагогтердің жалақысын көбейтуді және жүктемелерін азайтуды тапсырды. Бірақ бұл өзгерістен жекеменшік балабақшалардың шет қалуы мүмкін. Себебі мемлекеттік балабақша мамандары мемлекет қаржысымен оқып жатқанда, жекеменшік балабақша иелері мамандардың біліктілігін арттыру үшін өз қаржысына оқытуға мәжбүр.
– Қазір жастар тәрбиеші мамандығына барғысы келмейді. Өйткені олар болашағын ойлайды, таңнан кешке дейін балаға қарап, мардымсыз жалақы алғысы келмейді. Сондықтан тәрбиешілердің жағдайына көңіл бөлуіміз қажет. Оларға тегін семинарлар өткізу қажет. Әлеуметтік көмек пакетін қарастырған жөн. Иә, бізге педагог статусын берді. Бірақ іс жүзінде ештеңе жасаған жоқ, – дейді Майгүл Қасенова.Сондықтан балабақша директорлары мемлекеттік балабақша мәселесіне келгенде жеке немесе мемлекеттік деп бөлмей, бірдей жағдай жасауын сұрайды. Сонымен бірге балабақша жұмысының сапасын қамтамасыз ету жолдарын нақты айқындау керек деген ұстанымда. Ол үшін министрлік және жергілікті жерлерде облыстық Білім басқармалары жанынан арнайы кеңес құрып, балабақшаларды лицензиялаудағы нормативтік құжаттарды зерделеуді, жеке балабақшалар жабылуға мәжбүр болған жағдайда мектепке дейінгі білім берумен қамту көлемінің азайып кетпеуін қадағалап, жұмыссыздық секілді шиеленіс ошағын тудыратын мәселелерді шешіп алуды ұсынды. Қазір балабақшаларда 1 педагогке 25 баладан келеді. Орташа жалақылары 147 мың теңгені құрайды. Бұл республика бойынша орташа жалақыдан төмен. Ресми деректер бойынша, кейінгі 3 жылда балабақша тәрбиешілерінің жалақысы екі есеге дейін өскенімен, оның білікті кадрларды тартуға әлі де жеткіліксіз екені байқалып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын жоғары оқу орындарындағы бір орынға 10 адамнан астам үміткер болса, қазір 1-ге де жетпейді.
– Тәрбиешінің қадірі жоқ, айлығы төмен, жүктемесі үлкен. Ал педагогтердің айлығы көтеріліп жатыр. Сол сияқты тәрбиешілердің де айлығы кезең-кезеңмен өсуі керек. Қазір тәжірибелі мамандарды жоғары айлықпен ғана ұстай аласың,– дейді балабақша директоры Аслан Қаженов.Олай болса, балабақша мен тәрбиешілерді түбегейлі бір реформаның күтіп тұрғаны анық. Сонда ғана саладағы бассыздықтар тұсауланып, сынға төтеп бергендері ғана суырылып шығады.