© фото: Назгүл Назарбек[/caption]
Олар салынғанына көп болмаған зәулім ғимараттың бұзылатынына сенгісі келмейді. Көрші Қаратөбе ауылындағы мектептің екінші ауысымында оқиды деген хабар да ата-аналардың көңілін күпті еткен. Өйткені екі ауылды жалғап тұрған көпірдің жағдайы мәз емес. Құрылысы аттай 5 жылға созылған көпір сол күйі салынбады. Ауыл тұрғындарының өз күшімен орнатқан кішкентай ғана көпірден автобус өте алмайды дейді. Расында да, жеңіл көліктің өзі әупірімдеп өткен бір аяқ көпірден автобус өте алмасы түсінікті. Оның үстіне, қоңыр күзде жаңбыр мен қар жауған сәтте екі шеті опырылып тұрған көпірдің опырылып түсуі де ғажап емес. Осынау жайттарды жіпке тізген ауыл тұрғындары мектеп ғимаратының сараптамадан қайтадан дұрыстап өткенін қалайды.
«Мектептің сырты бүтін. Бірақ бірінші қабаттағы еденнің ойылған жерлері бар. Біз оны кәріз құбыры жүрген кезде болған деп болжап отырмыз. Себебі жерге нықтай салынған тұстар дін аман тұр. Ал құбыр жүрген жерлер төмен қарай түсіп кеткен. Сыртта кәріз жүйесі келіп құятын шұңқырлар бар. Бірақ ол құп-құрғақ, оған ешқандай су келмеген. Демек, су сыртқа шықпаған соң құбыр жарылған сияқты. Сараптама жүргізетіндер тек суретке түсіріп кетті. Біз мұның алдындағы мектептің құрылысын жүргізген компанияның өкілдерімен бірігіп, олардың құжатын көріп, ойылған тұстарды тесіп көруін сұраймыз. Егер мына мектеп бұзылатын болса, ауыл балалары тағы 5-10 жыл қиналады», – дейді ауыл қариясы Уәли Жұмабеков.Ақсақалдар ауылдың қысы ерекше болатынын айтады. Қалың қардан көлік жүре алмай ары-бері атпен қатынайтын кездер де болады екен. Сондықтан көрші ауылға балаларды тасымалдау көп мәселенің бастауы болмақ. Үш немересі мектепте оқитын Тастан қария балаларының жаңа оқу жылы басталғаннан бері онлайн оқып жүргенін айтады.
Мектеп жасындағы 4 немересі бар Бескемпір Иманалиев мектептің жарамсыз жағы бұзылып, жарамды тұсына балаларды оқыта бергенді құп көреді. «Осы мектепті апатты жағдайда екен деген әңгіме шыққалы 3-4 ай болып қалды. Міне, жаңа оқу жылы да басталды. Еш әрекет жоқ, «балалар сабаққа барамыз» деп жиналады, «автобус келмепті» деп қайтады. Көпірдің жыры өз алдына бөлек әңгіме», – дейді қария.Ал Қаратөбе ауылы округінің әкімі Ерік Ералиев мектептің мәселесі әкімдікке қарамайтынын айтып бейқам отыр. Оның айтуынша, бұл жұмыстармен мектеп директоры айналысып жатыр екен. Ауыл әкімі көпірдің жайына тіпті басын ауыртып отырған жоқ. Үлкен автобустың зат емес, оқушылар тасымалымен айналысатынын да қаперге алмайтындай. Қалай десек те, ауылдағы мектеп оқушыларының мәселесін білім бөліміне сілтеп қойғаны да ақылға қонбайды. Ал Қаратөбе және Қостөбе ауылын жалғап тұрған дәл осы көпірдің жыры бөлек әңгіме. Көпір құрылысы сиырқұйымшақтанып кеткен соң іс сотқа өтіп, жуырда сот үкімімен жауаптылар бас бостандығынан айырылды. Және келтірілген 24 млн теңге шығынды өтеп беру туралы шешім қабылданды. Олардың бірі мердігер компания басшысы болса, енді бірі техникалық қадағалаушы. Қаратөбе ауыл округіне қарасты Қостөбе және Ханарық ауылына көпір салу үшін мемлекеттен 93 млн теңге қаралған. Осынау жұмыстарды атқару жалғыз «Қайнар-Құрылыс» компаниясына жүктелген. Осылайша, 2018 жылы басталған құрылыс жұмыстары мерзімінде аяқталмай, соңында тоқтап қалған. Бір емес, екі ауылдың қарым-қатынасына жауапты нысан құрылысын мойнына алған мердігердің бұл тірлігі ауыл тұрғындарының наразылығын тудырды. Қызығы, құрылысқа жауаптылар істің сапасынан бұрын бөлінген қаржыны қалтаға басуды ойлайтындай. Оған қостөбеліктер мысалды алыстан іздемейді.
Түркістан облысы