Елімізде орталық пен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы объективті және субъективті себептерге байланысты ала-құла. Бір қарағанда, мұндай келеңсіздіктер кез келген мемлекетте бар. Бірақ өркениетті жұрттарда ауыл мен қаланың, өңір мен орталықтың дамуында алшақтық аз. Сол себептен шығар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда билікті орталықсыздандыру ісіне де айрықша көңіл аударған болатын. Әкімшілік-аумақтық бөліністер серпін береді Тәуелсіздік алғалы елімізде әлденеше рет әкімшілік-аумақтық қайта құру жүргізілді. Астана ауысты. Кей өңірлер бір-біріне қосылып, кейбірі бөлшектелді, кей ауылдарға қала мәртебесі берілсе, енді бірі керісінше ауылдық деңгейге төмендетілді. Ал 1997 жылы республикада бұл бағыттағы ең ірі реформа жасалды. Көкшетау облысы қақ жарылып, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарына берілсе, Торғай өңірі Қостанай мен Ақмола облыстарының құрамына енді. Талдықорған облысы тұтасымен Алматының «құшағына» кіріп кетті. Жезқазған – Қарағанды облысының, Семей – Шығыс Қазақстан облысының қарамағына қарады. Мұндай ауқымды әкімшілік-аумақтық реформаның әлеуметтік-экономикалық сипаттағы кемшілігі де, жетістігі де болды. Ол басқа әңгіме. Дегенмен, бір айта кетерлігі, соның арқасында өңірлердің біртіндеп қазақтануы үлкен жақсылыққа айналғаны шындық. Бұл Қазақстанның тұтастығына сызат түсіруі ықтимал сепаратизмнің және басқа да әлеуметтік-саяси кеселдердің алдын алғаны анық. Сондай-ақ 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына көшіріліп, Шымкент республикалық маңыздағы қала мәртебесіне ие болды. Ал жақында ғана бұрынғы Жезқазған облысы жарым-жартылай қайта қалпына келтіріліп, жаңадан Ұлытау облысы құрылды. Одан бөлек, бұрынғы Семейдің аумағында жаңадан Абай облысы және Талдықорғанның аумағында Жетісу облыстары бой көтеріп, Алматы облысының орталығы ретінде Қонаев (бұрынғы Қапшағай) қаласы белгіленді. Бұл өзгерістер өңірлердің дамуына дүмпу берері сөзсіз, әсіресе облыс мәртебесін иеленген аймақ халқының қуанышында шек жоқ.
«Жезқазғанға Ұлытау облысының орталығы ретінде қайтадан мәртебе берілуі қалаға мемлекеттік органдардың көптеп орналасуына, өндірістердің дамуына, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне оң әсер ететіндігіне күмән жоқ. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнестің дамуы қарқын алады. Салықтық түсімдер артады. Бос тұрған нысандарға қан жүгіріп, іске қосылады. Құрылыс қанат жаяды», – дейді қоғам белсендісі, қарағандылық ақын Болат Уәлибеков.Дегенмен, бәрі біз ойлағандай оңай емес көрінеді. Қалыптасқан күрделі экономикалық жағдай жаңа облыстардың құрылуымен жағдайдың жақсарып кете қоймасы тағы түсінікті. Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі кезде өңірлер дамуын қиындатып тұрған бірнеше фактор бар. Соның бірі – әлеуметтік-экономикалық теңсіздік. Біздің жағдайда елдің ішкі жалпы өнімінің 40 пайызын қамтамасыз етіп отырған үш мекеннің даму көрсеткіші жоғары. Ол – ежелден мәдениет пен бизнестің орталығы саналған Алматы қаласы мен елордамыз Нұр-Сұлтан қалалары және ірі мұнай өндіруші өңір Атырау облысы. Мәселен, 2022 жылдың бірінші тоқсанында республиканың ішкі жалпы өнімдегі үлесі бойынша ең қуатты өңір Алматы (ІЖӨ-нің 18,3%) мен Солтүстік Қазақстан облысының (ІЖӨ-нің 1,6%) арасындағы айырмашылық 10 еседен асады. Ал Қызылжар өңірінің табысы оңтүстік астанамен салыстырғанда жан басына шаққанда 3 есе кем. Мұндай теңсіздік елі аралас, қойы қоралас жатқан көрші өңірлерде де кездеседі: Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласы ІЖӨ-нің 9,7 пайызын берсе, Ақмола облысында ол 2,9 пайыздан сәл ғана асады. Ал олардың жан басына шаққандағы ішкі өңірлік өнім көрсеткішінің айырмасы екі есе. Жоғарыдағы мысалдардан тек экономикалық қана емес, әлеуметтік теңсіздіктің де құлағы қылтияды. Әр өңір тұрғындарының өмір сапасы, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігі, баспанамен қамтамасыз етілуі, білім беру деңгейі, инфрақұрылым жағдайы біркелкі емес. Аймақтардың дамуы үшін муниципалдық меншік керек Белгілі экономист Жангелді Шымшықовтың пікірінше, өңірлер қарқынды дамуы үшін оларға экономикалық дербестік керек.
