Елде жыл сайын электр қуатына сұраныс артып барады. Алайда сұранысқа сай өндіріс болмай тұр, қарқын бәсең. Оның үстіне, саладағы инфрақұрылымның көп бөлігі тозған. Мамандар алдағы онжылдықта тапшылық көріне бастауы мүмкін екенін айтады. Сала мұндай тоқырауға қалай ұшырады, мәселені шешудің нендей жолдары бар? Апат саны артты
Осы күні Энергетика министрлігі салада күрмеулі мәселелердің барын жасырмайды. Шамасы, проблема түрлі сылтау айтып, бүркемелеуге келмейтін сыңайлы. 2018 жылы елде «бизнесті дамыту үшін кедергілерді жою реформасы» шеңберінде кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру және кедергілерді жою шарасы жүзеге асырылды. Мамандар қарсы шыққанына қарамастан жұмыс атқарылып, көптеген ведомствоның бақылау-қадағалау функциялары қысқартуға ілігіп кетті. Соның кесірінен Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесіне кіретін электр стансаларының энергетикалық жабдықтарын, 0,4 киловольттан жоғары электр желілерін, қуаты 100 Гкал/сағаттан асатын қазандықтарды, магистралды жылу желілерін пайдалану, олардың техникалық жай-күйіне қатысты талаптардың сақталуына бақылау жүргізу «бақылаудың ерекше тәртібінен» алынып тасталды. Алғашында әсері білінбегенімен, реформа аталған істің зияны кейін айрықша байқалды. Энергетика министрлігі мәлімдеуінше, электр стансалары мен желілерін бақылауды әлсірету кесірінен бүгінде энергетикалық жабдықтардың техникалық ахуалы нашарлап, апаттар, технологиялық ақаулар саны күрт көбейген. Тұтынушылар қуаттан жиі ағытылатын болыпты. Мәселен, 2017-2019 жылдары технологиялық бұзушылықтардың динамикасы тек төмендеумен келген. 2017 жылы электр стансалары мен электр желілерінде 4 294 апат болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 4 030-ды құрап, 6,2 пайызға төмендеген. 2019 жылы 4 010 оқиға тіркеліп, тағы 0,5 пайызға азайыпты. Кейін бақылау әлсіреді, ақыры 2020 жылы электр стансалары мен желілерінде болған апаттар мен заңбұзушылықтар саны 4 619-ға дейін артқан. Ал былтыр бұл көрсеткіш 5 562-ні құрапты. Шамасы, төмендейтін сыңайы жоқ. Мемлекет берген артықшылықтарға, салықтық жеңілдіктерге, тарифтердің тұрақты көтерілуіне қарамастан, электр стансалары үздіксіз тозып жатыр. 2017 жылы инфрақұрылымның 55,4 пайызы тозған санатында болса, биыл 60 пайызға жуықтады. Энергетика министрлігі анықтаған 2019-2021 жылдардағы электр желілерінің тозу динамикасына қарасақ, 2019 жылы көрсеткіш 64,3 пайыз болса, қазір 65,8 пайыз шегіне жеткен.
Ұсыныс ұшпаққа шығара ма?
Бұл тұста электр энергиясын өндіру қарқыны да төмендеп бара жатқанын айтуға болады. 2022 жылдың алғашқы алты айында елімізде 48 108,4 млн кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайызға төмен. Ал елде энергия өндіру ісі қыруар ресурсты рәсуа ету арқылы атқарылады. Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 69 пайызы көмір жағу есебінен қамтамасыз етіледі. Сол себепті де бүгін отандық сарапшылардың бірқатары бізге атом электр стансасы қажет деп есептейді. Онсыз саладағы мәселелерден толық арылу мүмкін емес тәрізді. Энергетика саласының маманы Жақып Хайрушев қазіргі жағдайдың осыған итермелеп отырғанын айтады.
– Қазір электр қуатын өндіруші және таратушы негізгі құралдар әбден тозған. Мұндай жағдайда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші өскен сайын ықтималды апат қаупі де арта түседі. Дегенмен Қазақстанның өз отыны бар, яғни уран. Қазір оның бағасы да тиімді. Мен басқа технологияларды көріп тұрған жоқпын. Ал жаңартылатын энергия көздерін атомның орнына емес, онымен қатар дамыту керек», – дейді ол.
