Бизнесті дамыту үшін тек идеяның болуы немесе тапсырыстардың түсуі жеткіліксіз. Өнім шығаруды арттыру, заманауи технологияларды енгізу немесе жаңа нарықтарға шығу үшін кәсіпкерлерге қаржылық ресурстар қажет. Алайда тиімді шарттармен несие алу қиын, кейде кепілдікке қоятын мүлік болмайды. Осындай кезде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалы маңызды рөл атқарып отыр. Филиал бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалануға көмектеседі.
Бүгінде қор кәсіпкерлерге қолдаудың үш негізгі тетігін ұсынады: жеңілдетілген қаржыландыру, кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда қарыздарға кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Олардың әрқайсысы нақты міндетті шешуге бағытталған. Ал ортақ мақсаты – кәсіпорындардың тұрақты дамуына, өндірістің кеңеюіне және өңір экономикасының нығаюына жағдай жасау.
«Даму» қорының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік директоры Тарас Шалыганың айтуынша, облыста мемлекеттік қолдау тетіктерімен 12,5 мың кәсіпкер қамтылған, ал қолдау алған жобалар бойынша несиелеудің жалпы көлемі 699 млрд теңгені құраған.
– Ұлттық даму институты саналатын «Даму» қоры Қазақстанның барлық өңірінде шағын және орта бизнестің сапалы дамуына жәрдемдеседі. Бұл экономикалық тұрғыдан айтарлықтай нәтиже береді. Батыс Қазақстан облысында 2010-2024 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 6,1 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Олар бюджетке салық түрінде 483,5 млрд теңге төледі, – деді Тарас Шалыга.
Бұл көрсеткіштер қаржылай қолдаудың ауқымын ғана емес, оның өңір экономикасы үшін маңызын да көрсетеді. Кәсіпорын өндірісін кеңейтуге мүмкіндік алған кезде, мұның пайдасы тек меншік иесімен шектелмейді. Білікті мамандарға деген сұраныс артады, материалдар сатып алу көлемі ұлғаяды, жеткізушілер үшін қосымша тапсырыстар қалыптасады, ал бюджетке түсетін салық түсімдері көбейеді.
Қордың негізгі құралының бірі – «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы. 2025 жылғы маусымнан бастап бұл бағдарлама инвестициялық жобаларды қаржыландыруға және қолданыстағы қарыздарды жылдық 12,6% мөлшерлемемен қайта қаржыландыруға мүмкіндік береді.
2025 жылы Батыс Қазақстан облысында осы бағдарлама аясында жалпы сомасы 14,3 млрд теңгені құрайтын 68 жоба қаржыландырылды. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 34 жобаға 4,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Сұранысқа ие тағы бір тетік – кепілдік беру. Бұл механизм келешегі бар жобасы және қаржыландыруға қажеттілігі бар, алайда банк несиесін алу үшін кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз кәсіпорындар үшін аса маңызды. Мұндай жағдайда қордың кепілдігі несие қаражатын тартудағы кедергілерді азайтуға көмектеседі.
2026 жылдың басынан бері облыста жалпы несие портфелі 32 млрд теңгені құрайтын 132 кепілдік шарты жасалған. Қор берген кепілдіктердің көлемі 23 млрд теңгеге жетті.
Үшінші құрал – пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Бұл тиісті қолдау бағдарламалары аясында кәсіпкердің қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қордың жұмысы қаржылық тетіктермен ғана шектелмейді. Бизнесті қолдаудың маңызды бағыттың бірі – кәсіпкерлерді қолданыстағы бағдарламалар туралы ақпараттандыру және оларға қолайлы құралды таңдауға көмектесу. Облыс орталығынан шалғайда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін бұл міндетті «Даму» қорының мобильді фронт-офисі атқарады.
Бұл – мамандары аудандар мен ауылдық елді мекендерге барып, кеңес беретін көшпелі консультациялық орталық. Кәсіпкерлер Орал қаласына бармай-ақ қаржыландыру мүмкіндіктері, кепілдік қолдаудың шарттары және бизнесті дамытуға арналған басқа да құралдар туралы ақпарат ала алады. Жоба іске қосылғаннан бері мобильді фронт-офис 150-ден астам рет көшпелі сапар ұйымдастырып, екі мыңнан астам консультация өткізді. Осы уақыт ішінде 16 қала мен моноқала қамтылды. Батыс Қазақстан облысында мамандар 12 ауданды аралап, 300-ден астам кәсіпкерге кеңес берді.
Мұндай жұмыс мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті жерлердегі бизнес үшін қолжетімді етуге ықпал етеді. Өйткені шағын кәсіпорын үшін уақытылы берілген кеңес өндірісті жаңғыртуға, қаржыландыру тартуға немесе жаңа жобаны іске қосуға бастайтын алғашқы қадам болуы мүмкін.
Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін кәсіпорынның бірі – GAZSNABOIL ЖШС. Компания 2020 жылы тіркелген және мұнай-газ, мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай-химия салаларына арналған жылу алмастырғыш жабдықтар өндіруге маманданған. Кәсіпорынның негізгі өнімі – газ, сұйықтық және бу-сұйық қоспаларын салқындатуға әрі конденсациялауға арналған ауамен салқындату аппараттары. Сонымен қатар компания түрлі жиынтықтаушы бөлшектер мен құбырлы қабықшалы аппараттар шығарады.
Компания өнімдері жабдықтың сенімділігі мен техникалық талаптардың сақталуы айрықша маңызға ие салаларда сұранысқа ие. Кәсіпорынның тапсырыс берушілері қатарында «Интергаз Орталық Азия», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАзот», «ҚазГӨЗ», Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттары бар. Өндіріс директоры Низами Алиевтің айтуынша, кәсіпорын өндіріс көлемін біртіндеп арттырып, тұрақты өндірістік деңгейге шыққан.
– Біз ауамен салқындату аппараттарын, оларға арналған жиынтықтаушы бөлшектерді, сондай-ақ құбырлы қабықшалы аппараттарды өндіреміз. Бұл жабдықтар мұнай-газ және химия өнеркәсібінде қолданылады, – деді ол.
Компания жылына орта есеппен 100-120 дана жабдық шығарады. Сонымен бірге өндірістік қажеттіліктердің едәуір бөлігі отандық жеткізушілер есебінен қамтамасыз етіледі: кәсіпорын шикізат пен материалдардың 90%-ына дейінін Қазақстаннан сатып алады. Негізінен, бұл – металдар, белгілі бір қорытпалар және басқа да қажетті материалдар. Егер қажетті өнім ішкі нарықта болмаса, ол шетелден жеткізіледі.
Компанияның тағы бір ерекшелігі – инженерлік жобалаудан басталатын толық өндірістік цикл. Кәсіпорында нақты тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес техникалық шешімдер әзірлейтін жобалау-конструкторлық бөлім жұмыс істейді. Компанияда 30-дан астам адам еңбек етеді, олардың 24-тен астамы тікелей өндірісте жұмыс істейді. 2026 жылғы ақпанда кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы бойынша айналым қаражатын толықтыруға қаржы алды. Бұл ретте «Даму» қорының «Кепілдік қоры-1» бағдарламасы аясындағы кепілдігі қолданылды.
Өндірістік бизнес үшін айналым қаражатының маңызы зор. Металл мен жиынтықтаушы бөлшектерді сатып алу, тапсырысты орындауға дайындық және өндірістік үдерісті ұйымдастыру дайын жабдық тапсырыс берушіге тапсырылып, оның ақысы төленгенге дейін шығынды талап етеді. Қаржыландыруға қол жеткізу қажетті материалдар қорын қалыптастыруға және клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақытылы орындауға мүмкіндік береді.
Осылайша, жеңілдетілген несиелеу мен кепілдік беру тетіктерін ұштастыру екі міндетті қатар шешуге көмектеседі: кәсіпорынның ағымдағы қызметін қамтамасыз ету және оның одан әрі кеңеюіне негіз қалау. Қазір компания өндірістік базасын дамыту және өнімнің жаңа түрлерін игеру бағытында жоспарлар құрып отыр. Кәсіпорында жаңа база құрылысы жүргізілуде. Ал болашақта мұнда ірі габаритті жабдықтар өндірісін жолға қою көзделген.
– Біз технологиялармен қатар жүруіміз керек. Жаңа жабдықтар сатып алып, өндірістік қуатымызды арттырып, жалақыны көтеруді және жаңа жұмыс орындарын ашуды қалаймыз. Біздің міндетіміз – қолданыстағы ұжымымызды сақтап қана қоймай, оны кеңейту, – деп атап өтті Низами Алиев.
Болашағы бар бағыттың бірі – ірі габаритті жабдықтар өндіру. Мұндай өнімдерді шығару үшін тиісті өндірістік алаңдар, техникалық мүмкіндіктер және қосымша инвестициялар қажет.
– Қазақстанда шынымен де үлкен резервуарлар өндіруге қабілетті кәсіпорындар көп емес. Біз осы деңгейге көтеріліп, ірі габаритті жабдықтар шығарғымыз келеді, – деді өндіріс басшысы алдағы жоспарларымен бөлісіп.
Осылайша, мемлекеттік қолдау қолданыстағы өндірісті нығайтуға және дамудың келесі кезеңіне дайындалуға мүмкіндік беретін құралға айналды. Мұндағы маңызды нәтиже – қажетті материалдарды сатып алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар өнім түрлерін кеңейтуге, өндірістік қуатты арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашылуы.
Батыс Қазақстан облысы үшін мұндай кәсіпорындардың дамуы жұмыс орындарын сақтауға және жаңаларын ашуға, өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуға әрі жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Ал кәсіпкерлер үшін бұл – өндірістік жоспарларын ішкі нарықта сұранысқа ие, болашақта сыртқы нарықтарға да шығуға мүмкіндік беретін нақты жобаларға айналдырудың жолы.
Аида ҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы
