Жаңа оқу жылы басталысымен мектеп асханалары да іске қосылады. Оқу-ағарту министрлігі мектептердегі тамақтануға қатысты түйткілдердің бар екендігін жыл сайын мойындап, жаңа жүйе енгізуден жалықпай-ақ келеді. Нәтижесіз жүйенің жаңалығы да аз болып тұр. Айталық, оқу жылы аяқталарда министр ас мәзірінің жаңарып, арнайы порталға жарияланатынын айтып еді. Алайда айтылған сөз сол жерде қалса керек. Біз хабарласқан мектептердің бірде-бірі ас мәзірін сайттарында жарияламаған.
Бала ағзасы енді қалыптасып, дамитын кезеңде құнарлы тамақтануды қажет етеді. Сондықтан баланың тамақтануына ата-анамен бірге мектеп те, мемлекет те жеткілікті көңіл бөлуі керек. Өкінішке қарай, мектеп оқушыларының 50 пайызында ішек жолдарымен байланысты аурулар бар. Қазақстан бойынша жүргізілген медициналық-демографиялық зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, балалар арасындағы қан аздық (анемия) деңгейі 69 пайыздан асып түскен. Соңғы бес жылда балалардың түрлі ауруға шалдығу оқиғалары 22 пайызға артқан. Жағдайдың бұлай ушығуына әсер етуші негізгі фактор – мектеп асханаларындағы ахуал екенін біле тұра, жайбарақат жүрміз. Себебі пандемия кезінде 166 мектептің ас даярлайтын орнынан ерекше тәртіп бойынша зертханалық сынамалар алынып, тексерілген. Ақтөбе облысы бойынша тамақ өнімінен алынған 415 сынама микробиологиялық көрсеткіш бойынша зерттелсе, оның ішінде 30 сынамадан ішек таяқшасы анықталған. Сондай-ақ дайын тағамдардың құнарын зерттеуге 553 сынама алынған. Оның 19-ы талапқа сай келмепті. Ал тексерілген 2010 шайындының 218-і санитарлық талапқа сәйкес болмаған. Қазақ тағамтану академиясының ғылыми қызметкері Айгүл Қожахметованың айтуынша, баланың дұрыс тамақтануы зейіні мен есте сақтау қабілетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мектеп жасындағы баланың сабақта жұмсайтын энергия шығыны дене белсенділігі жоқ күндері 300-400 ккал, ал сабақтан кейінгі үйірме, қосымша сабақ болса ол қосымша энергия шығынын қажетсінеді. Әр қабылдаған тағамның берер қуаты бар шамамен ертеңгілік аспен 250-300 ккал, түскі аспен 600 ккал, бесіндік аспен 200-250 ккал, кешкі аспен 300-400 ккал тамақ түсіп отыруы тиіс. Бұл сандар бастауыш сыныптағы не ең қозғалысы аз деген оқушылар үшін. Ал белсенділігі жоғарылаған сайын әрине бұл көрсеткіштер де артады.
– Қазіргі заманауи мектеп бағдарламасы қосымша оқуды, ақпараттық ізденуді, қосымша факультативтік сабақтарды талап етеді. Сонда төменгі сынып оқушылары 1500-1800 ккал құрайтын құнарлы тамақ ішуі қажет. Жоғары сынып балаларына 1800-2400 ккал шамасында тамақ арқылы қуат түсуі керек. Одан бөлек мектептегі бақылау, тестілеу, ҰБТ-ға дайындық сол дайындық үшін төменгі сыныптан бастап, дайындық жүргізетін мектептер бар. Мұндай жағдайдың барлығы қосымша уақыт, қосымша энергия шығындалуына әкеледі. Ол энергияны бала ішіп-жеген тамағының ыдырауы мен қорытылуынан түскен қуаттан алады. Ендеше баланың жанар-жағармайы – тамақ, – дейді Айгүл Қожахметова.
Енді елордалық мектептің 7 қыркүйектегі ас мәзіріне назар салып көрейік. Таңғы асқа сүт пен сары май қосылған күріш ботқасын береді. Бұл шамамен 141,5 каллория, қара бидай наны 44,4 каллория болса, қант қосылған шай 40 каллория. Сонда бастауыш сынып оқушысының бір мезгіл тамағы 225,9 каллорияны құрап отыр. Бұл ғалымдар бекіткен нормадан әлдеқайда төмен. Жоғарыда ертеңгілік астың каллориясы 250-300 болуы керек екенін айтқанбыз.
Мектептердің рационы әртүрлі
Негізі заңда бекітілген норма бойынша күнделікті рационда міндетті түрде ет, сүт, нан, жарма, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер болуы шарт. Кей тағамдарды (балық, жұмыртқа, қаймақ, ірімшік және басқа да сүт өнімдері) күн сайын жеу міндетті емес, бірақ бір апта көлемінде 2-3 рет тұтынуға тиіс. Бірақ 2016 жылы бекітілген бірыңғай стандарттан бала түгілі ата-аналар хабарсыз. Стандарттағы 4 апталық ас мәзірі туралы көбі сол күйі білмей кетті. Сондықтан кейбір мектептің оқушылары тойып тамақ ішсе де, бала несібесіне ортақтасқан мектептің оқушылары құнарлы асқа жарымай жүр.
