Такси қызметі заңсыздықтан арылар емес. Қазір автокөлік тізгіндеген екі адамның бірі қолы қалт етсе, ақысына жолаушы тасымалдап, азғантай табыс тапқанды құп көретіні шындық. Елімізде соңғы жылдары заңсыз такси қызметіне түбегейлі тыйым салуға талпыныс бар еді. Бұл тыйымға біреу келіссе, енді бірі қарсы. Дегенмен такси қызметі көлеңкелі экономиканың шырмауынан шыға алмауда. Енді салаға жауаптылар мәселені заңмен шешуге көшті.Қайта тұтанған ескі дау
Бұдан былай елімізде такси қызметін көрсететін жүргізушілер кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлемесе, көлігі тәркіленеді. Ал талап орындалмаса, алдымен 46 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Егер такси жүргізушісі бір жыл ішінде құжатын жасатпаса, айыппұл сомасы екі еселенеді. Екі ескертуден кейін заңға көндікпеген жүргізушілер көлігінен айырылады. Бұл тұста таксопарктерге де жауапкершілік қаралып отыр. Жүргізуші таксопарк арқылы қызмет көрсетсе, салықты таксопарк иесі төлеуге міндетті. Мемлекеттік кірістер комитетінің бұл бастамасы жүргізушілердің наразылығын тудыратыны айтпаса да белгілі. Соңғы екі жылда бұл мәселе бірнеше рет талқыға түсті. Мәселен, биыл көктемде елде заңсыз такси қызметімен айналысқандарды қатаң жазалауға мүмкіндік беретін заң жобасы қоғам талқылауына шығарылды. Негізі, заңсыз такси қызметін көрсеткендерді әкімшілік жазаға тарту бойынша заң жобасы былтыр тамызда ұсынылған. Кейін толықтыруға жіберілді. Ақыры, көктемде жарияланған ұсыныс қолдау тапқанға ұқсайды. Дегенмен жаңа заңды негізсіз дей алмаймыз. Ең алдымен, «заңсыз такси қызметімен не үшін күресу керек?» деген сауалға жауап іздесек. Бір ғана мысал, Қазақстанда такси нарығының жылдық табысы – орташа есеппен 120 млрд теңге. Оның 95 пайызы көлеңкелі экономикада қалады. Міне, осыдан-ақ жағдайды бағамдай беріңіз, мемлекет салықтан қағылады, оның үстіне заңсыз жолаушы тасымалдаған жерде қауіпсіздік жайы ескерілмейді. Осының бәрі саланы заңмен реттеуге мәжбүр еткені анық.
Еңбек министрлігінің көзқарасы басқа
Таяуда біз осы мәселеге байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерекше ұсыныс даярлауға ниеттеніп жатқанын естідік. Ведомствоның ұстанымы бойынша, такси қызметіндегі жүргізушілерді салық төлеуге міндеттеп, салмақ салудың қажеті жоқ. Ойластырған дүние келесідей: Еңбек министрлігі «Яндекс.такси», «Индрайвер» секілді алпауыт такси компанияларымен келіссөз жүргізуге кіріспек. Бұл компаниялар адам тасымалдайтын өзіне қарасты жүргізушілерден салық алатынын білеміз. Ал ведомство компанияларды салықтан түскен ақшасының 4 пайызын жүргізушілердің әлеуметтік төлемдеріне аударуды міндеттемекші екен. Мысалы, бір ғана «Яндекс.такси» бағдарламасына Қазақстан аумағынан 150 мыңнан астам адам тіркелген. Компания әр жүргізушінің тапқан табысының шамамен 5/1 бөлігін салық ретінде алып отырады. Жүргізуші айына 500 мың теңге тапса, 100 мың теңгесі «Яндекс»-ке тиесілі деген сөз. Алдағы уақытта жаңа ұсыныс қабылданар болса, «Яндекс» сол 100 мың теңгенің 4 пайызын, яғни ай сайын такси жүргізушісінің әлеуметтік төлемдеріне 4 мың теңге аударып отырады. Есесіне, жүргізушілер кәсіпкер ретінде тіркеліп, есеп жинап, салық төлеп, сабылып жүрмейді. Біз Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, ондағылар бұндай бастаманың расымен ойда барын, ұсыныс алдағы 1-2 айда дайын болып қалуы мүмкін екенін айтты. Ақылға қонымды ұсыныстың бірі – осы.
Бақылаудың бабы келіспей тұр
Қош, сонымен, такси қызметіндегі әр жүргізуші кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуге міндеттелді делік. Алайда оларды бақылаудың нақты тетігі жоқ болып тұр. Қазақстанда 2013 жылдан бері такси қызметімен заңсыз айналысқандарды Ішкі істер министрлігі өз бақылауына алған еді. Алайда нәтиже болмады ма, әйтеуір 2019 жылдан бастап бұл жұмыс Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Көлік комитетінің құзыретіне ауысты. Содан соң заңсыз жолаушы тасымалдаушыларды анықтау жұмысы қарқын алды. Комитет сол кездері қарап жатпай заңсыз жүргізушілерді анықтауға бағытталған арнайы жол картасын да қабылдап үлгерді. Кейін 1 жылға жетпейтін уақыт ішінде жолаушылар тасымалы ережесін бұзып, еш рұқсатсыз осы кәсіппен айналысқан 40 мыңнан астам адам анықталып, 10 миллион теңгеден көп айыппұл өндірілді. Тіпті, Ішкі істер министрлігінің рұқсатынсыз-ақ көліктерге қатысты тексеруді үдеткен комитеттің дәурені жүрді. Ал тіркеусіз такси жүргізуші атанғандарға салынатын айыппұл мөлшері онсыз да аз емес еді, 40 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі шекте болған.