Сонымен, осы бағытпен кете берсек, алдағы он жылда елімізде электр энергиясын таратып, жеткізуде қиындық туындауы мүмкін. Ал Энергетика министрлігі салада мемлекеттік бақылауды күшейтпейінше, іс түзелмейтінін жария еткен. «Қазір электр стансаларының энергетикалық жабдығын және электр желілерін техникалық пайдалануға, олардың техникалық жай-күйіне қатысты талаптардың бұзылуына мемлекеттік бақылауды күшейту аса маңызды. Бұл энергетиктердің, қызмет көрсетуші жұмысшының өміріне қауіп төндіретін, үлкен апатқа, өртке әкеліп соқтыратын, сондай-ақ тұтынушыларды қуаттан ажыратуға әкелетін оқиғаларға жол бермеу үшін қажет», – деп түсініктеме берген.
Қазақстанның энергетикалық активтерінің негізгі бөлігі өткен ХХ ғасырдың ортасында пайдалануға берілген. Олар жыл өткен сайын тез тозып бара жатқаны анық. Оның үстіне, соңғы жылдары электр стансалары мен желілерінің негізгі қорын жаңғырту тиімсіз болып тұр. Айналып келгенде, мұның бәрі экономикаға зиян келтіреді. Өңірлердің, шағын және орта бизнестің, инфрақұрылымның дамуын тежейді. Ақырында әлеуметтік наразылықты үдетуі де ғажап емес. Сондықтан Энергетика министрлігінің электр стансалары мен желілерін мемлекеттік бақылауға алуды ұсынып отырғаны да бекер емес. Қазір тиісті заң жобасы дайындалған. Әйткенмен, министрлік бұл өзгеріс жылдам жүзеге аспайтынын қоса ескертті. Үкіметтің кестесі бойынша, 2023 жылғы 1 тоқсанда «Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті заң жобасы Әділет министрлігінің қарауына енгізіледі. Алдағы жылдың басында заңды Парламенттің қабылдауы өтіп, мемлекеттік тіркеуге қойып, жариялау рәсімі жоспарланған. Заң 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп жарияланды.
Қазақстанда жаңғыратын қуат көздерін қосқанда, барлығы 202 электр стансасы, 143 электр желісін басқаратын компания жұмыс істейді. Бұл компаниялардың иелігінде 415 мың 736 шақырым электр беру желілері, 648 224 трансформаторлық кіші стансалар, 94 881 тарату пункттері, жиынтықты трансформаторлық кіші стансалар бар. Бұдан бөлек, кернеуі 0,4 кВ жоғары электр қондырғыларын пайдалатын 669 207 жеке және заңды тұлғалар тіркелген. Алдағы кезеңде Энергетика министрлігінің ұсынысы орындалар болса, оның барлығы бақылауға алынады.
«Жасыл энергетикадағы» жағдай
Соңғы жылдары елде «жасыл энергетика» тақырыбы жиі көтеріліп жүр. Мемлекет қаржысына бірнеше өңірде жел, күннен қуат алатын стансалар да салынғаны есте. Бірақ тапшылық тыйылар емес, былтыр электр қуатын тұтыну соңғы жылдардағы көрсеткіштерден 6 есе асып түскен екен. Үкімет жасыл энергетиканың үлесін 2025 жылы – 6 пайызға, 2030 жылы – 15 пайызға, 2050 жылы – 50 пайызға, ал 2060 жылы 80 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Бірақ қазіргі қарқынға қарап, бұл жоспардың орындала қоятынына сену қиын. Былтыр елімізде балама қуат көзін өндіретін 134 нысан тіркелген. Оның ішінде 40 жел стансасы, 49 күн стансасы, 40 гидроэлектр стансасы, 5 биоэлектр стансасы бар. Олардың барлығы 2010 мВт қуат өндірген. Биыл Энергетика министрлігі 2025 жылға дейін жалпы қуаттылығы 1 100 гигаватт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 59 жобасы пайдалануға берілетінін мәлім еткен. Қуаттылығы 170 мВт болатын су-электр стансасы, 960 мВт болатын жел-электр стансасы және 277 мВт болатын күн-электр стансасы жобаланған. Ведомство осы қарқынмен 2025 жылға қарай жаңартылатын энергия нысандарының жеңілдік қуаты шамамен 3 000 мегаватты құрайды деп жоспарлаған. Алайда жоспар орындалған күннің өзінде ол жалпы электр энергиясы генерациясының бар болғаны 6 пайыз үлесін құрайды. Елімізде толыққанды «жасыл энергетикаға» көшу үшін шамамен жарты ғасырдан астам уақыт қажет. Ал тапшылық бұл ұзақ процесті күтіп отырмайтыны айтпаса да белгілі. Сондықтан мемлекет мәселені тек «жасыл энергетика» арқылы шеше алмайды.