«Экономикалық дербестік болу үшін жергілікті қала қауымдастықтарының муниципалдық меншігі болуы тиіс, ал бізде ондай жоқ. Ол АҚШ-та бар, Батыс елдерінде бар, тіпті көрші Ресейде де бар, ал бізде жоқ. Қазақстанда меншік тек екі түрге бөлінеді: мемлекеттік меншік және жеке меншік. Бізде көпшілік, тіпті мемлекеттік басқару ісінде жүрген лауазымды тұлғалар коммуналдық кәсіпорындарға тиесілі өндіріс құралдарын, материалдық техникалық базасын, сол сияқты машина-техникасын муниципалдық меншік деп қате түсінеді, бірақ ол мемлекеттің меншігі», – дейді Ж.Шымшықов.Экономистің айтуынша, жергілікті әкімдер қаланың коммуналдық шаруашылығына тиесілі мүліктерді пайдалану үшін орталық билікке тәуелді. Сондықтан ешқандай дербес саясат ұстана алмайды. Ал Америкадағыдай әр қаланың, әр өңірдің жеке өзінің муниципалдық меншігі болса, олар орталық билікке жалтақтамайды, қолындағы өндіріс құралдарын пайдалана отырып, өңір экономикасын өз қалауларынша дамытуға қол жеткізе алады. Тәуелсіздік жылдарында билік бюджеттің кіріс бөлігін орталыққа шоғырландырумен ғана айналысты. Әлбетте оның тиімді жақтары да бар, қазыналық орталықтандыру тәсілі мемлекеттің бюджеттік шығындарын бақылауға қолайлы. Ал екінші жағынан бұл өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігін ұлғайтып, өздерінің қажеттіліктерін өздері қамтамасыз етуіне мүмкіндік бермейді. Мұндай қаржылық саясаттың қайда апарып соқтырғанын төмендегідей есептен көруге болады. Қазақстанда 2000 жылдардың басында 8 өңір донор болды. 2020 жылы олардың саны 4-ке дейін төмендесе, 2021 жылы республикада тек 3 донор қалды – Атырау облысы мен Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары. Ал қалған өңірлердің бәрі демеуқаржыға тәуелді. Бұл жағдай еліміздің ІЖӨ-дегі үлесі 2-3 пайыздан аспайтын облыстардың дербестігін төмендетеді. Билік тармақтарының орталыққа шамадан тыс шоғырлануы және облыстардың өзара үйлесімділігінің нашарлығы өңірлердің тұрақты дамуына өте-мөте кедергі келтіреді. Бұл, әлбетте, Қазақстанда өңіраралық интеграциялануды айтарлықтай әлсірете түседі. Ж.Шымшықовтың айтуынша, өңірлердің экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуының қауіпті жағы да бар.
«Қазіргідей геосаяси жағдай ушығып тұрған шақта жергілікті өңірлерге экономикалық еркіндік берудің мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіруі де мүмкін. Өйткені өз муниципалдық мүлкі бар жергілікті қауымдастықтар өз меншігінің күшіне сүйеніп, орталыққа жалтақтамай, дербес саясат ұстанады. Сол арқылы көрші елдермен тығыз әлеуметтік-экономикалық байланыс орнатып, орталықтан алшақтап кетуі ықтимал. Сондықтан бұл модель демократиясы дамыған елдер үшін қолайлы, ал сыбайластық жайлаған ортада оның пайдасынан зияны көп», – дейді экономист.Шешімін таппай тұрған тағы бір көкейтесті мәселе – жұрттың жапа тармағай қалалық жерлерге көшу үрдісінің тыйылмай отырғандығы. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздік халықтың жайлы тұрмыс іздеп, ірі қалаларға қоныс аударуына әкеліп соқтырады. Соның нәтижесінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі мегаполистердің тұрғындары күрт көбейіп келеді. Ал ол қоғамда түрлі шиеліністерді туғызуы мүмкін. Өйткені аталған қалалардың инфрақұрылымы, әлеуметтік қызметтері белгілі шамадан көп адамды қабылдауға сай емес. Сондай-ақ индустриалдық дамуы төмен өңірлердің қоныс аударушыларды жұмыс орнымен, баспанамен, мектеппен және балабақшамен, емханамен, т.б. қызметтермен қамтамасыз етуге қауқары жетпейді. Ол экологияға кесірін тигізіп, қылмысты өршітеді. Мұндай жағдайда ірі мегаполистерде халық саны көбейген үстіне шамадан тыс көбейе түсіп, тұрғындары тастап кеткен шағын қалалар тоқырауға ұшырайды, олардың инфрақұрылымы азып-тозып, өмір сапасы төмендейді. Осы мысалдан ел экономикасы мен қоғам дамуының ең басты алғышарты демократиялық құрылыста жатқанын көреміз. Ал олардың бірі-бірінсіз ілгерлеуі жоқ.