Әміре Қашаубаев. Осындай мықты қазақ болған. Мықтылығы сонда – қазақ дауысын Париж төрінде әуелеткені. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем» дегеніндей, өкінішке қарай бұл сапар оның өзіне сор болып жабысқан секілді. Париж аспанында әуелей төгілген ән қазақ аспанына қайғы болып оралды.
Әміре Қашаубаевтың әндерін тапқан, оның мұрасын жинап, түгендеген адам – Жарқын Шәкәрім. Ол туралы өзі де жазбаларында жазып қалдырған. «Мен Әміре атамыздың фонографқа жазып қалдырған «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағашаяқ», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Бесқарагер» әндерінің үнтаспасын 1974 жылдың 21 ақпаны күні Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық орталық мұрағаттың Қырғыз бөлімінен таптым. Жайлауы қоныстас, ауылы іргелес, малы қоралас қырғыз елінің Мәскеудегі мұрағаттағы бөлімінен алғаш көрген қазақ мен болдым. Әміренің әндері үнтаспасын тапқан адам Жарқын Шәкәрім делінетіні сондықтан».
Жарқын Шәкәрім тапқан керемет олжаны алғаш «Социалистік Қазақстан» газетінде бөліскен Сапар Байжанов болатын. «Әміре Қашаубаевтың дауысы» деген атпен оқырманға жеткен еді. Одан кейін де Әміре мұрасын Жарқын ағамыз көп зерттеді. Қараусыз қалған моласын тапты. Оның басын қарайтып көтерді. Ескерткішін орнатамыз деген арманы орындалмаған секілді. Ол туралы өзі де ашық жазады.
«Көп кешікпей бұл жұмыстар Қазақ ССР Министрлер Кеңесіне тапсырылып, Әміре мүсінін тұрғызуға 5 000 рубль бөлінді. Осы шешім негізінде 1974 жылдың 9 шілдесі күні Қазақ ССР Мәдениет министрлігінде Әміреге орнатылатын ескерткіш мүсінінің эскизі мен жобасы бекітілді. Ескерткіш мүсіннің авторы болып мүсінші Татьяна Андрющенко тағайындалды», – дейді Жарқын аға өз естеліктерінде. Өкінішке қарай, ол ескерткіш өз тұғырына қонған жоқ. 1978 жылы әншінің туғанына 90 жыл толуына орай жезден құйып орнатылады деген жоспар болғанымен, мүсін жоғалып кетеді. Дайын тұрған мүсін. Бекітілген жоспар бар. Бірақ мүсін табылмаған.
Алматыда көше бар ма?
Қашаубаевтың ескерткіші қойылған жоқ. 1992 жылы Әміре қабірінің басына құлпытас қойылған. Оның өзі бір рет қиратылған. Бұл туралы «Вечерняя Алматы» газетіне «Кощунство на кладбище» деген мақала басылған. Әлдекімдер қабірдің басындағы құлпытасты қиратып, күл-талқан етеді. Әнші құлпытасын қайта тұрғызған – Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Кенжегүл Сыздықова. Құлпытасты қиратып, ескерткіш мүсіннің жоғалуына себеп болған дүние – 1925 жылы Парижде Әміре Қашаубаевтың Мұстафа Шоқаймен кездесуі. Сол сапардан кейін Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) тыңшылары әншіні бақылауға алғаны туралы Жарқын Шәкәрімнің зерттеулерінде жазылады. Тіпті, Қашаубаевтың соңынан арнайы адам да қойған көрінеді. Париж сапарынан кейін тоғыз жылдан соң Алматыда дүниеден өтті. «Оның адам қолынан өлгені тағы шындық» (Жарқын Шәкәрім). Одан бері де талай жыл өтті. Тіпті, бір ғасырға жуықтады. Қуғындалған, «Халық жауы» саналған тұлғаларымыздың барлығы дерлік ақталды. Әміре кездесті деген Мұстафа Шоқайдың есімі елге оралып, даңқы аспандай бастады.