– Балаларым күніне бір рет мектепте ыстық тамақ ішеді. Аршалы ауданында орналасқан мектебіміз көкөністерді өз жылыжайларында өсіреді. Сондықтан тамақтардың бағасы қолжетімді. Басқа мектептерге қарағанда арзандау. Естуімізше кейбір мектептердің мәзіріндегі тамақтар қайталана береді. Балалар күнделікті каша ғана жейді. Мұндайда әр ата-ана баласының мектептен не жеп келгенін сұрап отыруы тиіс,– дейді көпбалалы ана Динара Бақторазова.
Елімізде бірегей типті ас мәзірін даярлаумен тамақтану академиясы айналысады. Кейін оны Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдайды. Соның негізінде барлық мектеп жеке ас карталарын құрады. Бүгінде Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрлігі мектептердің типтік мәзірін жаңалаған. Министр Асхат Аймағамбетов маусым айында әр мектеп ата-аналарға арнап, «Күнделік» немесе басқа да жүйелер арқылы белгілі бір порталда асхана мәзірін жариялауға міндеттелетінін айтты. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап тамақтану тақырыбындағы ақпараттар ашық жариялануы керек болатын. Алайда министрлікке арнайы сауал жолдап, «ас мәзірінің жаңартылған нұсқасын қай порталдан көре аламыз?» деп сұрағанымызда, «Әр мектеп электронды жүйелерін өздері шешеді» деген жауап алдық. Мұны елордалық мектептің әлеуметтік педагогтары да растады.
– Иә, жаңа оқу жылында ас мәзірі де жаңартылды. Бірақ бұрынғы мәзірден қатты айырмашылығы жоқ. Ас мәзірі туралы ақпарат әлі сайттарға жарияланбады, – дейді әлеуметтік педагог Қымбат Айдарова.
Білім сарапшысы Ержан Жұмаділовтың пікірінше, ата-ананың тексеруге құзыры бар жауапты адамдардың қолында күнделікті мәзір тізімі болса, кез келген уақытта астың сапасын салыстырып, кемшілігін анықтай алады. Себебі қазір мәзірді баланың биологиялық құнды заттарға деген физиологиялық қажеттілігін емес, азық-түліктің бағасын ескере отырып жасайды. Ол аз болғандай, кей кәсіпкерлер әлі күнге дейін кем өлшеп, ақшадан жеп, басқаша айтқанда, баланы тонап отыр. Тамақтан жырып, баланың несібесіне ортақтасып отырған мұндай кәсіпкерлерді тоқтататын уақыт жетті.
– Мектептер ас мәзірінің барлығын арнайы порталға жариялап отыруы керек. Өйткені баласының қандай тамақ ішіп жатқанын бақылауға әр ата-ананың құқығы бар. Лицейлер мен қарапайым мектептердегі асханалардың мәзірінде айырмашылық көп. Лицейдегі оқушылар күніне бес мезгіл тамақ ішеді. Ал орта мектептердегі ас мәзірі туралы жиі шу шығады,– дейді Ержан Жұмаділов.
Самса 300 теңге, компот 100 теңге
Ресми статистика бойынша, еліміздегі 3,6 миллион оқушының 30 пайызы тегін тамақпен қамтылған. Олардың ішіне 1-4 сынып оқушылары мен жоғары сыныптардағы аз қамтылған отбасылардың балалары кіреді. Ал қалған балалардың мектепте күні бойы аш жүрмейтіні анық. Олар мектеп асханасынан күн сайын тіскебасар алып жейді. Алайда жыл өткен сайын ас мәзіріндегі бағалар да өсіп жатыр. Айталық, үш жыл бұрын самса 150 теңге, картоп қосылған бәліш – 100 теңге, компот – 80 теңге болса, қазір самса –300, картоп қосылған бәліш – 150, компот –100 теңге. Бірақ мұны ескеріп отырған ешкім жоқ. Қалтасының ғана қамын күйттейтін кәсіпкерлердің көбейгенін, ең қорқыныштысы, олардың бала тамағына ортақтасып, ойындағысын жасап жүргенін сарапшылар шырылдап айтып жүр. Сондықтан мектеп асханасының өзіндік ерекшелігін ескере отырып, сатылатын тағамдардың шектік баға мәнін бекіту керек, себебі олардың қызметін пайдаланатын, негізінен, балалар. Оның үстіне, тамақ сапасын зерттеушілер мектеп асханаларындағы нан өнімдерінің тым көптігін алға тартып отыр. Балалар уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін толыққанды түскі астың орнына соны жей салады екен. Сондықтан ұн өнімдерінің көлемін қысқартып, мәзірден алып тастау керек. Кәсіпкер Сәкен Ермековтың айтуынша, мектеп оқушыларын тамақтандыруға жарияланған тендерді ұтып алғандардың денінде жоғары санатты аспаздар да жоқ.
