Наурызбай қажы Тағанұлы: Бейбіт өмір – адамзаттың қажеттілігі
Наурызбай қажы Тағанұлы: Бейбіт өмір – адамзаттың қажеттілігі
401
оқылды
Қазақ – болмысынан ымыра­­шыл, бірлік пен бере­кені жақтаушы халық. Біз – «Ұйымдасқан ұтады», «Ынты­мақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» деген аталы сөзді ту етіп, әр күннен жақсылық күткен жұртпыз. Жауласқанды жарастыру, араздасқанға араағайын болу – қанымызда бар қасиеттің бірі. Ұрыс-керіске үйір болу – мұсылман бала­сына жат әрі жағымсыз іс. Біз – ата-бабаларымыздың «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» де­ген өси­етті сөзін өмір сүру қағи­да­мызға айналдырған ұлтпыз. Қауымды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару – пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан ұлы міндет. 622 жылы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Арафат пен Мина тауында соңғы құтбасын оқып, сіз бен бізге мынадай өсиет қалдырған еді: «Халайық! Бүгінгі күн, осы ай, мына қала (Мекке) қаншалықты қасиетті болса, мал-жаның, ар-намысың да соншалық қасиетті, зорлық атаулыдан қорғалған. Мен кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырып, бір-біріңнің қаныңды төгуші болмаңдар. Осы өсиетімді естігендер естімегендерге жеткізсін». Кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейді. Дін – адамдық қасиетті қалыптастыратын теңдессіз тәрбие мектебі. Демек, біз діннің осынау қуатты күшін адамдар арасындағы достық, өзара сыйластық пен құрметті арттыруға бағыттауымыз керек. Бүгінгі таңда мұсылмандар арасында рухани бірлікті нығайтудың маңызы үлкен. Бізге ең әуелі рухани бірлік керек. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында мүминдер – бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ Алладан қорқыңдар. Міне, сонда Оның рақымына бөленесіңдер» («Хұжұрат» сүресі, 10-аят), – дейді. Шын мәнінде, қазір халықтың ынтымағын арттыру аса маңызды міндеттің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбында Қазақстан халқына Жол­дауында: «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Жаңа Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек» деп атап өтті. Расында, біз қашан да қоғам­дағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауға, алауыздыққа қарсы тұруға мән беріп, нақты қадамдар жасап келеміз. Елімізде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі осыған дәлел. Әлемді жайлаған пандемиялық ахуал біздің көптеген ортақ игі іс-шараларымыздың өтуіне тос­қауыл болды. Алайда бұл сынақ мұсылман әлемін, жалпы адамзат баласын біріктіре түсті. Біз әлем­нің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен Үндеу жолдап, жұма күні бір мезетте дұға жасауға ша­қыр­дық. Үндеуге әлемнің бірқатар мұсылман елдері қолдау білдіріп, онлайн режимде дұға жасау рәсіміне қатысты. Бұл бастама дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа жұмылдырды. Адамзат баласы сан ғасырлық тарихымызда талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешіп келеді. Пандемия кезінде қаншама адам ауыр науқастан көз жұмды. Ауыр дертке шалдыққандар әлі күнге дейін емделуде. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында осымен жетінші рет өткелі отырған халықаралық басқосуда пан­демиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі туралы талқылануы өте орынды қадам деп айтар едім. Қандай жағдай болса да Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтары бір-біріне қамқор әрі тілекші бола білуі тиіс. Адамзат баласының ауызбіршілігін арттыруда дәстүрлі дін лидерлерінің рөлі қашан да жоғары маңызға ие болған. Елең-алаң күй кешкен әр адам үшін жылы сөздің өзі жанға дауа, көңілге медеу болары сөзсіз. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін қашан да жақсы сөйлеуге шақырған. Айналадағы адамдарға шуақ ша­шып, үрейге емес, үмітке қанат бітіре білсек, кез-келген сынақты сабырмен еңсереміз. Әлемдегі пандемиялық жағ­дай дін өкілдерінің рухани әлемін біріктіріп, жалпы халықты бірлікке топтастырды. Дін қызметкерлері қоғамда ізгілік пен мейірім­ділік сынды құндылықтарды кеңі­нен насихаттай білді. Жер бетіндегі күллі жұртшылық бір дене іспетті ортақ сынақты бастан кешіп, бір-біріне тілекші болды. Алла Тағала Құранда: «Шүбә­сіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштық­пен және мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер...» («Бақара» сүресі, 155-аят) деп, сабыр етушілер үшін бұл қиыншылықтың уақытша екенін сүйіншілейді. Осылайша, пандемия ахуалы барша адамзатты қанағатшылдық пен қайырымдылыққа, бірлік пен ізгілікке тәрбиеледі. Біздің, барша дін қызметкерінің, қоғам алдындағы басты міндеті – мұсылман қауымының бірлігін нығайтуға үлес қосу. Біз жыл басында діни қызмет аясында имамдар үшін 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жарияладық. Бұл шешім еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын нығайтуға оң ықпал етіп келеді. Қазіргі әлемдегі күн сайын құбылған ұстанымдар мен тұрақсыздық қазақ халқының «Күшенген жеңбейді, күші көп жеңеді» деген мақалының өміршеңдігін дәлелдеді. Расында, халқымыз айтқандай, «бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас». Жаратушы Иеміз Құранда: «...Жақсылыққа, тақуалыққа бір-біріңе жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер...» («Мәида» сүресі, 2-аят) деп ескертеді. Алланың разылығын алуды көздеген пенделер Жаратушы Жаббар Иеміздің бұйрықтарын бірге орындауға, адамдарды ақиқат жолына шақыруға, әділет, теңдік, адамгершілік сынды құндылықтарды қоғамда кеңінен таратуға, ренжіскен адамдарды татуластыруға, түйіндеп айтқанда жақсы істерде бір-біріне көмекші болады. Жер бетінде бейбіт өмірді қамтамасыз ету – адамзаттың қажеттілігі. Бұл – бір ғана тараптан жүзеге аспайтын, керісінше дін лидерлерінің келісім мен өзара түсіністік аясында орындалатын ортақ іс. Бұл ретте дін өкілдері діни мәселеден туындаған келіспеушілік жағдайларды келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешуі тиіс. Рақымшылық, мейірімділік, кешірімділік сынды адамгершілік құндылықтар – барша қауымға ортақ қасиет. Қоғамда осындай адамгершілік құндылықтардың салтанат құруын қалаған адам ең әуелі ізгілікті өзінен бастауы ләзім. Алла Тағала халқымыздың ынтымағы мен бірлігін бекемдеп, тәуелсіздігімізді баянды еткей! Әмин!