Нұр-Сұлтан атауын өзгерту саяси қателік болады - Б.Тілеухан қазақ халқына үндеу жасады
Нұр-Сұлтан атауын өзгерту саяси қателік болады - Б.Тілеухан қазақ халқына үндеу жасады
5,912
оқылды
Мәжілістің бұрынғы депутаты, Бүкіләлемдік этноспорт федерациясының бірінші вице-президенті Бекболат Тілеухан Қазақстан халқына үндеу жасады. «Мен кешегі Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқарлардың мұрасын дәріптеп, өнерін жалғап келемін. Сол жыраулардың сарқыншағы іспетті адам болғандықтан да, осы бір сөзді айту міндетім деп білгендіктен де сөзге қонақ алып отырмын. Осыдан 30-ақ жыл бұрын боданнан босаған елдердің арасында ай маңдайы жарқырап, оза шапқан қазақ елінің тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстаған еді", – деп бастады ол сөзін. Бекболат Қанайұлы сол тұста «Басқа-басқа, тап осы – Қазақстан ел болмайды. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді. Көпұлтты ел. Оқ-дәрі толтырған бөшке сияқты. Ертең бұрқ ете қалады» деп болжам жасаған Бжезинскийдің сөзін еске салады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін «Бжезинский мырза, болжамыңыз болмады ғой» дегендерге, «Мен Назарбаев феноменін ескермеппін» дегенін де атап өтеді.
"Бүкіл жақсылықтың бастауында бейбіт күн, тыныштық тұратынын білесіздер. Осының кепілі Назарбаев еді. Қапияда жол тапқан, қараңғыда ел тапқан, айласы алды он болған Назарбаев орыс орманмен де, басқамен де, қытайдың тілін тауып шекара шегендегені есімізден шығып кеткені қалай, ағайын? Каспийде де алаштың есесін жібермей үлкен үлес алып қалған да Назарбаев еді. Қандастарды тарихи Отанына қайтарған, қазақтан басқа қандай ел бар еді? Израиль мен Германияны айтпағанда… Миллион қазақ. Жер бетінде миллионға жетпейтін ұлттар бар. Миллионнан астам қазақ тарихи Отанына, Қазақияға қайта оралды. Қара шаңыраққа қайтарған кім? Назарбаев! Орысы қайысқан солтүстікке қазақты әкелудің қандай бір саяси тәсілін тапты? Ол да бір бейне есімізден шығып кеткендей», – деді Бекболат Тілеухан.
Экс-президенттің ел үшін атқарған ерен еңбектерін жіпке тізген ол сөз ауанын астананың атауына қарай аударды.
«Алатаудың бауырында туған, Алматы облысының жігіті Алматыдан астананы Ақмолаға ауыстырды. Руласы да, сырласы да қарсы болды. Сол кезде бәрі қарсы болды. Бәріміз оған куәміз. Ештеңеге қараған жоқ. Саяси тегеурініне салды да ауыстырып алып келді. Өйткені  мұраты – асыл, мақсаты – айқын болатын. Қазаққа қажетті болашақты болжай білгендіктен де Назарбаев солай істеді. Осы бір терең сарабдал саясаттың тереңіне бойлай алмай қалғанымыз ба, ағайын? Кеше ғана Хрущевтің шеңгелінен әупіріммен аман қалған Ақмола еді ғой. Сол Ақмоланы Алашқа астана қылғандағы ойдың тереңін түсінетін жөніміз бар ғой, ағайын. Осы нәрсесі үшін-ақ астанамыздың Нұр-Сұлтан аталуы – тарихи әділеттілік. Ердің ерекше еңбегіне берілген баға. Алаштың алғысы. Құсығын қайта жеген құнсыз құсамай, айтылған сөз, аталған есім атқан оқтай қайтпаса, нағыз әділдік осы болар еді. Кеше ғана Назарбаевтың көзіне қалай түсерін білмей жүрген 1-2 депутат Нұр-Сұлтанның атын жойып, Алаштың аяулы ақсақалының сағын сындырмаққа бастама көтеріпті. Бірақ  бұл бүкіл қазақтың көзқарасы деп түсінбейміз, ағайын. Иә, жаза басқан жері бар шығар. 30 жыл ел басқарды. Бірақ біз кешірімшіл, дарқан қазақ едік қой. Таблода тағы да Қазақстанның астанасы ауысып жатса, берекесі кеткен, мазасы қашқан ел дейді ғой, ағайын-ау. Сондықтан тарихи әділдігіне жүгініп, Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерді. Сол атауында қалуы керек. Көшелердің атауы, Тұңғыш Президент күні сияқты дүниелер өзгере берсін. Мүмкін оған лайық, мүмкін лайықсыз. Бірақ тап Нұр-Сұлтан қаласының аты – Назарбаевтың еңбегіне берілген тарихи баға. Менің ғана пікірім емес. Осы пікірде талай қазақ барын біліңіздер. Үндеуді мен Тоқаевқа, Парламентке жолдағаным жоқ. Мен жолдауымды, айналайын, көзіқарақты қазақтың азаматтары – сіздерге салмақ етіп артып отырмын…», – деді Түркияда жүрген қоғам қайраткері.
Ол сөзінің соңында бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың абыройына араша түсу – абыройсыз іс болса да, оны өзінің азаматтық міндеті санағанын жеткізген.
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Bekbolat Tleukhan (@bekbolat.tleukhan)