Негізі, такси қызметін заңдастыру азаматтар үшін аса қиын емес. Алайда көпшілік такси жүргізуші болуға жүрдім-бардым қарап, кәсіптік жағын елемейді. Әйтпесе, салық органдарына жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Такси жүргізушілері тапқан табысынан жырып, салық төлейтіні белгілі болғанымен, олардың қанша мөлшерде пайда тауып отырғанын анықтау қиын. Яғни, нақты тетігі жоқ. 2020 жылы Қаржы министрлігін сарсаңға түсірген тұс – осы мәселе. Сол үшін кірістер комитеті тұрақты түрде жол-жөнекей адам ала кететіндердің айлық кірісін есептеп тұратын амал табуға тырысып жатыр деген ақпар тарап, кейін жұмыстың бәрі тыншыды. Әзірге жай-күйі анық бір нәрсе, егер жолаушы тасушының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі 60 мың теңгеден кем болса салық төлемейді. Демек, олар жеке тұлға ретінде қызметті ары қарай атқара алады. Бірақ табысы 60 мың теңгеден асатын болса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар патент бойынша немесе басқа да салықтық режимді таңдап, өзінің кәсібін жүргізе береді. Такси қызметінің табысын анықтау мәселесі алдағы уақытта шешімін табуы мүмкін. Өйткені келесі жылдан бастап банктегі жеке есепшотына өзге тұлғалардан үздіксіз қаржы түсіп тұрса, кәсіпкер санатына жатқызылып, салық ұсталады. Ал біздегі заңсыз жүргізушілердің түгелі дерлік ақысын онлайн аударым арқылы алады. Демек, бұл мәселе шешімін табатын тәрізді.
Заңсыз таксистерді анықтау үшін құзырлы органдар жолдағы әр көлікті тоқтатып жүрмейтіні анық. Біреулер көше бойындағы жолаушыны алып, қалаған мекенжайына жеткізеді. Ешкім білмей де қалады. Заңсыздық осылай үдей бермей ме деген күмән бар. Мәселен, бір елорданың өзінде жолаушы тасымалдайтын өзге ұлт өкілдері тым көбейіп кетті. Көпшілігі кәсіпкер ретінде санатта жоқ. Яғни, Қазақстанға келіп, жолаушы тасымалдай беру аса қиын іс емес екен. Қауіпсіздік жағы елеусіз. Ал жолаушылар мен жүк тасымалы бойынша сарапшы, Республикалық такси қызметі қауымдастығының басшысы Медет Құрманов еліміздегі такси қызметіне ауқымды реформалар қажет екенін айтады.
– Алдымен, баға саясатын бақылауға алу керек. Себебі шетелдік такси қызметтері отандық нарыққа кіру үшін бағаны әдейі төмендетеді, солай Қазақстан такси парктері мен жергілікті автопарктерге зиян шектіреді. Кейін өз аудиториясын қалыптастырып алған соң қалаған бағасын қойып, шамадан тыс көтереді. Екіншіден, такси агрегаттары сандық платформа ретінде тіркеліп, заңды тұлға аталуы тиіс. Үшіншіден, әкімдік өз аумағындағы такси қызметіне деректерін тіркеп отыратын құжат енгізгені абзал. Төртінші қадам, BIG Data негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйе құрылып, такси қызметінің сапасын бақылайтын қалалық мониторинг орталығы ашылса игі. Яғни, нарықта жұмыс істегісі келген такси қызметі әкімдікке өтініш береді де, әкімдік оны BIG Data базасына тіркейді. Кейін BIG Data базасын полиция, сақтандыру және басқа да мемлекеттік қызметтермен байланыстыруға болады. Бұдан бөлек, кез келген ресми такси көлігінің сыртына арнайы сурет не бейне жабыстыру қажет, – дейді ол.
Қымбатшылық қарқын алды
Сонымен, такси қызметінде кем-кетік көп. Елімізде такси қызметінің басым бөлігі заңдастырыла берген сайын баға да құбылады. Energyprom есебінше, 2022 жылы Қазақстан такси қызметінің бағасы бойынша ТМД-да Әзербайжаннан кейінгі екінші орынға жайғасқан. Өйткені бәсекелестік жоқ, ол жоқ жерде баға жоғары болады. Бәрі біледі, елде кең таралған 1-2 компания ғана, басқа таңдау көрмейсіз. Ендігі мәселе – такси жүргізушілері жаппай салық төлеуге көшсе, қызметтің бағасын көтеріп жіберуі мүмкін. Республикалық такси қызметі қауымдастығы былтыр такси құнына қатысты қызықты дерек ұсынған. 5 жылдың ішінде такси қызметі 5 есеге қымбаттаған екен. Мысалы, 2015 жылы такси бағасы орташа есеппен 200 теңге болса, 2020 жылы 1000 теңгеден асып жығылған. Баға одан әрі қымбаттай берері даусыз.
Не дегенмен де, такси қызметін заңдастырудың халық үшін артықшылықтары өте көп. Бұл ең алдымен, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қауіпсіздік демекші, АҚШ-та такси қызметін ұсынатын компаниялардың кейбірі көлік жүргізушісі мен жолаушы арасын темірмен оқшаулайды. Себебі жүргізуші мен жолаушы арасында қылмыс болмасына ешкім кепіл бола алмайды. Мәселен, жол бойында такси тоқтатасыз, бәлкім ол такси емес, қылмыскер болып шығуы мүмкін. Сондықтан заңдастырудың пайдалы жағын да көбірек ойлаған абзал сияқты. Алдағы Еңбек министрлігі бұл мәселеге байланысты ұтымды ұсыныс айтады деп ойлаймыз.