Цифрлық карта: жай дерекқор емес
Қазақстанда «Отбасының цифрлық картасы » іске қосылды. Нәтижесінде, қазір 19,6 миллион қазақстандықтың 6,5 миллионнан аса отбасыға біріккені белгілі болды. Бірақ цифрлық карта жай ғана дерекқор емес. Ол арқылы аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіледі. Бұл жүйеде әрбір азаматтың дерегі жиналмақ. Соның арқасында Үкімет нақты кімнің мемлекеттік көмекке шын мәнінде мұқтаж екенін біледі. Коттеджі барлардың онысын жасырып, мемлекеттен миллион теңге атаулы көмек алуына тосқауыл қойылмақ. Жаңа карта елге тағы қандай жаңа игіліктер әкеледі?
Жаңа карта не үшін қажет?
Биылғы Жолдауында ел Президенті саяси блок сыртында, әлеуметтік мәселелерге басымдық берді. Әлемде экономикалық дағдарыс өршіп барады, жаһанда инфляция мен қымбатшылық басқа шауып, төске өрледі. Бұған Ресей–Украина арасындағы қарулы жанжал салдарынан геосаяси дауылдың күшеюі қосылды. Мұның бәрі әр мемлекеттен өз халқын қорғау шараларын өрістетуді талап етеді.
Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) бірыңғай жүйесін құру «азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болатынын» жариялады. Аты айтып тұрғандай, он тоғыз миллион ішінде мемлекеттің қамқорлығына ең зәру отбасылар анықталып, Үкімет соларға атаулы-адресті түрде жәрдемдеседі.
Мемлекет басшысының айтуынша, осыған байланысты алдағы 2023 жылдан бастап, «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» сияқты тетік-тәсілдерді енгізу жоспарланған. Олар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары бір жерге біріктіріледі. Оның бәрі «барынша түсінікті, ең бастысы, атаулы болады әрі алдын ала жасалады». Мысалы, өмірдің қиын жағдайына тап болған, кедейленген азамат Үкіметтен, әкімдіктен, түрлі қорлардан қандай көмек ала алатынын нақты білуі қажет.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың нақтылауынша, Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) қазірдің өзінде пилоттық режимде енгізілді. Әңгіме оны алдағы жылға дейін толыққанды іске қосу жайында болып отыр. Бұл іс кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Біріншіден, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша ОЦК пилоттық режимде енгізілді. Екіншіден, алдағы желтоқсан айында, жаңа Әлеуметтік кодекс жобасының аясында ОЦК енгізу үшін «Дербес деректер туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарына өзгерістер енгізу жоспарланған. Бұл аталған тетікті заңдастыру үшін қажет. Үшіншіден, жаңа 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік кепілдіктер бекітіліп, беріле бастайды. Төртіншіден, 2024 жылғы 1 қаңтардан денсаулық сақтау және білім беру салаларында барлық мемлекеттік кепілдіктер, қызметтер осы карта арқылы ұсынылады. Ал 2025 жылғы 1 қаңтардан цифрлық карта мемлекеттік кепілдіктердің, әлеуметтік көмектің барлық түрін қамтиды.
Негізі, Отбасының цифрлық картасы барлық отбасыға керек. Себебі әрбір азамат өмірінің белгілі бір кезеңінде мемлекеттен көмек алады. Мысалы, бала өмірге келсе, декретке шықса, жұмыссыз қалса, асыраушысынан айырылса, зейнеткерлікті рәсімдесе және басқа жағдайларда осы карта қажет болуы мүмкін.
Айтқызбай көмек береді
Қазір бірнеше жәрдемақыны осы цифрлық карта арқылы алу пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) дегеніміз – барлық жеңілдіктер, артықшылықтар, жәрдемақылар және басқа мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер жинақталған әрі персонификацияланған база. Бұл ақпараттық жүйеде әртүрлі мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдардың барлық азаматқа қатысты мәліметтері қордаланады. Яғни, әр қазақстандықтың әл-ауқаты көрсетілген жеке досье түзіледі деуге болады. Цифрлық картада 19,6 млн азамат туралы деректер жинақталыпты. Олар 6,5 миллионнан астам отбасыға бөлінген.
ОЦК «әрбір отбасының отбасылық құрамы мен әл-ауқаты деңгейіне қарай мемлекеттік жәрдемақылар, төлемдер алуға құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді». Мысалы, 1 (келесі жылы 1,5) жасқа толмаған баласы бар отбасы бала туу бойынша жәрдемақы алады. 4 және одан көп балаға ие отбасы олар 18-ге толғанша, ай сайын жәрдемақы алып тұрады. Оның бәрі осы карта арқылы жүзеге асады.