– Жылда қайталанатын жағдай, тендерге қатысқандардың арасында ұзақ жыл қызмет еткендер емес, жаңа кәсіпкерлер көбіне бой көрсетеді. Тіпті үш күн бұрын ЖШС ашып, төртінші күні тендерді жеңіп алғандары да болды. Нәтижесін өзіңіз білесіз, әрбір үшінші баланың денсаулығында кінәрат бар, – дейді кәсіпкер.
Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру жүйесі бізге шетелден жеткенімен, солардағы «тамақтану комбинаттары» атқаратын жұмыс түрі әлі жете қойған жоқ. Оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес тағамның мөлшеріне дейін есептелетін комбинатта әзірленген тағамдар контейнерлерге салынып, арнайы көліктермен ғана мектептерге таратылады екен. Осылайша, халықаралық стандарттың қажетті жерін ала алмай отырған біздің асханалардың жайы ақсап қалып отыр. Естеріңізде болса, 2011-2020 жылдарға арналған білім саласының мемлекеттік даму бағдарламасына мектеп тамағын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар да енгізілген болатын. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында мектеп тамағын әзірлейтін 16 энергияүнемдегіш комбинат салу жоспарланған еді. Бірақ қағаз жүзінде қабылданған жобаның нәтижесі арада екі жыл өтсе де жоқ. Комбинаттардың көлеңкесін де көрген жоқпыз.
Нұр-Сұлтан қаласы Мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимовтың сөзінше, мектептегі тамақтандыруды ұйымдастырудағы мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалардың жауапкершілік деңгейі төмен, көңілден шығатындай өзгеріс жоқ. Әрі, бұл саладағы түйткілді мәселелер шешімін таппай келеді. Тегін тамақтандыруға бөлінген сома қомақты екеніне қарамастан осындай мәселелер орын алып отыр. Оқушылардың жартысына жуығы мектеп асханаларында тамақ ішпейді. Көбінесе тағам дәмді емес немесе төмен каллориялы болғандықтан балалар оны ұнатпайды.
– Әзірге таңғы және түскі астың сапасын жақсарту үшін алгоритмдер әзірленбеген. Мектеп асханаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жүйелі жұмыс атқармауда. Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында мектеп асханаларын тек тамақ пісіріп қана қоймай, қала тұрғындары арасында танымал азық-түлік желілерінің сенімгерлік басқаруына беру мәселесін пысықтауды тапсырдым,– дейді Ерлан Каналимов.
Өзгелер қалай тамақтанады?
Мектеп бағдарламаларының әртүрлілігі мен климатқа байланысты әр елдегі мектептер әртүрлі тамақтану тәртібін ұйымдастырады. Айталық көрші Ресей елінде оқушыларға арналған асханалар тамақ пісірумен айналыспайды. Ресейдегі ірі тамақтандыру комбинаттары дайындаған тағамдар таңертең ертемен мектепке жеткізіледі. Ал асхана қызметкерлері тек дайын тағамдарды жылытып береді. Бұл елдегі оқушылардың ас мәзірінде әдетте сұйық тағам мен макарон болады.
Қытай елінде халық санының көптігіне байланысты оқушыларды тамақпен қамтамасыз етуде қиындықтар бар. 2011 жылы бұл елде «Лайықты тамақтану» арнайы бағдарламасы бойынша ауылдық 134 мектептің 36 миллион оқушысы тамақпен қамтылды. Қытай еліндегі мектептерде түскі асқа бір сағат уақыт беріледі. Кез келген қарапайым оқушы күрішпен, әр түрлі қуырылған тағамдармен тамақтанады.
Швецияда оқушылардың көп бөлігі тамақтанудың вегетариандық түрін таңдайды. Олардың ас мәзірінде картоп, қырыққабат, сәбіз және жеміс-жидек маңызды орын алады. Ал француздар үшін фаст-фуд өнімдері қолжетімді әрі тойымды ас саналады. Мектеп қабырғасындағы оқушылар да тағамның осы түрін таңдайды. Франция мектептерінде оқушылар қалауы бойынша, қуырылған картоппен (фри), бургермен тамақтанады. Латвия елінде керісінше. Бұл елдің Денсаулық сақтау министрі Гунтисе Белевиче тәтті тоқаштарды, кофе мен пиццаны мектептегі ас мәзірінен алып тастау туралы шешім қабылдаған. Алайда, уақыт өте келе сұранысқа ие тағам түрлері мектеп қабырғасында заңсыз саудалана бастады. Тек бір жылдан кейін ғана министрліктің рұқсатымен кофе мен балмұздақ мектепке қайта оралған.