Ескерткіші әлі жоқ
Ал әніне әлем сүйсінген Әміренің жазығы не еді? Оны неге біз әлі күнге өз деңгейінде дәріптей алмай отырмыз? Редакцияға қоңырау шалған оқырман Алматыдан Әміре Қашаубаевтың көшесін таба алмағанын айтып, мұңын шақты. Өзі тұрған, өзі жерленген Алматыда Әміре Қашаубаевтың көшесі жоқ деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді. Әуелі 2ГИС-тен іздедік. Одан таппадық. Амалсыз анықтама бюросын ақтарып көрдік. Онда да жоқ. Сосын Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасына қоңырау шалдық. Тұтқаны көтерген қызметкер де ескі құжаттарды ақтарып жүріп, Қашаубаев көшесін әзер тапты. Ескі анықтамалықта сақталып қалыпты. Әміре Қашаубаевқа 1958 жылы 8 қарашада Түрксіб ауданынан көше берілген екен. Оны Google карта көрсетіп тұр. Көшенің ұзындығы – бар болғаны 190 метр. Бұрынғы Добровольская көшесі. Оқырманның таба алмай отырғанының себебі де осында. Ал ескерткіш... Сол бойы орнатылмаған. «1934 жылы әншіге ескерткіш орнату жөнінде бұйрық шыға тұра орнатылмай қалғаны тәрізді 1974 жылы да оған ескерткіш мүсін орнату жөнінде бұйрық шыға тұра бұл жолы да орындалмады» деп жазады Жарқын Шәкәрім өз естеліктерінде.
1925 жылы Франция астанасында өткен дүниежүзі көрмесінде Әміре Қашаубаев «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», «Балқадиша» әндерін орындағын. Сөйтіп, күміс медаль иемденеді. Бұл сапар Әміренің атын әлемге танытты. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауындағы бірнеше әнді жазып қалдырған. Одан бері бір ғасырға жуық уақыт өтті. Әміре шырқаған ән тарих болып қалды. Әміре аты да тарихқа алтын әріптермен жазылды.
Гүлнәр Міржақыпқызының «Шындық шырағы» атты кітабында Әміре туралы былай деп суреттейтіні бар: «Мұхтардың келуі қарсаңында тәтем жолдастарын жинап, кеш көңілді өтсін деп Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовты алдыратын. Бұлар келіп думанды отырысты сүйетін ағаларына ән салып беретін. Сауықты Әміре бастайтын, өлең айтардың алдында домбырасын күйге келтіріп, шертіп-шертіп алатын. Оның домбырасы қазіргі домбыралардай емес, шанағы төртбұрыштылау шағын домбыра еді. Онысы өз дауысына лайықты күмбірлеп тұратын. Өзі «домбырам» шешен» дейтін. Мәжіліске қатысушылардың алдымен айтқызатыны – «Ағашаяқ». Бұл әнді Әміредей ешкім айтып көрген жоқ. Асқақтатып шырқай жөнелгенде кең тынысы ашылып, қызыл шырайлы өзі құлпырып, шеке тамырлары білеуленіп кететін».
P.S.
Әміре туралы кино түсірілді. Көрермен әртүрлі қабылдады. Дәтке қуат болатыны – Әміре Қашаубаев есімінің ұлықталғаны!Жарқын Шәкәрім ағамыз өмірден өтіп кетті. Өзі де өнерпаз еді. Әміре мұрасын түгендеп кетті. Бірақ сол Жарқын Шәкәрімнен басқа бір адам Әміре Қашаубаев туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге неге ынталы емес? Луначарский мен Әміре Қашаубаев арасындағы сыйластық жөнінде ешкім ләм демейді. Иса Байзақов пен Қажымұқан Мұңайтпасов Әміремен өте жақын болған. Үшеуі де кеңес билігінен құқай көрген. Осыларды сабақтастыра зерттейтін жас ғалымдар, өнер зерттеушілері қайда? Әміре мұраларын Парижден іздеп табуға неге құлық жоқ? Дауысы жазылған таспаның түпнұсқасын елге әкелу ісімен кім айналысады?Іздеушісі жоқ болса, ілтипатқа ілінер тұлға табылмайды. Ал Әміре Қашаубаев індете іздеуші мамандарды күтетін тұлға деп білеміз.