Тағы бір жаңалығы сол, цифрлық карта жәрдемақыларды проактивті форматта, яғни көмек алушыдан өтініштің түсуін күтпей-ақ тағайындауды қарастырады. Мысалы, әйел жас босанып, отбасыға жаңа мүше қосылса, мемлекет нәрестелі болған ананың өтініш, құжаттар көшірмесін әкеліп, бала туғанын дәлелдеуін күтпей-ақ, оған жәрдемақы төлей бастайды. Себебі сәбидің өмірге келген дерегі базада пайда болады.
[caption id="attachment_216939" align="aligncenter" width="1367"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption]
Министрліктің түсіндіруінше, ОЦК-ның жұмыс алгоритмі келесідей болады: «мемлекеттік кепілдікті», яғни жәрдемақы, төлем, жеңілдікті алуға құқығы бар отбасы Еңбек министрлігінен sms-хабарлама алады. Хатта ол азамат нақты бір мемлекеттік қолдаудың түрін ықтимал алушы болып табылатыны көрсетіледі. Аталған sms-хабарламада азаматқа жәрдемақыны проактивті форматта тағайындауға келісім беру немесе одан бас тарту құқығы ұсынылады. Мәселен, егер азамат жәрдемақы көлемі аз болады деп күмәнданса, онда бұдан бас тартып, тиісті құжаттарын жинап, өзі өтініш жазады. Ал егер келіссе, жәрдемақы бірден тағайындалып, артынша алушының есепшотына ақша аударылады.
Отбасының цифрлық картасын қолданысқа беру үшін барлық жауапты мемлекеттік органдардың, жергілікті әкімдіктердің, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының жүйелерін біріктіріп, жұмысын үйлестіру қажет болыпты. Таяуда Еңбекминінде өткен кеңесте олардың бәрі жобаны іске қосуға дайын екенін мәлімдеді.
Айтпақшы, министрліктің мәліметінше, ОЦК-ны пилоттық режимде іске қосуға дайындық барысында мемлекеттік көмекке зәру, бірақ өзіне қолдау қарастырылғанын білмей, жүгінбеген азаматтар анықталды. Оларға проактивті қызмет алу туралы SMS-хабарламалар жолдана бастаған.
Жүйе қайтсе түзеледі?
Негізі, Т.Дүйсенованың сендіруінше, алдағы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласындағы барлық тағайындау мен төлемдер проактивті форматта көрсетілетін болады. Яғни, қазақ елі өркениет жолында ілгерілей түспек.
Мысалы, Қазақстанға «Электронды Үкіметті» құруда үлгі болған Эстонияда барлық төлем мен жәрдемақының толығымен автоматтандырылғаны сонша, азаматтар соған жауапты мекемелердің мекенжайын да білмейді екен. Өйткені олардың табалдырығын тоздырмайды. Ал қазақстандықтар әзірге жәрдемақы-төлемдері дұрыс есептелмегендіктен, Еңбекминін, Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорын (МӘСҚ) жағалап жүр.
Сонымен бірге пилоттық режим Отбасының цифрлық картасының жобасы «шикілеу» екенін көрсетіп отыр. Мысалы, Алматы тұрғыны Гүлнұр С. жұмыспен қамту бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға арналған грант алмақшы болыпты. Бірақ жүйеде мәртебесін тексеру кезінде «Сіз грантты алу шартына сәйкес келмейсіз!» деген ескерту шығыпты.
«Яғни, көпбалалы отбасы әлеуметтік санатына жататын ана екенімді база растамады. Базада 2 балам ғана тіркеліпті. Жұбайым екеуміздің некеміз кезінде Өзбекстанда тіркелген болатын. Ол да шықпады. Түрксіб ауданының АХАТ мамандары: «Онда күйеуіңізбен ажырасып, некелеріңізді Қазақстанда, қазақстандық заңнамамен қайта тіркеңіздер, сонда проблема болмайды» деп кеңес береді. Ол не масқара? Осы жаста, 24 жыл бірге тұрған күйеуіммен ажырасып жатсам, ағайын не дейді? Жүйені түзету орнына отбасыларды ыдырататын бұл неғылған заң? Неге азаматтар артық баж төлеп, соттарда сенделіп, сергелдеңге түсуі керек? Осы ақауларды айналма жолдар іздемей, өркениетті жолмен тура шешуге болмай ма?» – деп ренжиді Гүлнұр.
Алматылық АХАТ мамандары оның ұсынған құжаттарын қарай келе, қағида бойынша тек 18 жасқа дейінгі балалардың туу туралы куәліктерін ғана өзгерте алатындарын түсіндіріпті. Ал Гүлнұрдың кәмелетке толып кеткен екі баласы базаға кірмей тұрған көрінеді. Сондықтан оның жүгірісі жалғасуда.
Тұтастай алғанда, мамандар Отбасының цифрлық картасын озық бастама деп бағалайды. Тек онда қордаланған, әрбір қазақстандыққа қатысы бар аса құнды деректер ниеті жаман бөгде адамдардың қолына түсіп кетпеуі үшін мұқият қорғалғаны да маңызды.