Атыраудағы сәләфилік бағыттағы «Ұлттық қыздар мектебінің» артында кімдер тұр?
Атыраудағы сәләфилік бағыттағы «Ұлттық қыздар мектебінің» артында кімдер тұр?
6,863
оқылды
Бірнеше күннен бері Атырауда сәләфилік бағыттағы «Ұлттық қыздар мектебі» ашылды деген ақпарат талқыланып жатыр. Мәселенің анық-қанығын білмек үшін, өзіміз зерттеу жүргізіп көрдік. Атырау облысы білім беру басқармасынан білгеніміздей, «Ұлттық қыздар мектебі» ​ бүгінде бірде-бір лицензия алмаған. Таралған ақпарат негізінде қазір басқарма мектепке тексеру жүргізіп жатыр. Лицензия болмағанына қарамастан, мектеп әлеуметтік желіде емін-еркін жұмысын жүргізуде. Ыбырай Алтынсариннің қанатты сөздері, қыз тәрбиесі туралы әдемі посттар жазылған мектептің өмірімен инстаграм желісіндегі @qyzdarmektebiatyrau парақшасында танысуға болады. Сырт қарағанда керемет. Тіпті, мектептің директоры Жұмазия Жолмұхановаға хабарласқанымызда, ол «мектеп мемлекеттік стандартқа сай білім береді» деп ақталды. «Оқу ақылы. Бастапқы жарнасы 100 мың теңге. Кейін ай сайын 30 мың теңге төлеп отырады. Мектеп формасы бірыңғай. Жасыл түсті оюлы сарафан. Оны ата-аналар 9000 теңгеден тіктірді» деген ресми түсінікті де алдық. Бірақ, мәселенің бәрі мектеп салынған жердің иесі мен құрылтайшыларында болып отыр. Атырау Бұған дейін «Адырна» сайтына жариялаған материалында блогер Нұргүл Мұқышева мектеп құрылтайшыларының аты-жөнін атап көрсетіп, олардың деструктивті ағым өкілдері екенін жазған болатын. Расымен де, мектептің құрылтайшылары Асан Есбосын мен түрікменстандық Мұрат Розыев болып шықты. Салафизм өкілі Асан Есбосын тіпті «бопсалау» бабымен істі болған. Оның ҚР ҚК 194-бабымен (Бопсалау) сотталып, адвокаттық лицензиясынан айырылғанын деректер растауда. Бізді ойлантып отырғаны, мектепке ​директор болып отырған мұғалімнің сонша жыл еңбек өтілі болғанына қарамастан, қылмыстық іске тартылған адаммен байланысқа түсуі және ол ашқан мектепке басшылық жасауы болып отыр. Және ол мектепке басшылық жасап отырған ​Атыраудың тұрғыны Жұмазия Жолмұхановаға қатысты да әңгіме көп. ​Оның туған інісінің қызы мен күйеу баласы кәмелетке толмаған екі баласымен 2015 жылы Сирияға кетіп қалған. Салафизм ағымын берік ұстанған директордың інісінің күйеу баласы Сирия даласында атылып кеткен. Арада аз уақыт өткеннен кейін әлгінің ​жесір қалған әйелі екінші рет күйеуге шығады. Екінші некелескен күйеуінің аты-жөні, ұлты белгісіз. Дегенмен, сол некеден үшінші бала туады. Арада уақыт өткенде әйел бомбалау кезінде көз жұмған. Сөйтіп, директордың інісінің қызы да, күйеу баласы да жат ағымның жетегінде жүріп, сүйектері Сирияда көмусіз қалды. Бірақ, жетім қалған үш бала «Жусан» операциясымен елге жеткізілді. Екіншіден, дерекөзден білгеніміздей, мектеп ғимараты орналасқан жер – жат ағым өкіліне тиесілі. Және тұрғын үй, яғни, коттедж ретінде рәсімделген ғимарат бүгінде мектепке айналып, бүлдіршін қыздарымызға сабақ беріп жатыр. Үшіншіден, мектепке жиналған контингент негізінен салафизм ағымын ұстанушылардың балалары. Бұл – өте күрделі мәселе. ​ Иә, «Адырнаға» берген жауабында директор ханым Жұмазия Жолмұханова «мектептің сабағына қатысыңыздар, ақпаратты инстаграмдағы парақшамыздан көріңіздер» деген сыңайда хат жазыпты. Және бүлдіршін қыздардың мектепке орамалмен келіп, сабақ барысында оны шешіп қоятындарын да мойындаған. Бірақ, тексеріс келген уақыттағы емес, күнделікті сабақ процесінде мектептің қандай бағытта ілім беріп жатқаны ойлантады.

Кенже СҰЛТАН, Атырау облысы