«Өркендеу» өркен жаймай тұр
«Өркендеу» өркен жаймай тұр
726
оқылды
Қызылорда қаласының іргесіндегі «Еңбек» саяжайының тұрғындары «көштен қалып барамыз» деп мұңын шағып отыр. Тұрғындардың айтуынша, саяжайда жайлы тұрмыс кешуге ешқандай жағдай жоқ. Тіпті, бұл аумақ құзырлы орындардың назарынан тыс қалғанына налиды. Бұған дейін қала аумағынан жырақ жатқан бұл жерде «Еңбек», «Өркендеу» және «Игілік» деп аталатын үш саяжай болған. Кейіннен шағын үш саяжай бірігіп, «Еңбек» саяжайының құрамына кіріп, тұрғылықты 200-дей үй түтін түтетіп отыр. Бүгінде сол кездегі «Өркендеу» саяжайының тұрғындары жағдайларының мүшкіл екенін айтып, дабыл қағуда.
«Осы аумақта 2016 жылдан бері тұрып жатырмын. Сол кезден бері бұл жерге құзырлы орындар тарапынан ешқандай да көңіл бөлінбеді. Электр желісін өз күшімізбен тартып алдық. Жерасты суын тұтынып отырмыз. Ауызсудың сапасы сын көтермейді. Бір күннен артық тұрса, суымыз сарғайып кетеді. Сәл жел тұрса, жарық та өшіп қалады. Жол мәселесі тіптен ушығып тұр. Жауын жауса, жолымыз лай батпаққа айналып, жүру мүмкін болмай қалады. Көшемізде көлік жүретін жол да жоқ. Біреуге жағдайымызды айтып, қорасының үстінен жол салдырып алдық. Әзірге сол жолмен қатынауға мәжбүрміз. Келешекте жер иесі өз жерін темір шарбақпен қоршап алса, мүлде жолсыз қаламыз. Қазірдің өзінде теңіздің ортасындағы елсіз аралдағыдай күй кешіп жүрміз. Бүгінде қала аумағына қосылсақ та күрмеулі мәселелер шешілер емес», – деп мұңын шақты саяжай тұрғыны Шайханбек Ақбергенов.
Оның айтуынша, өткен жолы жауапты орындардан арнайы мамандар келіп, көшені жарықтандыру жұмыстары 15 тамыздан басталатынын уәде етіпті. Алайда айтылған сөз құр уәде күйінде қалғандай. Ал жол мәселесінің бүгін-ертең шешілетін түрі көрінбейді. Әсіресе, сабақ уақытында балаларының мектепке қатынауы тіпті мұңға айналған. Лай-батпақта бала тұрмақ, көліктердің өзі әзер қозғалады. Жол мәселесі әу баста осы аумақтан жер беру кезінде кеткен өрескел қателіктен туындаған. Айналасындағы бос жатқан жерлердің көпшілігі кәсіптік мақсатта бәзбіреулерге берілген екен. Иелері өз жерлерін қоршап, көліктің кіріп-шығуына ешқандай мүмкіндік қалдырмаған. Осы мәселе төңірегінде облыс, қала әкіміне, Тасбөгет кенті әкімдігіне, тиісті бөлімдерге бірнеше мәрте шағымданыпты. Алайда оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ.
«Жол мәселесі жалғыз осы аумақ тұрғындары ғана емес, жедел жәрдем, өрт сөндіру секілді көліктердің де келіп-кетуіне үлкен кедергі келтіріп тұр. Ала жаздай шаң-тозаңға тұншықсақ, жаңбыр жауса, лай-балшықпен жүру жанды қинайды. Ұялы байланыс сапасы да көңіл көншітпейді. Осы мәселелерді шешіп берсе, біз соған тәнті болар едік», – дейді саяжай тұрғыны Серік Смағұлов.
Тұрғындардың пікірінше, жалпы бұл аумақтың 40 пайызы ауызсумен қамтылған. Соның ішінде «Еңбек» пен «Игілік» саяжайы орналасқан аумақтың халқы таза ауыз су тұтынып отыр. Ал қалған 60 пайызы жерасты суын ұңғыма арқылы ішуге мәжбүр. Оның ішінде 50-60 үй қоныстанған осы «Өркендеу» саяжайындағы жағдайда елеусіз қалып тұрса керек. Жол, жарық мәселесінде де осындай түйткіл қордаланып тұр. Сонымен қатар осы аумақтан үш маршрут бойынша автобус қатынайды екен. Оның өзі бұл жерге лық толы келгендіктен, көп жағдайда тоқтамай өтіп кетеді. Тұрғылықты халық бұл келеңсіздік, әсіресе сабағына қатынайтын балалар үшін үлкен қиындық туғызып отырғанын айтып ашынады. Саяжайдағы жол мәселесі төңірегінде Қызылорда қалалық әкімдігіне хабарластық. Әкімдік тарапынан саяжайға жол салу бойынша алдағы уақытта жоба-сметалық құжаттар әзірлеу жоспарлануда. Нақты қай уақытта шешімін табатыны беймәлім күйде қалып тұр. Ал Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі тарапынан ауызсу мен жарықтандыру мәселесі назарда тұрғанын мәлімдеді.
«Тапсырыс беруші Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі тарапынан «Еңбек» саяжайының жеке тұрғын секторын ауыз- су және электр желісімен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізіп, жеңімпаз мердігер мекеме анықталды. Қазір электр желісінің құрылысы басталуда. Ал ауызсу желісі бойынша бюджеттен толық қаражаты бөлінген жағдайда тиісті жұмыстар кезең кезеңімен жүргізілетін болады. Газ мәселесі бойынша да Қызылорда қаласы құрылыс бөлімі тарапынан жоба-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба-іздестіру жұмыстары аяқталып, жоба құны анықталғаннан кейін қалалық бюджетке бюджеттік өтінім жолданатын болады. Қаражат бөлінгеннен кейін тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі», – деп мәлімдеді бұл жайында қалалық құрылыс бөліміндегілер.
Қалай дегенде де, қараңғы көшеде қоршауда қалған «Өркендеу» саяжайы тұрғындарының жанайқайы бүгін-ертең шешімін таппайтын сыңайлы. Жерасты суымен жан бағып отырған жұртшылықтың мамыражай тұрмыс кешетін күні әлі де алыс сияқты. Бұған құзырлы орындар тарапынан үн қосар деп үміттенеміз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы