Таулар алыстаған сайын асқақ та айбынды көрінеді. Тау тұлғаға айналған адамдар да өмірден озып, бақилық өмірге кеткен кезде, олардың бейнесі жүрегіңнен өшпейді, көз алдыңнан кетпейді. Сондай адамдардың бірі де, бірегейі – Нәдір Кәрімұлы деп білемін.
Ол 1932 жылы Әзірбайжанның Нихичеван ауданындағы Кикач ауылында өмірге келген.
Кеңестер одағының қызыл террор саясаты бұл отбасын да айналып өткен жоқ. Кавказдан жер аударып, аштық жайлаған шақта әкесі Кәрім қатты азап шегеді.
Ашық-шашық вагонда азап пен аштық көреді. Сонда сіріңке қорабына «Нәдірді сақтаңдар» деп екі-ақ ауыз сөз жазады.
Бұл әке аманаты еді. «Әке балаға сыншы» деген осы шығар. Кәрім Нәдіров көріпкел адамдай баласының болашақ ғұмырына сенді. Оның үлкен азамат болып, Күрд халқының мақтанышына айналатынын, әкелік махаббатпен болжаған екен.
Шынында, Нәдір Кәрімұлы Қазақ халқының ұлттық рухын бойына сіңірді, тілін де, тарихын да жетік меңгерді. Оның білім, ғылым жолының бастауында Қызылордадағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институттың химия және биология факультеті тұрды. Ол қатардағы мұғалімнен химия ғылымдарының докторы, профессор деңгейіне дейін көтерілді. Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының, Инженерлік академиясының академигі, Башқұртстан ғылым академиясының Құрметті академигі атанды.
Нәдір Кәрімұлы, ойлап отырсам, Қазақстандағы мұнай-газ саласы мен индустриясының ғылыми негізін қалаған, алғашқы қазығын қаққан ғалым ғана емес, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген, ұмытылмас тұлғаға айналды.
Ол – көптомдық мұнай-газ саласының энциклопедиясының авторы болды. Нәдір Кәрімұлы 30-дан астам өзінің және әріптестерімен бірге жазған монографиялардың, 1400-ден астам ғылыми мақалалардың, ондаған оқу әдістемелік құралдардың авторы атанды.
Атақты ғалымның жетекшілігімен 50-ден астам жас ғалым ғылым кандидаты, 12 адам ғылым докторы болды.
Дүниеден өткеніне бір жыл ғана болса да, оның шәкірттері, әріптестері Нәдір Кәрімұлы туралы естеліктер жазып, оның өмір жолын ұрпаққа үлгі етіп жүр. «Ғалымның хаты өлмейді» деген осы ғой.
Мен Нәдір Кәрімұлымен 30 жылдан астам ағалы-інілі сыйластықта болдым. Оның еңбекқорлығы, өз мамандығына деген жауапкершілігі, ғылымға жан-тәнімен қызмет етуі жас ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Нәдіровтың Қазақстанда ғылыми мектебі қалыптасты. Ол – мұнай-газ саласында 6 ғылыми жаңалықтың авторы атанды. 250 патенті мен авторлық куәліктері бар. Әлемдегі қазақстандық ғалымдар арасынан ең танымал және ғылыми жұмыстарына сілтеме жасалатын тұлға да – Нәдір Кәрімұлы еді.
Екі томдық «Қазақстанның мұнайы мен газы», бес томдық «Жоғары созылмалы мұнай және табиғи битумдар» атты монографиялары әлем ғалымдары көз тіккен ғылыми еңбектер санатына енді.
Ал 1996 жылы Нәдір Кәрімұлы ашқан «Газ бен мұнай» ғылыми-техникалық журналы 2011 жылы ең жоғары рейтингті журнал атағын иеленді.
Мұнайшылардың бес ұрпағы, студенттер мен академиктер оны «Қазақстан мұнай ғылымының атасы» деп есептейді. Шыны да осы. Әрі, Нәдір Кәрімұлының еңбегін жоғары бағалаған ғалымдар оны «Қазақ Ломоносовы» деп атап кетуі тегін емес.
1991 жылы Қазақстанның Инженерлік академиясы құрылды. 26 адамнан тұратын құрылтайшылардың бірі – Нәдір Кәрімұлы болатын. Міне, осы ұлттық инженерлік академияда ұстаз, аға, дос, Нәдір Кәрімұлы табаны күректей 30 жыл жұмыс істеді.
Дүниеден өткенінше, Нәдекең осы академияның бірінші вице-президенті болды.
Нәдір Кәрімұлы Нәдіровтың ой тазалығы мен бой тазалығы ешқашан ұмытылмайды. Ол – инабатты, көрікті, жаны жайсаң, өмірге ғашық адам еді.
Ол өзінің өмірлік жары Галина Амоевна екеуі бақытты өмір сүрді. Қуанышты да, қиындықты да бірге көтерді. 1986 жылдың желтоқсан ызғары Нәдір Кәрімұлын да айналып өткен жоқ. Осындай сын сағатта отбасы, жан-жары, бала-шағасы, әріптестері қасында болды. Ешкім «аққа күйе жаға алмады».
Достыққа адалдық, шындық үшін жанын пида ете алатын, өтірікке жаны қас адам еді. 30 жылдық достығымыздың, ағалы-інілі сыйластығымыздың белгісі ретінде осы жолдарды тебірене жазып отырмын.Ең жақын достан айрылу оңай емес. Оның асыл бейнесі жылдар өткен сайын өшпейтініне сенемін.
Нәдір ағаның ғибратты ғұмыры ұлтты сүюдің, ұлтқа қызмет етудің, ғылыми ойдың мәйегін қайта жаңғыртатын бастауға айналды. Солай және солай болып қала береді. Ұлы Абай бабамыз «Артық жолдас таппадым – татулықтан» деген еді. Нәдір Кәрімұлы да ұлттық татулық пен ұлттық бірліктің жаршысы болып, Ұлт санасында қала береді.
Нәдір Нәдіров шын мәнінде, Қазақстандағы инженерлік ғылыми ойдың сардарына айналды.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты